"AMANAT" партиясы Шымкент қалалық филиалының партиялық бақылау комиссиясының мүшелері мегаполистегі аяқталған және салынып жатқан білім беру мекемелеріне зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Білім ұяларының құрылысы назарда
604
оқылды

Алдымен құрылысы жүріп жатқан  М.Х.Дулати атындағы №8 мектеп-гимназиясында болған комиссия мүшелері қосымша салынып жатқан оқу ғимараттарының құрылыс жұмыстарына бақылау жүргізді. Оқушыларға үш тілде білім беретін №8 мектеп-гимназиясы  Шымкент қаласындағы ең көне мектептердің бірі. Ал жаңа ғимарат  1 100 оқушыға лайықталып салынуда. Жобада қаралған 250 орындық АКТ залы, спортзал, 30 мыңға жуық кітап қоры бар кітапхана мен 320 орындық асхана жоспарланған.  Жаңа нысан жоспар бойынша биылғы оқу жылында оқушыларға есігін айқара ашпақ. 

Ал Н.Оңдасынов атындағы №38 гимназияның қосымша ғимараты салынып бітіпті. 375 орындық нысан екі жылда бой көтеріп, балалар екі ауысымда білім алуға көшкен.

Партиялық бақылау комиссиясы аталған білім ұяларының құрылысы басталғаннан бақылауға алып, бірнеше рет тексерген. Бекітілген өндірістік жұмыс кестесі уақытынан кешіккені үшін айыппұлдар салынып, жауапты тұлғаларға олқылықтарды реттеу үшін тапсырмалар да берген. Қазір  болған барлық олқылықтар жойылып, құрылыс қарқынмен жүргізіліп жатқанына көз жеткізді.

Еске сала кетейік, Шымкентте 2023-2027 жылдар аралығында 50 мектептің құрылысы жүргізілмек. Оның 25-і  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынады.  Білім ұялары пайдалануға берілгенге дейін мектепке баратын жолдар,   қоғамдық көлік бағыттары мен  орамішілік жарықтандыру мәселелері де толығымен шешілуі тиіс. Нәтижесінде, оқушы орындарының тапшылығы, үш ауысымды мектептер түбегейлі жойылып, ескірген мектептердің саны азайып жатыр. Бұл туралы Шымкент қалалық Білім басқармасының басшысы Ж.Тәжиева атап өтті.

Ал осынау қарастырылған жобалардың сапалы жүзеге асуы партия бақылауында болады. Сайлауалды бағдарлама аясында бой көтеріп жатқан құрылыс нысандарына партиялық бекеттер қойылып, нысанның уақытылы, әрі сапалы орындалуы жолында партиялық бақылау комиссиясы мониторинг жүргізіп отырады.

Білім ордаларына қалалық мәслихат депутаттары Төрайым Сұлтанова, Бөкейхан Әбішев, Абзал Зейгетаев, қалалық партиялық бақылау комиссия төрағасының орынбасары Қуанышбек Бауыржан, қалалық филиал атқарушы хатшысының орынбасары Ерлан Айтбаев, әл-Фараби және Еңбекші аудандық филиалының атқарушы хатшылары Арай Есенбек, Гүлжайна Жартыбекова,  саяси бөлім басшысы Ербол Байқонысов, комиссия мүшелері, құрылыс басқармасының өкілдері де қатысты.

Н.НАЗАРБЕК,

Шымкент қаласы