Шарада денсаулық сақтау, білім беру, құрылыс, қызмет көрсету секілді өмірлік маңызды салалардан бос жұмыс орындарын табуға болады. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының қызметкері Олжас Хамитовтің айтуынша, Esil University-мен бірлесіп «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы, халықты жұмыспен қамту орталығымен бірге жастар үшін кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізген. Бұл жолы 50 компания 500-ге жуық жұмыс орнын ұсынған. Олардың қатарында мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша департаменті, банктер және басқа да мекемелер бар.
Сондай-ақ Esil University жәрмеңкесінде жұмыс тапқысы келетіндер көп болды. Өйткені мұнда бірнеше жұмыс берушімен сұхбаттасу мүмкіндігі жасалды. Университет өкілі Бекаршын Жұманова мұндай шара жастардың өмір жолында жақсы қызмет тауып, ары қарай маман болып қалыптасуына жағдай жасауға арналған таптырмас орын екенін алға тартып отыр. Себебі жастар өзінің қарым-қабілетін көрсетіп, жүрегі қалайтын жұмыс орнын табуына септігін тигізу үшін бірнеше таңдау жасауына жәрмеңкеде толығымен жағдай жасалған.
– Біз – өз шығармашылығы арқылы тың ойлары, идеялары бар жас студенттерді іздейтін компаниямыз. Бізде тұрақты жалақы, ресми жұмысқа орналасу, карьералық өсу, тату ұжым бар. Студенттер бізге түйіндемелерін береді, біз олармен байланыс орнатамыз, олар бізге өндірістік практикаға немесе жұмысқа орналасуға келе алады, – деп атап өтті персонал жөніндегі менеджер Қымбат Сүлейменова.
Жәрмеңкеге келушілердің де ұйымдастырушыларға айтар алғысы шексіз. Мәселен, елордалық студент Теміртас Шаймерден жәрмеңкеге келген көптеген компаниялардың ұсынып отырған бос жұмыс орындарымен танысудың мүмкіндігі туғанына дән риза.
– Кез келген компанияда іс тәжірибеден өтіп, ары қарай тұрақты жұмысқа тұруға да болады екен, – дейді ол.
Ал Фариза Ділімбетова бір жылдан кейін диплом алады. Бірақ қазірдің өзінде тәжірибе жинау үшін жұмыс іздеп жүр. Тәжірибесіз жұмысқа орналасу қиындығын білетін ол да студент үшін мұндай іс-шаралар жақсы жұмыс орнын табудың тамаша мүмкіндігі боларын айтып отыр.
Айта кету керек, былтыр осындай жәрмеңкенің арқасында 250-ден астам адам жұмысқа орналасыпты. Оның ішінде 160-тан астам жұмыс беруші мен 2,5 мыңға жуық жас қатысса, барлығы 1800-ден астам бос жұмыс орны берілді. Сондықтан Астанада бос жұмыс орындары жәрмеңкесін тоқсан сайын тұрақты ұйымдастырудың маңызы зор.
Ж.МҮСІЛІМ