Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өзіне ведомстволық бағыныстағы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ-мен бірлесіп, еліміздің еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарын әзірлеп шыққан болатын. Аталған құжат «AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, цифрландыру және инновацияларды дамыту жөніндегі республикалық кеңестің отырысында талқыланды.
Республикалық кеңес төрағасы Екатерина Смышляеваның айтуынша, құжатты әзірлеуге көптеген сарапшылар, соның ішінде салалық және халықаралық сарапшылар тартылған. Жобаның негізгі мақсаты – тұрақты еңбек нарығына жағдай жасау және сапалы жұмыс орындарының санын арттыру.
«Еңбек нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі кешенді жоспары – халық табысын арттыру бағдарламасының негізгі блогы. Бағдарлама да, жоспар да сан рет өзгеріп, ақырында құжат дайын болды. Соның негізінде азаматтарымызды тұрақты әрі сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге, ең бастысы, халықтың табысының артуына тікелей шаралар қабылданады деп сенеміз», – деді Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева.
Жобаны таныстыру барысында «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғандықов бүгінде Қазақстанда жұмыс орындарының тек 2,1 миллионы, яғни жалпы санының 1/3 бөлігі ғана сапалы екенін атап өтті. Мақсат – бұл көрсеткішті 4 миллионға жеткізу. Осылайша, еліміздегі жұмыспен қамтылғандардың жартысы тұрақты және қауіпсіз жұмыс орындарында лайықты жалақы алып, 1,9 миллион адамның табысы артатын болады. Жыл сайын табысы орташа деңгейден асатын адамдардың саны шамамен 270 мыңға көбейіп, олардың жалпы өсімі 30 пайызды құрамақ.
Ведомствоның мәліметінше, экономиканы индустрияландыру, инфрақұрылымды жедел жетілдіру, шағын және орта бизнесті дамыту өсудің драйверлері болмақ. Кешенді жоспарды іске асыру еңбек нарығының барлық қатысушыларына – бизнеске, азаматтарға, мемлекетке оң әсер етеді. Мәселен, азаматтар үшін бұл – жеке және мансаптық өсудегі тең мүмкіндіктер, жұмыс орнын таңдаудағы артықшылықтар, біліктілікті мойындауға негізделген лайықты еңбекақы, әлеуметтік кепілдіктер мен қауіпсіз жұмыс орындары, еңбек нысанын таңдаудағы икемділік. Ал бизнес үшін бұл – кадрларды даярлауға «тапсырыс» қалыптастыру, білікті кадрларды даярлау және қайта даярлау жүйесінің инвестициялық тартымдылығы, экспортқа бағытталған жаңа өндірістерді дамыту, оның ішінде экономикаға қажетті шетелдік мамандарды тарту. Мемлекет үшін бұл – теңдестірілген аумақтық даму, еңбек нарығының жаңа идеологиясы: жай ғана жұмыспен қамту емес, азаматтарды сапалы жұмыс орындарымен қамтамасыз ету.
Екатерина Смышляева еңбек нарығын дамытудың кешенді жоспарын әзірлеушілерге құжаттың жан-жақты талқылануы белгіленген қыркүйек айына дейін жобаны аяқтауды ұсынды.
«Күзде жаңа экономикалық саясат пен халықтың табысын арттыру бағдарламасын талқылауға қайта оралатын боламыз деп ойлаймын. Сол уақытқа дейін кешенді жоспарға қатысты ұсыныстар көбейе түсуі мүмкін. Біздің өтінеріміз: асықпау керек, қазір үлкен талдау жүргізілді. Бұл құжатта бірінші орында адам және оның адал да лайықты еңбек арқылы қол жеткізер әл-ауқаты болуы тиіс. Міне, осы канондардың барлығы мұнда сақталған, оны сарапшылар қауымдастығы, өнім өндірушілер, бизнес өкілдері қарап шықты, әлі де болса жетілдіре түскен жөн. Бұл кешенді жоспар барлық салалық бірлестіктерден, соның ішінде өңірлерден де талдаудан өтуі керек. Ол жақта қандай ұсыныстар енгізілетінін біз өңірлік кеңестерімізде талқылаймыз деп ойлаймын. Мысалы, оңтүстікті индустрияландыру бастауы жеңіл өнеркәсіпте жатыр. Бірақ жеңіл өнеркәсіп мәселелерін бүгіннен бастап шешпесек, кейін оны жұмыс істете алмай қиналатын боламыз. Ең бастысы, жоспар мен шын жағдайдың арасы алшақтап кетпеуі керек», – деді Екатерина Смышляева.
Сөз ретінде айта кететіні, соңғы бес жыл бойы елімізде жаңа жұмыс орындарын құру қарқыны тұрақты түрде төмендеп келеді. Құрылған жұмыс орындарының өсімі еңбек нарығына жаңадан еніп жатқан ЖОО-лар мен техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының (ТжКБ) түлектерін жұмыс орындарымен қамтамасыз ете алмай отыр. Жұмыс күшінде аймақтық диспропорция бар: оңтүстіктегі тұрғындар саны 2030 жылға қарай Қазақстан халқының жалпы санының 35 пайызын құрайды деген болжам бар. Жұмыс орындарының жартысына жуығы өнімділігі төмен және негізінен мемлекеттің үлесі басым салаларда құрылған. Өзін-өзі жұмыспен қамту бойынша негізгі өсім қызмет көрсету саласына тән.
Сондықтан да бүгінгі бар сын-қатерлер мен қазіргі әлемдік трендтер еңбек нарығының жаңа идеологиясын әзірлеуді талап етуде. Қазақстан бұл бағытта Дүниежүзілік банкпен бірлесе отырып халықаралық тәжірибеге талдау жүргізген екен. Оның нәтижесінде еңбек нарығын дамыту үшін бизнесті ынталандыру бойынша ұсыныстар тұжырымдалған. Біріншіден, экономиканы индустриалды бағытқа бұру сапалы жұмыс орындары мен жоғары табысты қамтамасыз етеді. Екіншіден, жұмысшылардың табысының өсуін негізінен экспортқа бағытталған өнімі бар жеке компаниялар қамтамасыз етіп отыр. Үшіншіден, кәсіпкерлікті қолдау, шағын және орта бизнесті дамыту жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етпек.