Елордада Республика күні және Балалар жылына орай мүмкіндігі шектеулі балалардың иппотерапиямен айналысуы үшін «Арғымақ» ат-спорттық сауықтыру кешені ашылды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Президент олардың әл-ауқаты мемлекеттің табысты болашағының сенімді кепілі екенін айрықша атап өтті. Бүгінде елордада 7,1 мыңнан астам мүгедектігі бар бала тіркелген, олардың мыңға жуығы денсаулығы бойынша және диагнозына сәйкес иппотерапиямен айналысуы қажет.
Астана қаласы әкімдігінің хабарлауынша, ат спорты-сауықтыру кешенінде балалар үйретілген жылқылардың көмегімен ат спортымен шұғылданып, жарыстарға қатыса алады. Иппотерапия сабақтары балалар, оның ішінде ерекше күтімді қажет ететін балдырғандардың денсаулығын нығайтып, психоэмоционалды жағдайын жақсартатын пайдалы іс-шараларға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Иппотерапия дегеніміз – үйретілген атпен жүру арқылы оңалту әдісі. Иппотерапияның бірегейлігі балалардың психикасына әсер етудің денеге арналған әдістерінің үйлесімінде жатыр. Емдік мақсатта атпен жүру баланың денесіне биохимиялық әсер етеді, оны нығайтады. Ол шабандозға баланың жүру қимылына ұқсас мотор импульстарын береді.
ERG компаниясының қолдауымен жүзеге асырылған бұл жоба қала тұрғындары үшін бірегей және маңызы зор орталық. Иппотерапия орталығы 2023 жылдың көктемінен бастап толық жұмыс істейтін болады. Онда халықаралық жарыстар өтіп, қаладағы балалар мен жасөспірімдер спортын дамытатын шаралар жүйелі түрде өткізілмек.
«Елордамыздағы «Арғымақ» ат-сауықтыру кешеннің негізгі міндеті – ерекше балалармен иппотерапия сабақтарын өткізу. Биыл – Балалар жылы. Елордадағы балаларға сый ретінде осындай орталық ашылды. Кешен халықаралық стандарттарға толық сай келеді және келесі жылдан бастап жұмысын толық бастайды. Мұнда өтетін халықаралық жарыстарға балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектептері де қатысады», – деді Ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Аманжол Хасенов.
Жаңа ат спорты кешенінің алаңында республикалық және халықаралық деңгейдегі түрлі турнир мен іс-шаралар өткізілмек, сәйкесінше елордадағы балалар мен жасөспірімдер спортының дамуына ықпал ететін болады.