Пайдасы мол болғанымен, дендеп көңіл бөлінбегенге ұқсайды. Ескірген технологияны «ескек» етіп жүрген өнеркәсіпке қолдау керек-ақ.
Барлығы барлаудан басталады
Ең алдымен тау-кен өнеркәсібі ел экономикасын дамытуға атсалысып қана қоймай, 273 мың адамды жұмыспен қамтып отырғанын айта кеткен жөн. Сондықтан саланың мемлекет үшін маңызы зор.
Жалпы, тау-кен металлургия өнеркәсібінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 17,5 пайыз шамасында, экспорт құны 10,5 млрд долларға жуықтайды. 2021 жылы мемлекеттік бюджетке салық түсімдері 25 пайызға өсіпті. Себебі әлемдік шикізат нарығындағы бағалар біршама өскен болатын. Алайда былтыр тау-кен өнеркәсібіне шетелдік инвестицияның 11,7 пайызға артуына қарамастан, сектордағы өсім қайта төмендеді. Жоғарыда айтқанымыздай, халықаралық нарық қанша құбылғанымен, салада жаңа техника жоқтың қасы, көбі – кеңес дәуірінен қалған, әбден тозған технологиялар, оның үстіне басқару тәжірибесінде қиындықтар бар.
Бұл жайттардан құзырлы органдар да хабарсыз емес, мәселені ашып айтудан қашпайды. Сөйте тұра, күрделі мәселелер бүгін-ертең шешіле қоймасы тағы анық. Ендеше, қазынаны қампайтып отырған саланың үдерісіне көңіл толмастық қашанға дейін созылары белгісіз. Жер қойнауын игеру мен аса маңызды пайдалы қазбалардың өндірісін дамытуға қатысты өзекті мәселелер көтерілуде. Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Иран Шарханның айтуынша, пайдалы қазбалардың қоры жағынан еліміз үздік мемлекеттердің қатарында. 2017 жылы жүргізілген құқықтық реформа арқылы геологиялық барлауға жеке инвестицияларды тартуға жол ашылыпты.
«Қабылданған шаралардың нәтижесінде 700-ден астам отандық юниор компания құрылып, сондай-ақ республикаға әлемдік нарықтың ірі ойыншылары тартылды. Қазір белгіленген учаскелерде зерттеу жұмыстарын нығайтып, геологиялық мәлімет алудың перспективаларын айқындау үшін мемлекеттік бюджеттің есебінен жер қойнауына мемлекеттік геологиялық зерттеу жүргізіліп жатыр», – дейді ол.
Зерттеу демекші, еліміз расында пайдалы қазбаларға бай болғанымен, игерілмей жатқаны жетерлік. Соның бәрі, түптеп келгенде, салада жүйелі зерттеудің аздығын көрсетеді. Енді кеш те болса Геология комитеті 2027 жылға дейін белгіленген отандық геология саласын дамыту тұжырымдамасын іске асыруда.
«Қазақстанда геологиялық зерттеу мен барлау жұмыстарын күшейту үшін жүйелі шараларды қабылдауға тура келді. Осы бағыттағы өзекті мәселелерді шешудің тетіктері Геология саласын дамытудың 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасында айқындалған. Маңызды құжаттың негізгі мақсаты – пайдалы қазбаларды барлау ісіне инвестиция тарту үшін қолайлы жағдай жасау», – деп мәлімдеген комитет.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекс қабылданғаннан бері Қазақстан 2023 жылдың 27 наурызы мен 1 қыркүйегі аралығындағы мемлекеттік жер қойнауы қорын басқару бағдарламасына шамамен 1,6 миллион шаршы шақырым аумақты енгізген.
Ендігі мәселе – ескі технология. Қазақстан Үкіметінің бағалауынша, цифрлы технологияның жұмыс істеуі 25 млрд доллар пайда әкелуі мүмкін. Соның 9 миллиарды тау-кен секторынан алынбақ. Алайда елде 2017 жылы өткізілген талдау деңгейіне қарасақ, жағдай мәз емес. Себебі көптеген тау-кен байыту және металлургиялық комбинаттар Кеңес заманында тұрғызылған, тиімділік пен өндіріс қауіпсіздігі бойынша талаптарға сай емес. Тау-кен кәсіпорындарының жартысынан астамы әлі 2.0 Индустрия кезеңінде, толық автоматтандырылмаған. Сала бойынша сарапшы Артур Поляковтың айтуынша, елде қатты қазба байлықтың түр-түрі бар, бірақ соны іздестіру, барлау жұмыстары кенжелеген. Шикізат потенциалын айта келе тоқтайтын бір байлам – жер қойнауын пайдалану саласында жаңа саясат енгізу қажет.
«Жаңа саясат енгізгенде ғана тәуір экономикалық нәтижеге қол жеткізіп қоймай, жаңа зауыт салуға дайын шетелдік ірі компаниялар үшін перспективалы болып көрінуге болар еді», – дейді ол.
Көмір өңдеуге де көңіл бөлу керек
Жалпы, тау-кен өнеркәсібін айтқан тұста көмір өңдеуді де назардан тыс қалдыра алмаймыз. Қазір көгілдір отынмен қамту үлесі артуда, балама қуат көздері дами бастады. Соның нәтижесінде, отандық энергетика нарығында көмірге деген сұраныс біршама азайған. Әйтсе де, қатты отынның бұл түрін кәдеге жаратудың басқа да амалдары жетерлік. Ресми дерекке жүгінсек, жыл сайын елімізде шамамен көмірден 3,5-4 мың тонна көлемінде кокс өнімі өндіріледі. Сөйте тұра 2016-2020 жылдар кезеңінде Қазақстанға өзге елдерден 4 млн 500 мың тоннадан астам кокс импортталған. Тау-кен кәсіпорындарында аталған өнімге тапшылық байқалып отырғанын, сондай-ақ оны сырттан қымбат бағаға алуға мәжбүр екені байқалады. Сала мамандары көмірді ұқыпты өңдеу арқылы одан жасанды графит, нафталин және антрацен сынды пайдалы өнімдер өндіруге болатынын көптен айтып жүр. Тұтастай алғанда, көмірді қайта өңдеу ісі 400-ден астам түрлі өнімнің өндірісіне жол ашады. Ал олардың құны кәдімгі көмірдің құнынан 20-25 есе жоғары.
Көмір-химия саласының дамуы қатты отынның сапасын жақсартуға ықпал етеді. Мәселен, Ұлыбританияда түтінсіз жанатын көмірді өндіру тәсілдері зерттеліп, оны жағу кезінде атмосфераға заттар таратпаудың технологиясы меңгерілген. Сондықтан көмір шикізатының маңыздылығын ескеруіміз қажет. Еліміздегі жылу электр стансаларында электр энергиясының шамамен 70 пайызы көмірді жағу арқылы өндіріледі. Бір жағынан Қазақстандағы көмірді өңдеу саласының кенжелеп қалуы тиісті жобаларды іске асырудың қымбаттылығы мен мемлекеттік қолдаудың жоқтығымен тікелей байланысты. 34 млрд тонна көлеміндегі көмірдің үлкен қоры бар, әлемдік көмір қорының 4 пайызына иеміз. Бұл тұста жанымыздағы Ресейдің тәжірибесіне жүгінсек те артық етпейді. Көрші елде көмір өнеркәсібін дамыту бағдарламасы аясында көмір өнеркәсібінің перспективалы бағыты ретінде өңірлердегі көмірді терең өңдеуге басымдық берілген. Салықтық жеңілдіктер береді, өндірушілерді ынталандыра алады.
Түйіндей келгенде, тау-кен саласында ең маңызды екі мәселе тұрғанын аңғардық. Біріншісі әлі күнге дейін жүйелі зерттеудің дамымағаны болса, екіншісі – ескірген технологияның өрге шығармай тұрғаны. Ал оның бәрі сайып келгенде қаржыға тірелетіні анық. Шетелдік ірі компаниялар атсалыспайынша, проблемаларды толық шешу мүмкін емес секілді.
М.ТӨЛЕУ