Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасаған облыс басшысы Дархан Сатыбалды бұл аумақтық бөлінумен тікелей байланысты екенін жеткізді. Себебі негізгі өндіріс орындары Шымкент қаласы аумағында қалып қойған. Ендігі мақсат – облыстың өндіріктік әлеуетін тиімді пайдаланып, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы салаларын ары қарай дамыту.
Облыс әкімі 2023 жылдың 10 айында Түркістан экономикасы оң өсімге қол жеткізіп, жалпы өңірлік өнім көлемі 3 трлн теңгеден асқанын атап көрсетті. Нақтырақ айтқанда, өнеркәсіп өнім көлемі 2 пайызға артып, 758 млрд теңгені құрады.
Дархан Сатыбалды өсім негізінен сүт, тоқыма және электр жабдықтары өндірісінің есебінен орын алғанын жеткізді. Дегенмен қазір облыс өнеркәсібінің негізін тау-кен, яғни уран өндірісі құрайтынын айтты.
«ҚазАтомпром» ұлттық компаниясы Созақ ауданында күкірт қышқылын өндіретін зауыт салуды жоспарлап отыр. Жер учаскесі анықталып, компания тарапынан техникалық-экономикалық негіздеме әзірленуде. Ендігі жылы құрылысы басталады. Жобаның құны – 100 млрд теңгеге жуық», – деп нақтылады өңір басшысы.
Агроаймақ алда келеді
Аймақтың агросаладағы жетістіктері де аз емес. Атап айтқанда, отандық брендке айналған «оңтүстіктің өнімі» республикада көш бастап тұр. Мәселен, биыл он ай ішінде облыста 1 трлн теңгеден аса ауыл шаруашылығы өнімі жиналған. Өңір басшысы Дархан Сатыбалдының айтуынша, егістіктерді әртараптандыру нәтижесінде көкөніс, бақша өнімдерінен рекордтық 3,3 млн тонна жиналды. Сондай-ақ салада жаңа технологиялар кеңінен қолданылуда.
«Қарқынды бау көлемі 5 405 гектарға жеткізілді. Нәтижесінде, өнімділік 5 есеге артып, 350 центнерге дейін өнім жиналуда. Су үнемдеу технологиясы 31 788 гектарға, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы ендіріліп, суды 2 есе үнемдеуге мүмкіндік беріп отыр. Жылыжайлардың жалпы көлемі 1 640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналды. Бұған қоса, 100 гектардан агроаймақ құрып, 2027 жылға дейін 500 гектарға жаңа жылыжай салуды жоспарлап отырмыз», – деп мәлім етті облыс әкімі.
Аймақ басшысы жылыжай шаруашылықтарын қолдаудың жаңа тетіктері әзірленіп, жылыту шығындарын субсидиялау ережесі бекітілгенін жеткізді. Ал жылыжайларды бір орталықтан қатты отынмен қамтамасыз ету үшін арнайы кооператив құрылып, көмір өндірушілерден тікелей тасымалдау келісілгенін айтты.
Сонымен қатар мақтаның нарықтық бағасы жыл сайын құбылады әрі экспортқа тікелей тәуелді. Осыған байланысты мақта-тоқыма кластерін құру жобасы әзірленген.
«Қазір шетелдік ірі тоқыма компанияларымен Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы бірқатар жобаларды жүзеге асырып, мақта бағасына экспорттық тәуелділікті төмендетуді көздеп отырмыз. Сондай-ақ мақта дақылын рентабельділігі жоғары дәндік жүгері дақылдармен алмастыру мақсатында «Жылына 150 мың тонна жүгері дәнін терең өңдеу зауыты» жобасы жүзеге асырылуда. Құрылыс басталды, 2025 жылдың соңына дейін аяқталады», – деді өңір басшысы.
Дархан Сатыбалды Түркістан өңірі ауыл шаруашылығының дамуы бойынша да алдыңғы қатарда екенін атап көрсетті. Оның мәліметінше, мал басы өнімділігі орташа есеппен 5 пайызға өскен. Ет экспорты бойынша облыс республикада көш бастап тұр. Экспортқа шығарылатын ірі қара мал етінің 85 пайызы, ұсақ мал етінің 60 пайызы – оңтүстік өңірдің үлесінде. Облыс әкімінің айтуынша, аймақтағы халқтың 80% ауылда қоныстанған. Негізгі кәсібі – ауыл шаруашылығы. Басқа саламен салыстырғанда табыс төмен. Осыған орай, ауыл халқының әл-ауқатын жақсарту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, биылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы 6 бағытта іске асырылуда. Бұл мақсатқа бюджеттен 19,8 млрд теңге бөлінген. Пилоттық жобаға енген 64 ауылдық округте 14,8 млрд теңгеге 2 496 жоба қаржыландырылып отыр.
Нәтижесінде, 3 413 жаңа жұмыс орны ашылады, қосымша 30 млрд теңгеге өнім өндіріледі, жобаға қатысушылардың орташа табысы өседі, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азаяды, қайта өңдеу кәсіпорындарының жүктемесі ұлғаяды деп күтілуде.
Кәсіпкерлікке бастау – басты міндет
Түркістан өңірінде шағын және орта бизнесті дамыту үшін қолайлы ахуал қалыптасқан. Облыс әкімдігінің мәліметіне сәйкес, өңірдегі кәсіпкерлік субъектілерінің саны биыл 28 мыңға артып, жалпы 213 мыңға жеткен.
Облыс басшысының айтуынша, шағын және орта бизнесті қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін бүгінде Сауран ауданында 30 гектар аумақта шағын өнеркәсіптік аймақ жобасы іске асырылуда. Жобаға сәйкес, алдағы 3 жылда 42 өндірістік ғимарат салынады. Олар кәсіпкерлерге жеңілдетілген талаптармен ұсынылатын болады.
«Кәсіпкерлер 21,3 млрд теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді. Келесі жылы несиелендіру көлемін 40 млрд теңгеден асыруды межелеп отырмыз», – деп атап көрсетті Дархан Сатыбалды.
Өз ісін бастауға ниет білдірген азаматтарға «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» арқылы 20 мыңнан астам қызмет түрлері тегін көрсетілгенін жеткізген әкімнің айтуынша, жыл басынан бері түркістандық кәсіпкерлер сомасы 1 трлн теңгеден асатын өнім шығарған.
Сондай-ақ іскер азаматтарды қолдау мақсатында келесі жылдан бастап ауыл шаруашылығы өнімдерін сақтау қоймаларын салу үшін жұмсалған инвестициялық шығынның 50 пайызын өтеу мәселесі шешілген.
Бұған қоса, ауыл халқының жағдайын жақсарту мақсатында 6 бағытта «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынған. Бұл мақсатқа бюджеттен 19,8 млрд теңге бөлінді. Пилоттық жобаға 64 ауылдық округ белгіленіп, бүгінге дейін 15,6 млрд теңгеге 2 632 жоба қаржыландырылды.
«Жобаны іске асыру нәтижесінде 3 413 жаңа жұмыс орны ашылады, қосымша 30 млрд теңгеге өнім өндіріледі, жобаға қатысушылардың орташа табысы өседі, атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азаяды», – деп мәлім етті Дархан Сатыбалды.
Игілігі мол инвестиция
Облыс әкімінің айтуынша, өңірлік экономикаға тартылған инвестиция 1,4 есеге артып, көлемі 751,4 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде 532,6 млрд теңгесі – жеке инвестиция, 178,3 млрд теңгесі – бюджеттік инвестиция. Ал тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн АҚШ долларын құрап отыр.
– Бүгінде инвестиция көлемі 2,6 трлн теңге болатын 10 қытайлық компаниямен келісімге қол қойылды. Келісім аясында өңірде жиһаз, шұлық өндірісі, мақта шитін өңдеу және сұрыптау, полиэтилен пленкаларын және тамшылатып суғару жабдықтарын шығаратын кластерді дамытуды жоспарлап отырмыз, – деді Дархан Сатыбалды.
2023–2026 жылдарға жалпы құны 3,3 трлн теңгені құрайтын 194 инвестициялық жобалардың пулы қалыптастырылды. Нәтижесінде, өңірде 16 467 жұмыс орны ашылады. Биыл 51 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінге дейін жалпы көлемі 85 млрд теңгеге жуық 39 жоба іске қосылды. Сонымен қатар шетел инвесторларын облысқа тарту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарлануда. Өңдеу өнеркәсібінде құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгін 11 млрд теңгеге 384 жаңа жұмыс орны бар 10 жоба іске қосылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады. Өңірдегі ірі жобаларды іске асыру есебінен алдағы бес жылда бюджетке қосымша 100 млрд теңгеге өзіндік кіріс кіреді деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны іске асыру жоспарланып, бүгінде 10 жоба іске қосылған.
Инфрақұрылымы жетік ел озады
Түркістан облысында халықты ауызсумен, табиғи газбен және орталықтандырылған электрмен қамтуды ұлғайту бойынша жоспарлы жұмыс жүргізілуде. Облыс әкімдігінің дерегі бойынша, биыл ауызсумен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 719-ға жеткен. Қосымша 20 елді мекенде жаңа су құбырлары салынады, 11 елді мекенде тозығы жеткен су жүйелері жаңартылады. Нәтижесінде, 88,6%, яғни 738 елді мекен және 2 068 мың адам таза ауызсуына қол жеткізеді.
– Қалған елді мекендерді алдағы үш жылда толық қамту жоспарлануда. Табиғи газбен қамтамасыз етуге келетін болсақ, 465 елді мекенде газ құбыры жүргізілді. Биыл 63 нысанның құрылысы аяқталып, қосымша 52 елді мекен табиғи газға қосылуға мүмкіндік алады. Нәтижесінде, газбен қамтылған елді мекендердің жалпы саны 517-ге жетті. Сондай-ақ облыста 98% немесе 816 елді мекен орталықтандырылған электр желісімен қамтамасыз етілген. Қалған 16 ауыл қашықтыққа байланысты басқа қуат көздерімен (күн панельдері, дизельді генераторлар) қамтамасыз етілген. Бес жыл ішінде облыстың 214 елді мекені сапалы электр энергиясын тұтынуға мүмкіндік алды. Биыл тағы 47 елді мекен қосылатын болады, – деп толықтырды Дархан Сатыбалды.
Дегенмен облыста электр энергиясы тапшы екені жасырын емес. Облыс әкімінің айтуынша, аймақта әлі де 320 МВт көлеміндегі электр энергиясына деген қажеттілік бар. Оның 80%-ы сыртқы көздерден тасымалданады. Бұл мәселені шешу үшін «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, қуаты мың МВт бу-газ орнату станциясын салу жоспарлануда. Бүгінгі таңда нысанға арналған жер учаскесі анықталып, құрылыс жұмыстары басталған.
Кәмила ДҮЙСЕН