Ғасырға жуық уақыт ішінде қара шаңырақ өз тұғырынан бір сәтке де түскен емес. Бүгінде ордалы өнер ордасында қазақ өнерінің кіл мықтылары қызмет етіп жүр. Сол әкемтеатр осы аптада Астанаға гастрольдік сапармен келді. Жұмыс күні болса да, әр қойылым сайын залда ине шаншар орын болмады. Бұл көрерменнің Алатаудан жеткен асыл өнерге деген ықыласы емес пе?
Былтыр театр ғасырлық тарихы мен қазақ өнеріндегі үлесі үшін ұлттық статусқа ие болды. 3 жылдан кейін жүз жылдық мерейтойын атап өтеді. Осыған орай театр ұжымы елордаға гастрольдік сапарын бастап кетті.
– Гастрольдік сапарымызда кейін шыққан жаңа спектакльдерді көрермен назарына ұсынамыз. Біз Астанаға келіп жатсақ, Қ.Қуанышбаев театры Алматыда өнер көрсетіп жатыр. Мұндай өнер алмасудың болғаны дұрыс. Өнер халықтікі. Ал халықтың алдында есеп беру – біздің міндетіміз. Бұрын гастроль кең ауқымда болып, еліміздің түкпір-түкпірін аралайтынбыз. Сондай да кездер болды. Қазір заман талабы осындай. Кішігірім апталық өткізіп жатырмыз. Гастроліміз мұнымен тоқтап қалмайды. Шығыс пен батыстағы аймақтық театрлар жыл сайын М.Әуезов театрына келіп, өз өнерлерін көрсетіп тұрады. Еліміздегі, шетелдегі театр өнерінің ағысын осындай гастрольдік сапарлар арқылы ғана біліп отыра аламыз. М.Әуезов театры – қара шаңырақ. 1926 жылы Қызылордада ашылды. Қаллеки, Күләш, Құрманбек сияқты ұлы әртістеріміз қызметтерін осы театрдан бастаған. 1936 жылы осы шаңырақтан түлеп ұшқан әртістер опера театрын ашты. Сондықтан қазіргі өнер ордаларының барлығы М.Әуезов театрынан шыққан деп айтсақ қателеспейміз. Аға театр болғандықтан, біздің де жауапкершілігіміз үлкен, – дейді М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының көркемдік жетекшісі, КСРО және Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Асанәлі Әшімов.
Өнер ұжымы театр репертуарындағы шоқтығы биік спектакльдерін Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының сахнасында қала тұрғындары мен қонақтарына тарту етуде. Театр ұлы жазушының атын алып жүргеннен кейін қай аймаққа гастрольмен барса да, сахна шымылдығын сол кісінің шығармасымен ашу дәстүрге айналған. Бірінші күн Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» спектаклімен басталды. Екінші күні көрермендерге «Менің сүйікті періштем» комедиясы ұсынылды. Бұл – көрерменнің ыстық ықыласына бөленген, классикалық үлгідегі Бернард Шоудың әлемдік жауһар драматургиясын әдемі жеткізген туынды. Үшінші күні көрерменнің сұранысына ие болған «Қара» драмасы көрсетілді. Бұл – Абайдың 175 жылдығы қарсаңында қойылған ұлы ақынның қара сөздеріне негізделген спектакль. Театрдың үлкен-кішісі, барлық буын өкілі қатысқан ерекше қойылым.
– Бұл мерейтой қарсаңындағы М.Әуезов театрының мемлекеттік деңгейдегі алғашқы іссапары. Кез келген әртіс үшін халықтың ықыласынан артық қошемет жоқ. Елорда төрінде көрсетілген «Қарагөз» спектаклін халық ерекше ықыласпен қабылдады. Бүгінде елімізде 65 театр бар. Оның 55 театры мемлекеттік. 2026 жылғы М.Әуезов театрының 100 жылдық мерейтойына орай, қазақ ұлттық драма театрында ғылыми-реставрациялық жұмыстар жүргізіледі. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Ол шілде айында аяқталады. Бұл жұмыстардың барлығы министрдің бақылауында, – дейді Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Алиев.
Ал бүгін А.Володиннің «Қоштасқым келмейді» драмасы қойылады. Қойылым қазіргі заманның өзекті мәселелерін арқау етеді. Жастар арасындағы көкейкесті мәселелер, отбасын құрудағы түйткілдер сөз етіледі. Бесінші күні Бертольт Брехтің «Пері қатын» драмасын ұсынады. Бұл әлемдік классиканың қазақ театрына келуінің ерекше көрінісі. Басты рөлде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Данагүл Темірсұлтанова ойнайды. Мұны былайша айтқанда, Бертольт Брех мектебінің қазақи түрленуі деп айтуға болады. Алтыншы күні Астана көрермендеріне «Қан мен тер. Ақбала» трагедиясы ұсынылады. Бұл – соңғы жылдары көрерменнің ғана емес, театр сыншыларының ерекше талқысына түскен қойылым. Көпшілік КСРО-ның Мемлекеттік сыйлығын алған «Қан мен тер» трилогиясымен екеуін шатастырып жатады. Бұл жас режиссураның, бүгінгі театрдың заманауи тәсілдерін пайдаланып, сахналанған спектакль. Соңғы күні, яғни 7 мамырда Жеңіс күнінің қарсаңына Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша» драмасы сахналанады.
– Қазіргі заманның сипаты кешегіні ұмытып, тезірек ертеңгі күнге алаңдап өмір сүру. Артқа шегініс жасасақ, бүкіл әлемнің пандемия құрсауынан шыққанын білеміз. Шыны керек, ол кезде театрлар үшін фестиваль өткізу, гастрольге шығу мүмкін болмады. Соған байланысты Астанаға М.Әуезов театрының келмегеніне 5-6 жыл өтіпті. Осы аралықта сахналанған, көрерменнің көкейінде жүрген жаңа спектакльдерді әкеліп, астаналық зиялы қауымға көрсетпекпіз. Бұл шешімімізді Мәдениет және спорт министрлігі қолдап, қаржылай қолдау көрсетті. 70-ке жуық театр қызметкері келді. Оның 40-қа жуығы – актер. Сахналық декорацияны 2 көлікпен жеткіздік. Қазірдің өзінде спектакльдеріміздің билеттері толығымен өтіп кетті. Халық «Қоштасқым келмейді» спектаклін екінші рет сұрап жатыр. Мұның барлығы – көрерменнің театр өнеріне деген пейілінің белгісі, – дейді М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.
Оның айтуынша, қазір көрерменнің театрға деген ықыласы артқан. Әсіресе, мектеп оқушылары мен студенттер театрға жиі келеді. Театр өнері жастардың қалыптасуына тікелей әсер етеді.
– М.Әуезов театры Астана қаласына 7 спектакльмен келдік. Кезінде институт бітірген кезде Қарагөзді ойнап едім. Осы жолы Мүржанды ойнадым. Уақыттың өткенін, шынымды айтсам, өзім де байқамай қалыппын. Театр деген бөлек әлем. Театрда жұмыс істейтін әртістер көрерменнің қошеметімен өседі. Спектакль монтаждалмай, өзінің болмысымен, өзінің қалпында көрерменмен қауышады. Ұлттық театр болғандықтан, біздің шетелге гастрольге ұялмай алып шығатындай қойылымдарымыз да бар, – дейді Данагүл Темірсұлтанова.
Ал қыркүйек айында театр күрделі жөндеуге жабылады. Егер бәрі жоспарға сай болса, театр ұжымы республика бойынша тур жасауды ойлап отыр.
– Екі жылда еліміздің барлық өңірін аралап шығамыз. Сондай-ақ екі жылда шетелдің 6 қаласына баруды ойлап отырмыз. Өз ғимаратымызда жұмыс істемегендіктен, уақытша гастрольдік театр болайық деп тұрмыз. Алматыдағы әріптес театрларымызға да осындай жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде біз өз ғимаратымызды бергенбіз. Енді М.Әуезов театрына жөндеу жасалған тұста біз сол театрлардың ғимаратында өнер көрсете тұрамыз, – дейді Еркін Жуасбек.
Айта кету керек, әкемтеатрдың Астанадағы гастрольдік сапары 7 мамырға дейін жалғасады.
Көктем ҚАРҚЫН