Осыдан шамамен 10 жылдай уақыт бұрын біздің елге ауыл шаруашылығы саласын цифр­лан­дыру деген ұғым енді енгізіле бас­таған болатын.
Агросала цифрланса, ауыл дамиды
1,013
оқылды

Ол шақта саланың толықтай сандық жүйеге өтуі өте тиімді болады дегенге ілеуде біреу болмаса, көбі сене бермеген. Тіпті, шаруасын әжептәуір деңгейде дөңгелетіп отырған фермерлер де цифрлы ауыл шаруашылығына қырын қарағаны жасырын емес.

Бүгін барлығы өзгерді, өзгергенін көз көрді...

«Ақылды ауыл шаруашылығы» де­ген ұғым ауанымызға еніп, тың жаңа­лықтың тым дендеп кеткені сонша солардың барлығын игеріп, қорытып, санамызға сіңіріп, шаруашылықтардың басында сынап жатқандар қанша?! «Дүниенің озығы да, тозығы да бар» демекші, кей­бір жағдайда көрінгенді жаңа­шылдық деп қабылдап, алқап­тарын оңдырмай бүлдіріп жатқандар да жоқ емес. Сон­дықтан мамандар бүгінгі таңда жаңа­шылдықпен бірге сандық үлгідегі тех­­но­логияны қоса енгізу көп қате­­ліктердің алдын алады деп отыр. 

Уақыт өткен сайын ауыл шаруа­шылығына деген назар біздің елде де, әлемде де өзгерді. Тың жаңалықтың тез қарқында сіңіп бара жатқаны сонша шаруалардың кейбірі сандық үлгідегі технологиясыз болашағын бол­жай алмай қалатын жағдайға жетті. Әсіресе, дамыған елдерде солай. 

Әлемде медицина, ауыл шаруа­­шылығы және білім саласында цифр­лық технология ерекше қарқынмен дамып келе жатқаны жасырын емес. Банк пен қорғаныс саласының жөні бөлек. Сарапшылар мен сала маман­дары шаруашылықты сандық үлгіге өткізуді жақсылап тұрып қолға ал­масақ, мүмкіндікті қолдан жіберіп алуымыз мүмкін екенін айтады. 

«Біз, ең алдымен, мемлекеттік дең­гейде кеңістік деректердің ұлттық ин­фра­құрылымын құруымыз керек. Осылайша, АӨК-тің барлық сала­ла­рындағы бытыраңқы мәлі­меттердің түрлі базаларын бір жүйе­ге келтіру қа­жет. Ол үшін министрлік пен Үкімет тарапынан қажетті ұйымдастыру, заң­намалық негіздерді жасау жұмыс­тары жүргізілуі тиіс.

Екіншіден, ауылды елді ме­­­кен­дердің көбінде ұялы байланыс пен ғаламтор жүйесі тұрақты түрде жұмыс істемейді. Ал бұларсыз дәл егін шаруа­шылығы тех­­нологиялары мен сандық жүйені енгізу мүмкін емес. Себебі қолда­нылатын тех­ника мен техноло­гиялық жабдықтар жерсеріктік навига­ция арқылы ғана жұмыс істей алады.

Үшіншіден, өндірісті ауа райы­ның нақты болжамымен қамтамасыз ету мәселесі болып отыр. Ауа райының нақты болжамынсыз, әсіресе бір айлық болжам мәліметтерінсіз, егіншілік технологияларынан ауқымды нәтиже күту мүмкін емес. «Қазгидромет» қызметінің қазіргі мүмкіндіктері 60 пайыз ғана ықтималдықпен болжам жасай алады. Ал дамыған елдерде, мәселен АҚШ, ЕО елдерінде, Қытайда метео­қыз­меттер 80 пайыз дәлдікпен ауа райын, ең  бастысы, жауын-шашын мөлшерін болжап бере алады. Олар бұл жетістікке елдің ау­қымды аумағын жергілікті мете­о­стансалар желісімен қамту нәти­жесінде қол жеткізген. Мысалы, Қытайда жер­гілікті метео­стансалар елдің барлық аумағында әр 10 шақы­рым сайын орна­тылған. Бізге де осын­дай гидромет­қызмет жүйесін қалып­тастыру қажет. Егер біз көктемгі және жазғы мау­сым­дардағы жауын-ша­шындарды тиім­­ді пайдалана білсек, респуб­лика­дағы дәнді дақылдардың өнімділігін бірнеше есеге арттыруға болады.

Әлемдік экономиканың жаһандану үдерісінің белең алуы мен соның нә­тижесінде әлемдік және ішкі азық-түлік нарығындағы бәсекелестіктің артуы бүгінгі күні бізден агроөнер­кәсіптік кешендердің бәсекеге қабі­леттілігін арттыруға бағытталған пәр­­­­­­менді іс-шараларды жүзеге асы­­­­­­­­­­руы­­­мызды талап етеді. Осы жағ­дайда цифр­лы технологиялар негізіндегі сала­лар­дың дамуына ден қойып, сол ар­қы­лы өндіріске жасанды интеллектіні енгі­зуге арналған негіз жасауымыз қа­жет. Бұл – біздің бола­­шағымыз», – дейді «Қазақ Ұлттық аг­рарлық зерттеу уни­верситеті» КеАҚ басқарма төраға­сы – ректоры Ақылбек Күрішбаев.

Кейбір мамандықтар жойылады

Ғалымдардың болжамы бойынша, 2030 жылға қарай барлық жүйеде сан­­­дық технология жұмыс істей бастайды. Бұл тұста қазіргі бар мамандықтардың арасынан 57-сі түбірімен жойылып, оның орнына 186 жаңа мамандық пайда болады. Ал Microsoft кор­по­рациясының негізін қалаушы Билл Гейтстің ай­туынша, алдағы 20 жылда қазіргі маман­дықтардың көпшілігі автоматты бағдарламалармен жабдық­тала­тын­дықтан, біліктілігі төмен қыз­мет­керлер бәсекеге ілесе алмай қалуы мүмкін. Жыл сайын өтетін әлемдік деңгейдегі «Давос» экономикалық фо­румында сарапшылар әлемде жасанды ин­теллект пен роботты техниканың дамуы нә­тижесінде 2 млн жаңа жұмыс орны ашылатындығын сөз еткен. Бірақ тех­нологиялық жетістіктер дәл осы мерзімде 7 миллионнан астам жұмыс орнын қысқартуға алып келе­тіндігі тағы да атап көрсетілді. Қазір мектеп қабырғасында жүрген оқушы­лардың болашақта 63 пайызы бүгін заты түгіл аты белгісіз мамандықтар бойынша жұмыс істейтіні рас. Қыс­қасы, біз орасан зор технологиялық өз­герістер дәуірінің табалдырығында тұрмыз деген сөз.

Осы қысқартылып кететін ма­ман­дардың қатарында ауыл шаруа­шылығы саласына қатыстысы бар екені шындық. Мысалы, қазір көп жағдайда меха­низатор, тракторшы, жүргізуші, таразы, тазалықшы, малшы деген ұғымдар оператор, пилоть, бағ­дарламашы және тағы басқа болып өз­геруде. Шындығына қарасақ, алып комбайнның кабина­сында отырған адамға қарап құдды бір бағдарламашы деп қалуыңыз әбден мүмкін. Себебі мұндағы барлық басқару тетігі тек монитор арқылы жүзеге асы­рылып отырады. Монитордың тілін білмесең –  механизатор да, тракторшы да емессің.

Осы сияқты өсімдік шаруа­шы­лы­ғына да цифрлық технология дендеп енгені сонша қолына баяғыдай қо­быратып қағаз бен қалам және сызғыш сынды өлшеуіш құралдарын ұстап жүрген аграном аз бүгінде. Көбі бір ғана планшетпен алқапта емес кеңседе отырып, егістіктегі бар жағдайды ба­қылауында ұстайды. Бір айтатыны, бұл жағдай асқан дәлдікте жүргізілетіні тағы бар. 

Мал шаруашылығы саласында да дәл осындай жағдай болып жатыр. Сон­дықтан мамандардың кейбіреуі ескі тә­­­­­­сілдерін ауыстырып, жаңашылдықты меңгергені жөн болмақ.  

Жерді цифрлық картаға енгізу қажет 

«Ең алдымен, бізге сандық тех­нологияны енгізуде жерді қашықтықтан зонттау тәсілін мықтап тұрып қолға алуымыз керек», – дейді С.Сейфуллин атындағы ҚАТЗУ жанындағы Агро­өнеркәсіптік кешенді цифр­ландыру, Технологиялық құзырет ор­талығының директоры Фараби Ермеков.

Алдымен, әр шаруа өз алқаптарын цифрлық картаға енгізгені жөн. Бұл аса бір қиын шаруа емес. Қазір бізде көбіне әкімшілік құрылымдар есеп берумен ғана шектелетіні жасы­рын емес. Айталық, жыл соңында ауыл әкімі аудан әкімшілігіне, аудан об­лысқа, облыстан республикалық дең­гейге көтеріліп, жиналған мәлі­мет­тер не­гізінде есеп береді. Бұл есеп жолда біршама өз­геріс­терге ұшырап кетуі әбден мүмкін. Оған көзіміз нақты жетпейді. Сол себепті біз ғалымдар жерді қашық­тықтан зонттау тәсілін ұсынамыз. Жерді қашықтықтан зонттау арқылы жер қыртысында не болып жатқанын түгелдей бақылауда ұстап тұра аламыз. Ауа райының жағдайы мен мал шаруа­шылығы, егін тіпті орман шаруашы­лығының жай-күйін де толық көріп отырамыз. Тағы бір айтатын дүние – агроөндіріс ке­шенін компьютерлік модельдеу тәсілі. Бүгінгі біздің қолға алып отыр­ған жұмысымыз – осы. Бұл жерге АӨК-нің барлық мәлі­метін топ­тастырамыз. Әрине, ол үшін бізге жергілікті әкім­шіліктер мен министр­лік қолдау көр­сетуі керек. Себебі біз­дегі ақпарат жет­кіліксіз болуы ықти­мал. Сондықтан министр­лік та­­­­­­ра­­­­­­пынан АӨК моделін жасап бір жүйеге кел­тірсек, онда біздегі бар проблемалардың көпшілігін алдын алуға болар еді», – дейді Фараби Ермеков. 

«Интерактивті картаның тағы бір тиімді тұсы – электронды жүйе болған­дықтан, белгілі дәрежеде адами фак­торды жояды және жер қатынастары саласындағы заңсыз мәмілелер дең­гейін төмендетуге өзіндік септігін тигі­зеді», – деген еді Ауыл шаруашылығы экс-министрі Ербол Қарашөкеев цифр­лық карталар турасында.

Премьер-Министр Әлихан Смайы­­лов ғарыштық мониторингті қолдана отырып, бос жатқан және мақсатсыз пайдаланылған жерлердің бар-жоғына бағалау жүргізуді жал­ғас­тыру керек деген болатын. Бұл орайда ол JerInSpectr платформасын пай­далануды тілге тиек етті. «Қазақ­стан Ғарыш Сапары» ұлттық компан­иясы­ның ма­мандары әзір­леген, ауыл шаруа­­шы­лығы жер­лерінің тиімді пайда­лануына мо­ниторинг жасайтын аталған жоба 2022 жылдың 1 шіл­десінен бастап іске қосылған бола­тын. Плат­форма ға­рыш түсірілім­дерін, карто­графия­лық мате­­­­риал­­­­­дарды, кадас­трлық деректер мен жер балансы ақпаратын бірыңғай элек­тронды құжат айналымы ретінде түзеді. Соның нәтижесінде жер пайда­ланудағы заң­бұзушылықтарды анық­тап, шаралар қабылдауға көмектеседі.

Дәл қазір Цифрлық даму ми­нистр­лігі AGROSPACE деп аталатын тағы бір платформаны құрудың алғышарттарын қарастырып жатыр. Бұл жоба латифун­дистерді әшкере етіп, жердің әу бастағы негізгі міндеті саналған ауыл шаруа­шылығы саласын дамыту бағытына орай икемделмек. Бұл да өз кезегінде ақпараттар базасы ретінде орасан зор пайда әкелуі тиіс. 

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпараты бойынша, елімізде жалпы аумағы 205,4 млн гектар болатын ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл – республика аумағының (272,5 млн гектар) 75 пайызы. Цифрлы картада бәрі тоғысады – жол желісі, гидро­графия, инфрақұрылым нысандары, жем­­шөп саласы мен қорлардың аумағы туралы деректер тоғыстырылмақ. Цифр­лы карта 2024 жылдың соңында дайын болады деген болжам бар. 

Білгір маман бәрін өзгертеді

Қарағанды облысына қарасты Шах­терское ауылдық округінде «Шах­терское» деп аталатын ауыл шаруа­шылық тұқымдарын өндіріп, сатумен айналысатын серіктестік бар. Осыдан бірнеше жыл бұрын аталмыш серік­тестік Астанадағы ЖОО бі­тіруші түлектердің бірнешеуін жұмысқа қа­былдады. Енді ғана оқу бітірген жас­тарға қызметтік көліктен бөлек, тұр­ғын үй, ондағы жиһаз бен қажеттінің бар­лығын түгел сатып әперетіндігін айтты. Түлектерді арнайы конкурспен қа­былдаған серіктестіктің басшысымен жолығып, мән-жайды білген едік. 

«Біздің шаруашылық 2001 жылдан бастап серпінді түрде ауыл шаруа­шылығы дақылдарын өсірумен айна­лысып келеді. Мамандар да таңдаулы жандар. Дегенмен заман өзгеріп, тех­нологиялық жаңашылдық болып жа­тыр. Осы сәтте біздегі бар мамандардың жаңа технологиялық мүмкіндікті иге­руі қиынға соқты. Сол себепті біз оқуды енді бітірген жас­тарды жұмысқа қа­былдауды дұрыс деп шештік. Себебі олар цифрлық жүйені толық меңгерген. Техника мен техно­логияның мүмкін­дігін біледі. Олардың жақсы жұмыс істеуі үшін бар жағдайды жасай отырып, жоғары айлық ұсындық. Тұратын пәтерлерін де жаңадан салып шықтық. Тіпті, олар ауылда отырса да пеш жақ­пайды. Бүгінде ауылды түгел орталық­тандырылған жылу жүйесіне қостық. Әзірге жаман емес, жас жігіттер өзде­рінің бар қабілетін көрсетіп отыр. Сәй­кесінше, өнімділік те артты. Қажет кезде біліктіліктерін арттыру курс­тарына да барып келеді», – дейді се­ріктестік директоры Георгий Прокоп.

Біз мәліметтер дерегінің ақпарат­тарына сүйене отырып, «Шахтерское» шаруа қожалығының болжамды жыл­дық кірісін саралап шықтық. Шынымен де, қожалық білікті жас мамандарды жұ­мысқа қабылдаған 2020 жылғы жалпы кіріс 12,3-18,6 млрд теңгеден, 2022 жылы 22,8 млрд теңгеге жеткен. Кіріс ұдайы өсіп келе жатқанын аң­ғартты. Бұл жерде шынымен жас­тардың заманауи технологияны тиімді пайда­ланып отырғандығының айғағы. 

Ауыл шаруашылығы саласы дамы­ған жетекші елдердің тәжірибесі олардың «технологиялық рево­люция­ны» бастан өткергенін көрсетеді. RolandBerger зерттеу агенттігінің мәліметі бойынша, жыл сайын Азия­дағы әлеуетті өсудің 20 пайызы ауыл шаруашы­лығындағы иннова­циялық технология­лардан келеді. АҚШ, Канада және Аустралиядағы ауыл шаруашы­лығында цифрландыру және автомат­тандыру технологияларын енгізу тәжі­рибесі арқылы ауылдық ау­мақтар­дың эконо­ми­калық дамуына ықпал етуде. 

Уақыт өте келе көптеген компа­нияның менеджерлері телематика ар­қылы нақты уақыт мониторингін анық­тап, GPS мониторингін бақылауда ұстап отыр. Бұл – жоғарыдағы сарапшы Фараби Ермековтың айтып отырған тағы бір үлкен сала. 

«GPS навигациясы, жабдықты ба­қылау, тасымалдаудан бастап кез келген техниканың барлық жай-күйін, оның тоқтаған жері мен жанармай деңгейін, тіпті ақау шыққан тетікті де кабинетте отырып бақылауға болады. Бұны қа­­­шықтықта отырып кешенді қадағалау деп ұққан дұрыс. GPS мо­ниторингін енгізу туралы шешім адам факторының әсерін барынша азайтады және бас­қарушы диспетчер қашықтығы техни­каның барлық мә­селесін бір орында отырып шешеді. GPS бақылау жүйелері көліктер мен жабдықтарды бақылау және оларға техникалық қыз­мет көрсе­тудің ашық және ыңғайлы процесін қам­­тамасыз етеді», – дейді жас ғалым PhD Қазбек Ғалымтайұлы.

Дәл қазіргі кезеңде ауыл шаруа­шылығына цифрлы техноло­гияны енгізуден басқа саланы дамы­тудың өзге жолы жоқ. 2018 жылдың соңында ел Үкіметі 2021 жылға дейін ауыл шаруа­шылығы саласын цифр­лан­дыруды толықтай аяқтауды жос­парлаған бола­тын. Ал 2025 жылға қарай цифр­ландырудан күтілетін экономи­калық пайда көлемі 40 млрд теңгеге дейін өседі деген болжам айт­қан. Ең өкініштісі сол, бүгін 2023 жыл болса да, сала толықтай сандық үлгіге өтпей отыр. Оған түрлі әкімшілік жеке адам факторы да кері әсер етуде. Десе де, еліміздің ауыл шаруа­шылығы сала­сын цифрлы форматқа көшіру уақыт күт­тірмейтін мәселе екенін ескерген дұ­рыс. Сондықтан Үкімет те, министр­лік те кедергілерді жоюмен қатар шаруа қожалықтарының өкілдерін жап­­­­­­­пай қайта даярлаудан өткізіп, сан­дық технологияның мүм­кіндігіне жол ашып берсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Бердібек ХАБАЙ