Қоғамдық көлік мәселесі қай кезде де өзекті болған. Жолаушы тасымалдайтын компа­ниялардың көліктерінің аздығы былай тұрсын, олардың сапасы да сын көтермейтін.
Жолаушы жолынан қалмайды
1,301
оқылды

Осыған орай Тараз қаласында 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар жасалған. Сондай-ақ  инвестициялық жобалар арқылы қоғамдық көліктер қызметін сапалы ету көзделген. Міне, осы баянды бастамалар бүгінде жемісін бере бастады. 

Дәл қазір Тараз қаласында 200 автобусқа қажет­тілік бар. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жер­гі­лікті билік жылда шаһарға 70 жаңа автобус жеткізуді жоспарлаған. Бұл межеге жету үшін тасы­мал­даушы компанияларға арнайы мемлекеттік суб­сидия да бөлінді. Нәтижесінде, қалаға алғашқылардың бірі болып «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС-ның Zhong Tong маркалы 20 көлік жеткізіліп, олар халық­қа қызмет көрсетуді бастады.  Жаңа автобустардың ұзындығы 8,5 метр. Жалпы сыйымдылығы 55 адамды тасымалдауға шақталған.  Бұл қоғамдық көліктер қазір  № 11, 46, 28, 55 маршрут бағыттары бойынша қатынап жатыр. Сонымен қатар «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС алған 3 бірлік үлкен сыйымдылықты Zhong Tong маркалы автобустар №19 бағытқа қосымша қызмет көрсетуге қосылып,  жүру жиілігі 14 минуттан 10 минутқа қысқарды. Жоғарыда аталған  жаңа автобустардың біреуінің құны – 38 миллион теңге.

Жалпы қала тұрғындарына сапалы қызмет көр­сету үшін шаһар көшелерінде кемі 460 автобус қаты­науы қажет.  Осы мақсатта «СапарТранс-2012» ЖШС тара­пынан кемінде 10 бірлік Yutong маркалы авто­бустарды қыркүйек айында жеткізу қолға алынса, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС тарапынан жыл аяғына дейін қосымша 25 бірлік автобус алу жоспарланған. Бұған қоса City Bus ЖШС-мен 60 бірлік автобус жеткізуге қатысты меморандум жасалған. 

Тағы бір айта кетерлігі, жолаушылар бағытын ашу мақсатында жаңа 9 бағыт бойынша конкурс жарияланған. Қазір «Саяхат-99» ЖШС тарапынан №20, «ТаразТрансМоторс» ЖШС тарапынан №56 бағытқа қызмет көрсету үшін өтінім келіп түскен. Бұдан бөлек, жоспарды іске асыру аясында биыл 21 аялдама орнату жұмыстарына бюджет есебінен 55,9 млн теңге қаржы қаралған. Сонымен қатар 9 дана жарық диодты табло орнату жұмыстарына бюджет есебінен 17 миллион теңге бөлінген.  Қазір жеңімпаз мердігер «Орталық диспетчерлік қызмет» ЖШС тарапынан монтаждау жұмыстары басталып кетті. 

Ал жалпы 3 жыл көлемінде 120 аялдама орнату, оларға  90 бірлік жарық диодты цифрлық таблолар қою және жаңа 15 жолаушылар бағытын ашу көз­делуде. 

Қоғамдық көліктер мәселесінде инвестициялық жобалар да жанданып келеді. Мәселен, «Бизнеске арналған үкіметтің» фронт-офисінде өткен инвестициялық штабтың кезекті отырысында жаңа инвестициялық жобалар таныстырылды.  China CAMC Engineering Co LTD компаниясының басқарма төрағасы Ван Бо өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларындағы тығыз әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа деген ниеттестігін білдірсе, Globia KFT компаниясының бас директоры Габор Саги жаңартылатын энергия көздері саласындағы жоба­сын ұсынды. Тарқатып айтсақ, аталған шетелдік компания өңірден жасыл сутегі өндірісін өндіруді қолға алмақ. Аталған сутегіні қоғамдық көліктерге арналған экологиялық таза отын өндіру пайдалануға ден қойылмақ.  Жоба аясында компания аймақтан  күн электр және жанармай құю стансаларын салып,  сутегімен жүретін автобустарды жеткізу жоспарлап отыр. Осылайша, алдағы уақытта тараздықтарға экологиялық таза отынмен жүретін қоғамдық көлік­тер қызмет көрсетпек.

Иә, бұл сөз жоқ, көлік тасымалы саласына үлкен дүмпу әкелетіндігі анық. Елімізде баламасы жоқ жоба экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп ғана қоймай,  тасымал құнын да арзандата түседі.

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы