Бұл жөнінде Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов мәлімдеді.
Негізінен, өңірде атаулы мерекенің мазмұндық мәнін кең көлемде насихаттауға бағытталған іс-шаралардың ауқымы кең. Осындай істердің бастауы ретінде Халықаралық отбасы күніне орай әлеуметтік желілерде отбасы құндылықтарын насихаттау мақсатында арнайы флешмоб бастау алған. Оған қатысу үшін кез келген жан әлеуметтік желіде «Отбасым» хэштегін белгілей отырып, отбасы мүшелерімен түскен әдемі суреттерді, қызықты оқиғаларды, тіпті әрбір азамат өзінің үлгілі отбасын келешекте қалай көргісі келетіні туралы армандарымен бөлісуге мүмкіндік беріліп отыр.
«Өздеріңізге белгілі, елімізде отбасы институтына қамқорлық пен көмек үздіксіз беріліп келеді. Ана мен баланы қорғауға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар көлемі жыл сайын көбейтілуде. Біздің өңірде 16 751 «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналар мен 33 851 көпбалалы отбасыларына мемлекеттік жәрдемақылар төленуде. Сонымен қатар аз қамтылған жанұялар да мемлекеттің қамқорлығынан тыс қалмай, қажетті көмек беріліп жатыр», – деді Шахмардан Асқарұлы.
Негізінен, «Мерейлі отбасы» байқауы отбасы құндылығын дәріптеу мақсатында 2014 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Ұлттық конкурстың негізгі мақсаты – отбасы институтын, адамгершілікті, руханиятты нығайту, бала тәрбиелеудегі жауапкершілікті және ұлттық тәрбиені барынша дәріптеу.
«Бұл байқау 3 кезеңнен тұрады. Конкурстың бірінші кезеңіне қатысу үшін керекті құжаттарды қалалық және аудандық қоғамдық даму бөлімдеріне тапсыру қажет. Аудандық және қалалық кезең жеңімпаздары облыстық кезеңге, облыста үздік деп танылған отбасы республикалық байқауға жолдама алады. Осы байқауға үміткер боламын деген отбасылардың құжаттары 15 мамыр мен 15 маусым аралығында қабылданады. Сонымен қатар қатысушылар отбасылық дәстүрлерімен, тарихи сәттерімен, қызықты оқиғаларымен әлеуметтік желіде #Мерейліотбасы, #МерейліотбасыKZO2023 хэштегтерін пайдалана отырып бөлісе алады», – деп түсіндірді брифингте аппарат басшысы.
Қызылорда облысында іс-шаралар жоспары аясында отбасылық-эстафеталық сайыс, жас отбасылар арасында облыстық форум, республикалық отбасылық ансамблі мен кездесулер өткізу көзделген. Ал мереке аясындағы ең негізгі шаралар «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысып жеңімпаз атанған, үлгілі отбасылармен қала және аудандардағы мектептер мен колледждерде кездесулер, танымдық шаралардың өткізілуі жоспарланған.
Жалпы, бұған дейін «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауына Сыр өңірінен 1 900-ге жуық отбасы қатысқан.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы