Ғабит Тәжімұратов: Қандай қиын кезең болса да халықтың қамы бірінші орында тұруы керек
Ғабит Тәжімұратов: Қандай қиын кезең болса да халықтың қамы бірінші орында тұруы керек
581
оқылды
Халық қалаулылары қашанда халық игілігі үшін еңбек етеді. Яғни, халық мүддесін ойлап, солардың сөзін сөйлеп, билік пен халық арасын байланыстыратын көпір, бір сөзбен айтқанда, екіарадағы дәнекерге айналды. Сол себепті де олар  әртүрлі мәселелермен келген қаншама адамды қабылдап, толғандырып жүрген проблемаларын шешудің жолын іздестіріп, қолқамыс етеді. Міне, осындай іс-шаралардың ортасында жүрген «АMANAT» партиясы атынан Астана қаласының мәслихат депутаты  Ғабит Тәжімұратовпен аз-кем сұхбаттасудың орайы келді.Ғабит Қалиұлы, ең алдымен өзіңіздің еңбек жолыңызды қалай бастадыңыз? – Барлық замандасым секілді мен де еңбек жолымды студенттік кезден бастадым. 90-жылдардың басында еліміз егемендігін енді алып, төл теңгеміз шығып, қоғам бір формациядан екіншісіне ауысып, аласапыран уақытта Ресейде едім. Мектепті алтын белгіге бітіріп, Мәскеудің Азаматтық авиация мемлекеттік техникалық университетінде «инженер-механик» мамандығына түстім. Сонда құр жүрмей түрлі мекемеде жұмысшы, күзетші, көше тазалуашы сияқты жұмыстарды істедім. Кейін 2000 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін «құқықтану» біліктілігі бойынша тәмамдап, 2018 жылы «IBS Astana» және «EU» Халықаралық бизнес мектебінде білім алдым. Білім алған уақыттан азаматтық авиация саласында еңбек етіп келемін. Атап айтсам, Мемлекеттік авиациялық регистрінде әуекемелерін пайдаланушыларын сертификаттау бөлімінің жетекші сарапшысы, «Қазавиасертификация» ЖАҚ-да бас сарапшы, бөлім басшысы, елордада Көлік және коммуникация министрлігінің Заң департаментінде бас маманы болғанмын (Қазақстанның әуе саласын реттеудегі алғашқы заң жобасын дайындауда белсенді қатыстым).  Азаматтық авиация комитетінің әуе компаниялар қызметін реттеу бөлімінде қызмет атқардым, ҚР Президентінің Іс басқармасы ресми іс-шаралар және сыртқы байланыстар бөлімінің көліктік қамтамасыз ету секторының меңгерушісі, Airport Management Group ЖШС Бас директорының орынбасары сияқты қызметтерді атқардым. Ғабит Тәжімұратов –  Сіз Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының басқарма төрағалығына тағайындалғанда елімізде пандемия өршіп тұрған еді. Халықаралық қатынастар үзіліп, тіпті ішкі рейстердің өзіне тыйым салынып жатты. Соның салдары кәсіпорынның жұмысына залалын тигізді ме? Тисе де, қаншалықты болды? – Негізі, бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының басқарушы директоры, басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған едім. Кейіннен, 2019 жылдың желтоқсан айында басқарма төрағасы болып тағайындалып, 2022 жылдың қыркүйек айына дейін атқардым. Әрине, бұл маған деген үлкен сенім еді. Сол кезде авиация тарихында болмаған үлкен қиындықтар қатар келіп, бүкіләлемдік пандемия жарияланып, ұшақтардың ұшуы тоқтатылды. Онымен қоса сол жылы қыс қарлы, боранды болды. Тиісінше, әуежайдың да қарқынды жұмысы бәсеңдеп қалды. Соған қарамастан көптеген шығынды барынша қысқартып, жолаушылар ағыны тоқтап қалса да жүк тасымалымен айналысатын авиакомпаниялармен келісімшарттар жасасып, әуежайдың жұмысын тоқтатпауға тырыстық. Әуежай аумағындағы көптеген кәсіпорынға түрлі жеңілдік  жасап, салықтан босаттық. Дегенмен сол кездегі ішкі қиындықтарды бірі білсе, бірі біле бермейді. Соны еңсеріп шыққанымыз басшылық құрамның тапқырлығы мен әуежай ұжымының бірлігі және іскерлігінің арқасы. Әуежай пандемия кезінде қызметкерлер санын қысқартпаған бірден-бір кәсіпорын. Басқарған жылдары елорда  әуежайын табысқа шығарып, әуежайдың 2050 жылға дейін жобасын дайындадық. Жетістігіміздің бірі, осы жылдың маусым айында Париж төрінде «SKYTRAX» жүлдесінің «Орталық Азиядаға және Тәуелсіз мемлекеттер достастығындағы Үздік Әуежай» номинациясын жеңіп алдық. Бүгінде де бұл саладан алыстамадым, Азаматтық авиация ассоциациясының президенті ретінде республикамыздағы әуежайларды бір қауымдастыққа біріктірдік. Ғабит Тәжімұратов2021 жылдың қаңтарында «АMANAT» партиясы атынан Астана қалалық мәслихатына депутат болып сайландыңыз. Мәслихаттағы қоғамдық қызметіңізді қалай көресіз? – Дұрыс айтасыз, халықтың мұң-мұқтажын жеткізу – басты парызымыз. Сондықтан қоғамдық, әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тікелей де, жанама түрде  болса да барынша атсалысып, үн қату үшін халық аманатын орындау мойнымызда. Жалпы, депутат – халықтың үнін билікке жеткізуші. Билік пен халық арасындағы дәнекер. Оның үстіне, мәслихаттың Құрылыс, экология, көлік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия мүшесімін. Қазақстан Республикасының Салық кодексіне сәйкес, Астана қаласы мәслихатының қарауына енгізілетін құрылыс, қаланың бас құрылысы, қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану, мемлекеттік тұрғын үй қорын пайдалану, халыққа көліктік, сауда және тұрғын үй-коммуналдық қызмет көрсету мәселелері, төлемақы мөлшерлемелерінің жобалары бойынша қорытындыларды қараймыз. Жер заңнамасына сәйкес жеңілдіктер белгілеу, жер қатынастарын реттеу жөнінде ұсыныстар енгіземіз. Жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау, Астана қаласының аумағын абаттандыру мәселелері бойынша қағидаларды және бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген басқа да міндетті қағидаларды әзірлеуге қатысады. – Бүгінгі қоғамда жергілікті мәслихаттардың рөлі қандай және  жетінші шақырылымның екі жылына қандай қорытынды баға берер едіңіз? – Баға беретін – халық! Біздің міндет – халыққа қызмет! Дегенмен мәслихатты  жергілікті өзін-өзі басқарудың  негізі деп айта аламын. Депутат болу ол тек халық қалаулысы деген атақ емес, ол елге деген құрмет, білім мен тәжірибе, іскерлік қабілетпен келетін абырой. Біздің күнделікті өмірімізде жетістіктермен қатар, толық шешімін таба алмай жатқан мәселе аз емес. Сондықтан әлеуметтік мәселелер, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыссыздықты жою  жайы халық қалаулыларының үнемі басты назарында. Бұл міндеттерді абыроймен атқару – депутаттың парызы, міндеті. Билік тармақтарының алдында тұрған ең басты мақсат – мемлекетімізді одан әрі нығайту. Ғабит ТәжімұратовЕлордада шешімі кезек күттірмейтін ең көкейкесті мәселе деп нені көрсетер едіңіз? – Баршамыз көзбен көріп, айтып жүрген шешімін таппаған қоғамдық, әлеуметтік  мәселелер жетіп артылады. Айта кетсек, көлік кептелісі, жаңбыр суы ағып кететін құбырлар жүйесінің жоқтығы, мектеп санының жетіспеушілігі және жол мәселесі. Депутаттар құрамы өзекті мәселелерді тиісті органдарға жеткізіп, барыншы тез шешілуін қадағалауда. Қаламызға туристер көп келетіндіктен, жеңіл рельсті көлік (ЛРТ) жолы құрылысының тезірек аяқталуын тұрғындар да үнемі талап етеді. – Мәслихаттағы сіз жауапты учаске қаланың шеткі аймақтарына жатады. Жұмыс барысында түйткілді мәселелері көп кездеседі деп қорықпадыңыз ба?   – Жұмыстың оңайы жоқ. Оның үстіне, осы қызметіме қолдан келгенше халықтың бір жоғын тауып беруге тырысайын деп келгендіктен, еш қиындық қорқытпады. Маған Астана қаласының қалалық мәслихат депутаты ретінде жұртшылықпен тығыз қарым-қатынаста болып, тікелей жұмыс істеу үшін «Пригородный» тұрғын алабы бекітілді. Бұл ауданда әуежайға еңбегі сіңген біршама ардагерлер тұрады. Сондықтан да болар осы аудан басқалардан ыстық көрінеді. Авиация саласының мамандары аз болғандықтан, ардагерлерімізді ардақтаймыз. Бос уақытымда ауданды жиі аралап, тыныс-тіршілігімен танысып, тұрғындардың шағымын шешуге тырысамын. Әрине, тұрғындар тарапынан да қолдау аз емес. Бастаған әр ісіме ықылас білдіріп, жігерлендіріп отырады. Қысқасы, тұрғындармен тығыз байланыстамыз. Болашақта ауданның әл-ауқатын одан сайын жақсартып, қаламыздың көрікті жеріне айналдырсақ деген ойдамыз. Ғабит ТәжімұратовТұрғындарды қандай мәселелер толғандырады? Елді мекеннің өзіне ғана тән проблемалары бар ма? Әлде астананың шеткі аймақтарының бәрінің проблемалары ортақ па? – Әр өңірдің өз мәселесі бар. Мәселен, «Пригородный» тұрғын алабы тұрғындары көбіне ауызсу, жарықтандыру және жол мәселелерін көтереді. Көпқабатты үйлерде жағдай жасалғанымен, жерүйлерде тұратын тұрғындардың шағымдары жетерлік. Қалалық мәслихаттың депутаты болып сайланғаннан бастап ауданның ішкі проблемаларымен толық танысып, шешу үстіндеміз. Тұрғын алқаптың бірнеше көшелеріне әуежайдың мүмкіндігін пайдаланып асфальт төсеп, жарық жүйелерін ретке келтірдік. Түрлі ауа райы жағдайларына дайын еместігін жеткізетін тұрғындар өте көп. Қазір ең өзекті мәселе – жарықтандыру мен жол мәселесі. Төтенше жағдайдағы үйлер, мектеп тапшылығы, автобустардың жетіспеуі, қоқыс мәселесі бірінші орында тұр. – Жұрттың мәселесін барынша шешуге тырысамыз. әр жерде жақсылық шарапатын жасап жүргенмен, жоғының бәрін түгендеуіңіз мүмкін емес. сіз депутат болғалы «Пригородный» ықшамауданында қандай проблемалар шешімін тапты? «Пригородный» ықшамауданының өзекті мәселелері маған етене таныс. Өйткені мен Астана әуежайының басшысы бола тұра, депутат болмай тұрып, өзекті мәселелерді жақсы білетінмін. Тұрғындар тарапынан ең көп көтерілетін мәселе – көшелерді асфальттау. Тұрғындардың басым бөлігі инженерлік инфрақұрылым жүйесі жүргізілмей тұрып алынған жер учаскелеріне үй салып алған. Көп жылдан бері жол зардабын шегіп келген халықтың мұң-мұқтажын қала әкімшілігіне жеткізіп, кезең-кезеңімен шешуге уәде еттік. Екі жылда біраз депутаттық сауалдар жолданды, кездесулер өткізілді. Су, жол, асфальт, жарық секілді  мәселелерді қала билігіне жеткіздік. Соның арқасында сол ауданның 12 көшесі жөнделіп, 60 шақты үй мен 100-ге жуық адамның мәселесі шешілді. 500-ге жуық адамды қамтитын ірі үш көшеге ауызсу тартылды. Алты көшенің бойына трансформатор орнатылып, 2 мыңға жуық тұрғын жарықпен қамтылды. Астана қаласы мәслихатының жетінші сайланымының депутаттары 2022 жылда біраз жұмыс атқарды. Мәслихат сессиясының қарауына енгізілетін мәселелерді майшаммен қарадық деп айтсам артық болмас. Мысалы, Астана қаласының 2023-2025 жылдарға арналған бюджетінің жобасын талқыладық. Барлық жобалар бюджетке келіп тірлетіні анық қой. Ғабит ТәжімұратовСайланып алып, сайлаушыларын сол күйі танымай кететін депутаттар бар. Сіз халқыңызбен қаншалықты жақынсыз? – Депутат – халықтың биліктегі сенімді өкілі. Ел басқарудың өкілді органына сайлана отырып, депутаттар өздеріне артылған сенім жүгінің зор екенін әрдайым  естен шығармайды. Бүгінде біз халықтың игілігі жолында биліктің өзге буындарымен ынтымақтастықта, бүтін бір құрылым ретінде халыққа қызмет етіп келеміз. Бұл ретте мәслихат одан әрі шыңдалуыма және халықпен етене жұмыс істеудегі тәжірибемнің артуына үлес қосты деп айта аламын. Қазір халықтың талап-тілегі қаншалықты өзгерсе, депутаттардың жауапкершілік жүгі соншалықты артты. Сондықтан өз округымның тұрғындарымен кездесіп, толғандырып жүрген мәселелерінің шешімін табуға барынша атсалысып жүрмін. Сайлаушы мен депутат арасындағы байланыс қоғамдық қабылдаулар арқылы орнайтыны белгілі. Мысалы, сондай қоғамдық қабылдаудың нәтижесінде, екі отбасының балалары мектеп қажеттіліктерімен қамтамасыз етілді. Балалар лагеріндегі төрт бірдей отбасының балалары азық-түлік кәрзеңкесімен қамтылды. Тағы отбасы азық-түлік кәрзеңкесімен бірге 4 тонна көмірге дейін берілді. – Жалпы, арыз-шағым айтып келушілер көп пе? Жеке қабылдауыңызға сұранатындар болатын шығар? «Халық қалаулысы» деген жауапкершілігі мол қызметіңізде елдің жүгін арқалау сіз үшін қаншалықты жауапты? – Халықтың әңгімесін айтамын, өзекті мәселесін жеткіземін деген әрбір азаматқа есігім қашанда ашық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомат Тоқаев «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғаны баршамызға мәлім. Осы тұжырымдама аясында қабылдауымда болған әрбір азаматтың сұрағына жауап табуға тырысамын. Осыған дейін де көптеген азаматты қабылдап, проблемаларын шешіп бердік. Жұмысқа орналасу мәселесімен келген біраз азаматты жұмысқа орналастырдық. Сондай-ақ жаңа оқу жылы басталар кезде балалар үйін мектепке керекті жабдықтармен және қазіргі заман талабына сай ноутбукпен қамтамасыз еттік. Жеке қабылдауымда болған бірнеше азамат пен азаматшалардың жеке басының проблемаларын да шешіп бердік. Халықтың жүгін арқалау –  әрбір азаматтың парызы. Еліміздің барлық перзенті осы ұстаныммен жүрсе, мемлекетіміздің тұғыры әрдайым биік болмақ. Азаматтардың, халықтың барлық өтініш-тілектерін жедел түрде әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – барлығымзға ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады. Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет. Иә, осы тұжырымдаманың арқасында билік пен қоғамның арасындағы алшақтық, мемлекеттік органдар мен қарапайым азаматтардың арасындағы қарым-қатынас бір жүйеге келіп, еліміздің әрбір азаматының үнін еститін мемлекеттік аппарат қалыптасады деген сенімдеміз.