Мемлекет басшысының тікелей бақылауында тұрған тасжолдың тағдыры биыл ғана ескерілді. Соның ішінде Қызылорда облысы аумағынан өтетін бөлігіне жыл басынан жөндеу жұмыстары қолға алына бастады. Бұл жол азабын тартқан жұртшылықты зор қуанышқа бөледі.
Негізінен Қызылорда облысында жергілікті маңызы бар 3418,5 шақырым жол бар. Оның ішінде 1014,5 шақырымы республикалық маңызға ие.
Қазір осы «Қызылорда – Жезқазған» тасжолының 204 шақырымын жөндеу жұмыстары қарқын алған. Алдын-ала белгіленген жоспарға сәйкес, тасжол 2025 жылы толықтай аяқталып, қолданысқа берілуі тиіс. Яғни, 3 жылдың көлемінде күйі қашқан күрежол жаңарған кейіпке еніп, игілігін ел көреді деп жоспарлануда. Дейтұрғанмен, жөндеу жұмыстары қатаң бақылауда ма? Халық осы мәселеге қатты алаңдаулы.
«Қазір Қызылорда облысы әкімінің тікелей қолдауымен күрежолды жөндеу жұмыстары тыңғылықты жүргізіліп жатыр. Күрежолдың сапасы қатаң бақылауда тұр. Алдағы уақытта республикалық маңызы зор бұл жол өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді деп сенеміз», – дейді бұл жөнінде көшпелі брифингте облыс әкімдігінің Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Жәнібек Сыздықов.
Негізінен екі облыстың арасын жалғайтын бұл жолда қыс, көктем айларында жүру өте қауіпті саналады. Ең қиыны, екі аралықта бірде-бір елді мекен жоқ. Ұялы байланыс қызметі де жолға қойылмаған. Яғни, сапасы сын көтермейтін сайын жолда қалған жолаушының амандығына ешкім кепіл бола алмайды.
Жалпы, Қызылорда мен Жезқазғанның арасы 430 шақырымды құрайды. Соның біраз бөлігі жөндеуді қажет етіп тұрғаны жасырын емес. Демек, сол аралықтағы селкілдек жол талай тағдырға қауіп төндіреді деген сөз.
«Соңғы жылдары бұл жолда жол қатынасы айтарлықтай қиындық туғызып тұр. Иен далада аялдап, тынығатын, тамақтанатын орындар тапшы. Көлігі бұзылып, далада қалған адамның көмек сұрауға да мүмкіндігі жоқ. Ұялы байланыс ұстамайды. Адам өміріне өте қауіпті. Көпшілігінің балалары Астана қаласындағы оқуына осы жолмен қатынайды. Өйткені, пойыз билеті де аспандап кетті. Осындай қиындықтарды ескере келе, жолдың жөнделуін ұзақ күттік. Биыл аталмыш жолға жөндеу жұмыстары басталды деген ақжолтай хабарды естіп, қуанып қалдық. Осы орайда жолдың сапасына қатаң бақылау жасап, жолаушыларға арналған қоғамдық тамақтану орындарын, қонақ үй қызметтерін жолға қойса нұр үстіне нұр болар еді», – деп талап-тілегін білдірді өңір тұрғыны Ләззат Мырзалиева.
Жалпы тұрғындардың басты талабы – күрежолдың құрылысын жүргізуде саннан гөрі сапаға мән берілсе деген уәжін жеткізіп отыр. Адам қауіпсіздігін қаперге алып, жоспарлы жұмыстарды межелі уақытында аяқтаса деген тілегін ортаға салды.
«Қазір республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған» тасжолының 12-216 шақырым арасында қайта жаңарту жұмыстары басталды. Бүгінде асфальт төселіп жатыр. Қайта жөндеу жұмыстарын жергілікті «Қыран» ЖШС атқаруда. Нақты уақытта тасжолдың 140 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ су скважиндері, айналмалы жол жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар жолдың бойынан асфальт зауыты салынып жатыр. Жөндеу жұмыстары барысында қолданылып жатқан құрылыс заттарының барлығы Жаңақорған ауданынан тасымалданады», – деді «ҚазАвтожол» Қызылорда облыстық филиалы директорының орынбасары Ерсайын Мұзаффар.
«ҚазАвтожолдың» мәліметіне сәйкес, жоба бойынша облыс аумағына жаңадан айналма жол салумен қатар 204 шақырым жолды қайта жаңғырту жұмыстары жоспарға енген. Бұған қоса, 2 дана жол айрығы және үй жануарларына арналған жол өткелдер, су арналарынан өтетін 3 көпір, 2 көпфункционалды аралық бақылау өлшейтін аркалар салу межеде тұр. Сонымен қатар 5 заманауи жылы дәретхана, 6 демалыс алаңы, 56 су өткізгіш құбыр, 10 мал өткелдері, 117 жол қиылысуы мен түйісулерін салу көзделіп отырғаны айтылуда.
Негізінен Сыр өңірі мен Ұлытау арасын жалғайтын ауқымды жолдың жобасына сәйкес, халықтың талабынан туындайтын қажеттіліктер рет-ретімен шешілетініне нық сенім білдіріп отыр. Тек басталған ауқымды жоба сиырқұйымшақтанбай, сапалы жүргізілсе игі. Халықтың көпжылғы арманы ақиқатқа айналады деп үміттенеміз. Оның нәтижесін алдағы уақыт еншісіне қалдырдық.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы