Парламент Мәжілісінің ұйымдастыруымен Астана қаласында шағын футболда БАҚ өкілдері арасында республикалық турнир өтті. Жарыс Республика күніне арналды.
Айта кету керек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайдың бірінші отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған болатын.
Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары, Ақпарат және қоғамдық даму, Мәдениет және спорт министрліктерінің басшылары, сонымен қатар Астана қаласы әкімдігінің өкілдері қатысты.
Республикалық турнирді Мәжіліс төрағасының орынбасары П. Казанцев ашып берді. Вице-спикер жарысқа қатысушыларды Республика күнімен құттықтап, мұндай турнирдің алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын айтып, сәттілік пен жеңіс тіледі.
– Республика күні мерекесінің әрбір қазақстандық үшін маңызы ерекше. Бұл күн ел егемендігінің бастауы болды. Бүгін осы мерекеге орай жарыс өткізіп отырмыз. Депутаттар корпусы мен журналистер халықтың мәселесін бірге көтеретін, күнделікті өмірде белсенді жұмыс істейтін одақтастар, – деді вице-спикер.
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Д.Қыдырәлі сөз сөйлеп, Республика күні қарсаңында ұйымдастырылып жатқан іс-шараның маңыздылығына тоқталды.
– Арайлы азаттығымыздың, тұғырлы тәуелсіздігіміздің символы болған Республика күнімен құттықтаймын. Осындай ұлы мереке қарсаңында турнирді ұйымдастыруға бастамашылық жасаған Мәжіліске, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановқа алғыс білдіремін. Біз журналистер қауымы жарыса отырып, жарасамыз. Доп таластыра отырып, табысамыз. Бүгінгі турнир достықтың белгісі болады, – деді Д.Қыдырәлі.
Республикалық турнирге Атырау, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Жетісу облыстары мен Астанадан келген 20-дан астам журналистер командасы, сондай-ақ Мәжіліс депутаттары мен қызметкерлері қатысты.
Турнирдің нәтижесі бойынша 1 орынды – «Хабар» телеарнасы, 2 орынды – «Шығыс Қазақстан» құрамасы, 3 орынды – «Қазмедиа орталығы» иеленді.
Ал арнайы номинациялармен: «Үздік қақпашы» – Марат Бекенбаев («Қызылжар»), «Үздік қорғаушы» – Асқар Шөмшеков («Павлодар»), «Үздік шабуылшы» – Равиль Ашықғалиев («Атырау ақпарат»), «Үздік сұрмерген» – Нұрбол Тұрсынбаев («Қазмедиа орталығы»), «Үздік ойыншы» – Әділбек Жақанов («Хабар»), Марат Оспанов атындағы жүлде – Есболат Айдабосын («Қарекет-Талдықорған») марапатталды.
Турнир елордамыздың «Астана-Арена» стадионында өтті.