Теміржол саласындағы мамандарды даярлауға мүмкіндік көп.
Сәтбаев университетінің студенттері Қытайда да білім алады

Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті Қытайдың ең үздік техникалық университеттерімен ынтымақтастық қарым-қатынасты дамытпақ. Осы мақсатта 13 мамыр күні университет делегациясы Шэньси провинциясының (Қытай) Сиань қаласындағы Сиань теміржол кәсіптік техникалық институтында болып, Сиань университеттерімен машина жасау, көлік және логистика салалары бойынша ынтымақтастық қарым-қатынас туралы келісімге қол қойды.

Сапар нәтижесінде, Сиань қаласының мықты техникалық білім беретін бірнеше үздік университеттерімен келісімге қол қойылды. Олардың қатарында Қытайдағы ең көне оқу орындарының бірі болып саналатын Сиань Цзяотун университеті, Солтүстік-Батыс Политехникалық университеті бар. Аталған оқу орны аэронавтика, астронавтика және теңіз техникасы саласындағы зерттеулерге бағытталған. Келісімге қол қойылған оқу орындары арасында Пейян ұлттық техникалық институтының тау-кен металлургия бөлімі ретінде құрылған Сиань ғылым және техника университеті және Сиань теміржол кәсіптік-техникалық институты бар.

Тараптар ғылым мен техника саласы бойынша өзара студенттермен алмасу және жаңа ортақ жобалар жасау туралы келісті. Осы ынтымақтастық қарым-қатынас аясында «Қазақстан темір жолы» компаниясы үшін теміржол инженерлерін даярлауға ерекше көңіл бөлінетін болады. Ал теміржол көлігімен жүк тасымалдауды ұйымдастыру – келешегі зор салалардың бірі.  Сәтбаев университеті осы сала бойынша былтырдан бері мамандар даярлап келеді.

Делегация мүшелері сапар бағдарламасы бойынша Сиань теміржол кәсіптік-техникалық институтын аралады. Оған институт ректоры Сюн Ци мен халықаралық алмасу және ынтымақтастық департаментінің директоры Ву Чунчжи жетекшілік етті. Сонымен қатар қазақстандық делегация Сиань халықаралық сауда-логистикалық паркінде болып, логистика саласындағы соңғы жетістіктермен танысты. 

Қытайдың жоғары оқу орындарымен студенттер алмасу – халықаралық деңгейде жұмыс істеуді жоспарлап отырған өрелі студенттер үшін тамаша мүмкіндік болмақ.  

Осы ынтымақтастық қарым-қатынас аясында болашақта Сәтбаев университетінің базасында Сиань теміржол кәсіптік-техникалық институтының филиалын құру ойластырылуда.  Онда Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің көлік және коммуникациялар саласына қажетті кәсіби мамандар даярлау үшін инновациялық зертханалар ашылып, теміржол көлігі мен логистика саласы бойынша халықаралық жобалар жүргізілетін болады.