Көптен күткен қуаныш
Көптен күткен қуаныш
1,699
оқылды
Бақыттың бастауы – баспана. Олай дейтініміз, Отан отбасынан басталатыны сияқты, отбасы болу­дың шарты – өз үйің – өлең төсе­гі­ң­нің болуы. Жақында ғана елорда қаласының тұрғын үй кезегінде тұрғандар көптен күткен қуаныш­тарына қол жеткізіп, өз пәтерінің кілтін қолдарына алды. Мерейлі мереке – Республика күніне орай Астана әкімі Алтай Көлгінов пен Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова баспана кезегінде тұрғандарға көптен күткен баспана кілтін табыс етті. Жаңа қоныстанушылар арасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, толық емес отбасылар, мүгедектер, жетім балалар, зейнеткерлер, көпбалалы отбасылар, бюджеттік ұйымдар­дың қызметкерлері секілді әлеуметтік топтағы адамдар бар. Елорда тұрғындарына пәтерлер «Нұрлы жер» бағдарламасы («Шаңырақ» мемлекеттік бағдарламасы) бо­йынша берілді. Ал бұл тұрғын үй бағдар­ламасын Астана әкімдігі Отбасы банкімен бірлесіп іске асырып отырғанын айта кету керек. Тұрғындарды қоныс тойымен құттық­таған шаһар басшысы: «Республика күнімен және көптен күткен қоныс тойымен құт­тықтаймын! Үйлеріңіз құрылысы қарқынды жүріп жатқан жаңа аудан – Жағалау шағын ауданы, Е-20 көшесінде орналасқан. Мұнда біз жақында 4 мың оқушыға арналған 2 ауысымды мектеп аштық, сондай-ақ өзге де әлеуметтік нысандар бар. Көктемде біз ауданды абаттандыруды жалғастырамыз, әлеуметтік нысандар саламыз», – деген сүйінші хабарымен де бөлісті. Сонымен бірге ол мемлекет тұрғын үй мәселесіне ерекше назар аударып отырғанын жеткізді. Бұл орайда әкімдік жыл сайын қолжетімді тұр­ғын үй салуды маңызды міндет етіп отыр. Мысалы, 2018 жылы 1 800 әлеуметтік пәтер қолданысқа берілсе, 2019 жылы дәл осындай 2 900 пәтердің құрылысы аяқталыпты. Ал соңғы екі жылда қала әкімдігі 17 мыңға жуық әлеуметтік пәтердің кілтін табыс еткен. Сонымен қатар, тұрғын үй бағдарламаларына қатысушылар санаты да кеңейтіліп, тұрғын үй сертификатының сомасы 1 миллионнан 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайыпты.
Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләз­зат Ибрагимова бас қаладан баспаналы бол­ған тұрғындарды құттықтап, жаңа баспана жақ­сылыққа толы болуын тіледі. «Жаңа пәтерлерде елордалықтар ұрпақ тәрбиелеп, алдағы өмірлеріне жоспар құрып, қонақ күтетін болады. Баспана кілтін табыс­тау ұлттық мерекеге сәйкес келгені мерекенің маңызын арттыра түседі. Мемлекет өз аза­мат­тарының баспана мәселесін шешуге ерек­ше көңіл бөлетіні маңызды. Тек «Шаңы­рақ» бағдарламасы аясында екі жыл ішінде біз 16 722 қазақстандыққа жеке тұрғын үй сатып алуға көмектестік, оның ішінде Ас­тана­да 4 363 адам қоныс тойын атап өтті. Жақында отбасы банкі мемлекеттік бағдар­ламалар аясында азаматтарға кредит беруді жалғастыру үшін 49,9 млрд теңге көлемінде қаражат түсуін күтіп отыр», – деп атап өтті басқарма төрағасы.
Жыл басынан бері шаһарда барлығы 19 335 осындай несие берілген. Сондай-ақ күн сайын елорданың 80-ге жуық тұрғыны өз пәтерін немесе үйін Отбасы банкі арқылы сатып алу үшін несие алады екен. Сол секілді күн сайын 100-130 адам жылжымайтын мүлікті одан әрі сатып алу үшін жаңа депозиттер ашады. Сонда жыл басынан бері Отбасы Банкі 67 390 қазақстандықтың қоныс тойын атап өтуіне көмектесіп, өз үйі – өлең төсегіне қол жеткізуге мүмкіндік берген. Ал әкімдік тұрғын үй құрылысының қарқынын күшейтіп, баспанаға қолжетімділікті арт­тырып келеді.