Бүгінде Қазақстанның 8 өңірінде 16 мыңнан астам тұрғын қаражатын тиімді жоспарлауды, отбасы бюджетін қалыптастыруды, несие алу мен қайтару ережелерін, қаржы пирамидалары мен алаяқтар тұзағына түспеу жолдарын және табысты бизнес құруды үйренді. Осы орайда «AMANAT» партиясының хатшысы, «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Эльдар Жұмағазиевпен жобаның нәтижесі мен келешек жоспары жөнінде сұхбаттасқан едік.
− Эльдар Тынышбайұлы, «Қарызсыз қоғам» жобасының өзектілігі неде? Қаржы бағытындағы жобаны бастауға не түрткі болды? Мұны «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының нақты іске асуы дей аламыз ба?
− Бұл жобаның басталуына Қаңтар оқиғасы әсерін тигізді деп ойлаймын. Шынында да, ол күндер бәрімізге ой салды. Әсіресе, менің есімнен кетпейтіні – Алматының тоналған сауда орындарының біріндегі әбден тозығы жеткен, жыртық аяқкиімнің суреті болды. Жағдайы жоқ адамның бұл әрекеті ойландырмай қоймайтыны рас. Әрине, ақтауға болмайтын іс-әрекет, бірақ жетіспей жүрген, тоңып секіргендердің саны елімізде қаншама? Сонымен қатар қаржы пирамидасына шырмалғандар, лудомания (ойынқұмарлық) тұзағына түскендер, несиеге батқандардың көбеюі – қоғамымыздың келеңсіз бүгіні болып отыр. Мұның бәрі психологиялық тұрғыдан адамдардың дайын болмауы, олардың сыни тұрғыдан ойланбауы, қолжетімді ақпараттың аздығынан деп ойлаймын.
Елімізде 6,5 млн адам несиесін бір күн болса да кешіктіріп төлеген, бұл халықтың үштен бір бөлігі. Әрине, бір-екі күн кешіктіріп алу – бәріміздің басымызда болатын жағдай. Ал 1,5 млн адамның несиесін кешіктіруі 90 күннен асып кеткен. Қазақстанның қаржылық технологиялары қарыштап дамып кетті, бұл платформалар өзге елдерге үлгі деп мақтанышпен айтамыз. Ал қоғамымыз сол қарқынға ілесе алмай, қаржылық бұғаудың құрбаны болып қалып отыр деп ойлаймын.
Елімізде тұтыну мәдениеті енді-енді қалыптасып келеді. Тіпті, қоғамда бар қалауын ойланбай ала беретін, несиенің пайызына үңілмей, тегін ақша деп көретін инфантилизм де байқалады. Мысалы, менің ата-анамда ешқандай несие болмаған, өйткені олар еркін тұтыну қоғамында өмір сүрген жоқ. Несие алу менің буынымнан басталды, қазір балаларымыз да осы толқынға ілесті. Осы өскелең ұрпақ тұтынушылықты жақсы меңгеріп, әр қарызды аларда эмоция жетегінде кетпей, байсалды шешім қабылдайды деп сенемін. Сайып келгенде бар мәселе қаржылық сауатқа, білімге келіп тіреледі.
«Қарызсыз қоғам» жобасы осы ойлардан туған еді. Партияның сайлауалды бағдарламасында да халықтың табысын көтеруге байланысты көптеген тармақ бар. Аталған мәселенің бәрін сараптай келе, жоба серіктесі Halyk банкімен жобаны талқылап, тәуекелге бел будық. Біз болмасақ кім жасайды? Біз Парламент сайлауында басым дауыс жинаған партиямыз, елдің әл-ауқаты бойынша біз де жауапкершілікті сезінеміз.
− Бұл жобаға тек қарызға батқандар емес, кәсіп бастағысы келетіндер, қаржылық сауатты болуды үйренетіндер де қатыса ала ма?
− Біз ешкімге ешқандай шектеу қоймадық, қатысуға ниет білдірген барлық адамды қабылдадық. Себебі «Қарызсыз қоғам» – елімізде бұрын-соңды болмаған жоба. Бір қызығы, жоба қатысушылары арасында әйелдердің үлесі көп. Тәуелсіздік алған жылдары қайта құру заманында, экономикалық байланыстардың бәрі үзілген шақта бас көтеріп, жаңа заманға бейімделіп, елге тірек болған да әйелдер еді. Олардың ерік-жігеріне бас иеміз және жобамызға көптеп қатысқанына қуанамыз. Неге десеңіз, көп жағдайда отбасының берекесі, бюджетін ұстаушы – әйел. Сондықтан әйелдер жаңа білім алайын, жаңа дағдыларды үйренейін, табыс арттырайын деген ниетпен келсе, біздің жобамыз өміршең әрі нәтижелі болмақ.
«Қарызсыз қоғам» курстары биыл 2 мамырда бастау алды және 20 маусымға дейінгі аралықта республиканың 8 өңірінде 16 мың тұрғын қаржылық сауат бойынша жаңа білім алды. Олардың білім деңгейін қарағанда, басым бөлігі, яки 43,6%-ы колледж-техникум сияқты орта мамандандырылған білімі барлар болып шықты. Қатысушылардың тағы 38,4%-ы – жоғары білімді болса, 18%-ы – мектептен кейін оқымаған.
Әлеуметтік статустары бойынша, біздің қатысушылардың 17,6%-ы – бюджеттік сала мамандары, 14%-ы – жұмыссыз, 10,5%-ы – өзін-өзі жұмыспен қамтығандар және 8,4%-ға жуығы – кәсіпкерлер. Олар қаржылық курсқа қатысып, кәсіптерін әрі қарай дөңгелетіп әкеткісі келеді.
Тағы бір қызықты дерек – «Қарызсыз қоғам» қатысушыларының 65 пайызы – көпбалалы отбасы өкілдері, 34% қатысушының үйінде бес және одан көп адам бар.
Сонымен бірге республика бойынша білім алушылардың 75,5%-ында несиесі бар, 24% қатысушы екі немесе одан да көп несие алған. Үсті-үстіне несие ала берген кейстер де бар.
− Курстың қазақ тілінде офлайн оқытылуы, шалғайдағы ауыл-аймақтарға айрықша мән беру де маңызды ғой? Өңірлерді таңдау қалай жүргізілді?
− Қаржылық сауат жөнінде қазақ тіліндегі контент аз. Бір жағынан әлеуметтік желіде өзін маманмын деп таныстырып, курс өткізетіндер көп екен. Бірақ тыңдап қарасаңыз, халықты оқытып отырғандардың өздерінің білім деңгейін тексеру керек сияқты. Соған байланысты сапалы білім беру үшін өзіміз қазақша контент жасауды ұйғардық. Сосын қаржылық менторларды арнайы дайындап, ауыл-ауылда офлайн оқытуды бастадық. Себебі онлайн сабақта көп жағдайда кері байланыс болмайды, ал қаржы тақырыбында тұрғындар қоятын сұрақ көп.
Екіншіден, білікті сарапшылар қалаларда тұрады, ауылға ешкімнің барғысы жоқ. Қала тұрғындары кез келген тақырыпта курс іздеп таба алады. Сондықтан біз қаладан гөрі ауылдарға басымдық бердік. Банктердің, қаржылық институттардың айтуынша, осындай қаржылық білімге мұқтаж аудандар оңтүстік пен батыс аймақтарда жиі байқалған. Сондықтан 8 өңірдің төртеуі батыс, үшеуі оңтүстік облыстар және Солтүстік Қазақстан облысын қостық.
Қазір 20 өңірдің 8-ін қамтысақ, қалған 12 өңірді жаңа жылдан кейін қолға аламыз. Себебі біздің оқуымызда, сарапшылар арасында да белгілі бір кемшіліктер болуы мүмкін. Сондықтан жаңа жылға дейін курстың кем-кетігін түзеп, толықтырамыз. Тұтас елге білім беру үшін қосымша 120 ментор керек болады, оларды дайындаймыз. Келесі жылдан бастап барлық облыс пен үш мегаполисте курстар өткіземіз. Өйткені ауылда табыс таппаған тұрғындар үлкен қалаларды паналап жүр. Олар қалай күн көріп жатыр, қалай табыс табады деген сұрақтар бізді де алаңдатады. Сол себепті жоба серіктестеріне, үлкен мегаполис айналасындағы аудандарда қаржылық сауат курсын өткізуді ұсындық.
− Бұл жобаның жалғасы қандай форматта өрбуі мүмкін?
− Формат айтарлықтай өзгеруі мүмкін. Себебі қазір мәселенің салдарымен күресіп жатырмыз. Енді біз қаржылық сауат сабақтарын мектепте 9-11-сынып оқушыларына, сосын колледж бен жоғары оқу орындарында өткізгіміз келеді. Өйткені олар – болашақта несие алуға мүмкіндігі бар адамдар. Қажет болса, қосымша пән ретінде оқытуға оқулықты да өзіміз әзірлейміз. Ондай тәжірибе бізде бар. Жұмыс тобындағы сарапшы мамандарымыз бұрын мектептерге «Кәсіпкерлік негізі» оқулығын жазған. Әсіресе, студенттер арасында қаржылық сауатқа қызығушылық өте жоғары. Статистика бойынша түрлі қаржы пирамидасына алданған студент көп. Кей адамдар студент баласының стипендиясына сеніп, несие алғызады екен. Ондай да мәселе бар.
Біздің негізгі жұмысымыз – халықтың қазіргі шешім қабылдау жүйесін өзгерту, жаңа үнемдеу әдетін қалыптастыру. Мысалы, көптеген адам той жасағысы келсе, қымбат дүние алғысы келсе, бірден банкке жүгініп, несие рәсімдейді. Ал біз ең алдымен қаражат жинауды, несиеге ұрынбай, жинаған ақшаны ғана жұмсауды ұсынамыз. Сондай-ақ біздің курсқа қатысушылар мамандардан табысты арттыру жолдарын сұрапты.
Қазір халыққа ұнап жатқаны – депозит ашу. Оқу барысында кіріс-шығысты есептегенде, көптеген отбасының кешкі астан кейін, дүкеннен шемішке, газдалған сусын, чипсы әкеліп жейтіні айтылды. Бұл – қосымша шығын. Демек, оған жұмсалатын ақшаны депозитке салуға болады. Осындай жинау дағдысын көбірек насихаттаймыз. Қазір халық «Қарызсыз қоғам» атты депозит ашыңдар деп ұсыныс айтты. Өйткені олардың салатын қаражаты көп емес, бірақ бастапқыда жоғары пайыздық мөлшерлеме едәуір ынталандырар еді.
Тағы бір қатысушымыз өмірінде санаторийге барып ем алмаған екен. Зейнетке шығуына екі жыл қалғанда біздің курсқа қатысып, депозит ашып, мақсатты қаражат жинай бастады. Қаржылық ұйымдармен кездескенде той жасауға, демалуға, көлік алуға жеке депозиттер ашуды ұсындық. Мысалы, Сарыағаштағы санаторий 150 мың теңге, негізгі үлесін өзі жинаса, депозиттің пайыздық сыйақымен керекті мөлшердегі қаражат жиналуы мүмкін. Сондай серіктес жоба керек. Себебі адамдарға нақтылық қажет, демалысқа ақша жинайын деген ой болуы мүмкін, бірақ нақты қайда баратынын білсе, мақсатына қол жеткізеді. Ұсынымыз қабылданса, қаржылық ұйымдарда осындай санаттағы адамдарға басқа депозит түрлері пайда болады. Бұл өз кезегінде ақша жинау мәдениетін қалыптастыруы тиіс.
Оқу процесінде ауыл тұрғындары шығындарын жабу үшін табысын арттыру керегін түсінді. Қатысушылардың көбі кәсіпкерліктің негізін оқытыңдар деп сұрап жатыр. Партияның ұйытқы болуымен «Ауыл аманаты» жобасы басталған болатын. «Қарызсыз қоғам» қатысушыларын «Ауыл аманаты» жобасымен ұштастыру қажет деген ой келді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 2,5 пайызбен несие беру, кооперация құру мүмкіндіктері бар. Табыс табатын дағдыларды, мысалы мал бордақылауды технологияға сай оқыту курстарын ұйымдастырып жатырмыз. Мал бағуды бәріміз білеміз, бала күнімізден көріп өстік. Бірақ әрі қарай үңіліп қарасаңыз, мал асырап отырғандардың көбі жемшөп берудің технологиялық циклдерін сақтамайды. Мысалы, малды бордақылау циклі дұрыс болса, ірі қара күн сайын 0,8 -1,5 келі салмақ қосуы керек.
Демек, «AMANAT» партиясы бір жағынан халыққа ақша үнемдеуді үйретсе, екінші жобасында – табыс арттыруға себепкер болып отыр. Осылайша, партияның бір жобасы екінші жобасымен ұштасып, қоғамға жақсы әсерін тигізеді деп үміттенемін.
− Халықтың бұл жобаға ой-пікірі қалай? Есіңізде қалған нақты оқиғалар мен кейстер бар ма?
− Халықтың реакциясы жақсы. Менің ең үлкен қорқынышым: адамдар 5 күн бойы сабаққа келе ме деген ой болды. Алғашқы күні бәрі келер, ал екінші-үшінші күндері оларды қызықтыру үшін не айтуымыз керек деп көп ойландық. Мұнда оқытушылардың тәжірибесі, қарым-қатынас құра алуы жақсы көмектесті.
Оқу процесі өте тиянақты өтіп жатыр, фотоларды көрсеңіз, адамдар дәптер әкеліп, кіріс-шығыстарын санайды. Сонда эмоционалды тұрғыда өз-өздеріне реніш пайда болады. Мәселен, «Алға қойған өмірлік мақсатыңыз қандай?» деген сұрақ қойылады. Әдетте көпшілігі «Балаларымды аяққа тұрғызу» деп жауап береді. Бірақ шығындарын қарасақ, балаларына бір тиын да жұмсамауы мүмкін, балаға не кітап алынбаған, не үйірмелерге жібермеген. Сонда «өмірлік мақсатыңызды қалай орындап жатырсыз?» деген сұрақ туындайды.
Тағы бір есте қалған оқиға – Ақтөбе облысының Қобда ауданындағы курсқа көршілес ауыл-аймақтан тұрғындар келіп оқыды. Сонда бір қария қатысушымыз бар, өзі бұрын мұғалім болған. Ақсақал күнде сабаққа келеді, ал ауыл адамдары оны жиналып күтіп отыратын көрінеді. Осылайша, зейнеттегі ұстаз күн сайын не үйренгенін барша ауылға түсіндіреді екен. Біздің жобамыздың құндылығы осы, бұл оқуға халық шөлдеп отыр. Бұған дейін ауылдарда қаржылық сауат жөнінде ешкім жұмыс жүргізбеген. Бұл қоғамның дерті болса, біз оны жеңуіміз керек.
«Қарызсыз қоғам» жобасынан кейінгі нәтиже қандай болуы керек деп өзіме сұрақ қоямын. Қазіргі жас ұрпақ өскенде несиені егжей-тегжейлі зерттеп, табыс мөлшерін өлшеп барып алатын деңгейге жетер деп үміттенемін. Сол үшін де оқыту курстарын өткізіп жатырмыз. Несиені алған соң міндетті түрде төлеу керек. Бәріне банкті кінәлай беруге болмайды. Жасы 18-ден асқан, төлқұжаты бар адам шешімді өзі қабылдайды. Бірақ осындай қате шешімдер бара-бара азаятынына сенімдімін. Мақсатымыз – сол.
− Телефонмен хабарласатын алаяқтар, қаржылық пирамидалар мәселесі күн тәртібінен түспей тұр. Бұл ретте халықтың жеке деректері тиісті дәрежеде қорғалып жатыр ма деген сұрақ туындайды. Партия деңгейінде бұл проблемалармен күрес жүргізесіздер ме?
− Әрине, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, көптеген мәселені талқылап жатырмыз. Жуырда банктердің өкілдерімен кездескенде де осы мәселелерді айттым, партия қазір ақпарат жинап жатыр. Біз Мәжілісте басым дауыс жинаған партиямыз, сондықтан көптеген мәселеге халық ренішін туғызып жатса, оларға қатысты өз ұстанымымызды айтамыз. Керек болса, заңға да өзгеріс енгіземіз деп қаржы ұйымдарына айттық.
Несиенің пайызына шек қою мәселесін де көтергіміз келеді. Адамдар банк талаптарына үңіліп қарамайды. Банк келісімшартындағы ұсақ шрифттерді оқитындар аз. Еш кепілсіз несие халыққа оп-оңай беріліп жатыр. Тарихи тұрғыда Қазақстан қоғамы осындай кезеңнен өтуі де керек шығар. Қаржылық технологиялардың өте қатты қарқынмен дамуы, сонымен қатар қоғамымызда етек алған жаппай қаржылық сауатсыздық – үлкен әлеуметтік мәселелерге әкеліп соқтырды. Біз осыдан сабақ алуымыз керек, біздің келесі ұрпақ бұл қателіктерді қайталамауы тиіс.
− Қандай тығырық болса да шығуға болады ғой? «Өзін-өзі банкроттық деп жариялау туралы» заң халыққа қалай көмектеседі?
− Шын тығырыққа тірелгендер де банкроттық талабына сәйкес келмей жатыр. Себебі банк есепшотына соңғы 12 айда бір теңге де табыс түспеуі керек.
Екіншіден, банкрот болған адамдарға 5 жылға дейін несие берілмейді. Менің ойымша, бұл да қиын шешім. Олар несие ала алмаса, табыс таба алмаса тағы бір әлеуметтік шиеленіс туындауы мүмкін. Қаржы нарығы агенттігімен сөйлескенде банкрот болған адамдарды оқыту арқылы тәжірибесін көтеріп, несие алуға мүмкіндік беруді ұсындық.
Сұхбаттасқан
Нұрлан Сәрсенғалиұлы