Облыс болып қайта құрылған соңғы бес жылда инвестиция тарту бойынша үлкен жұмыстар атқарылғанын көреміз. 2018 жылдан бастап өнеркәсіп, жылжымайтын мүлік, ауыл шаруашылығы, туризм және жаңартылатын энергия көздері сияқты салаларға шамамен 6,3 млрд теңге инвестиция бағытталды. Негізгі капиталға құйылған қаражаттың көп бөлігі жеке инвесторларға тиесілі. Былтыр тартылған инвестициялар көлемі 8,5 есеге өсіп, 304 млрд теңгені құрады. Биыл қала экономикасына 350 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған.
Статистикаға сүйенсек, биыл 437,7 млрд теңгеге 30 инвестициялық жоба іске қосылды, 5 951 жаңа жұмыс орны құрылды. Қазір өңірдің 2023-2026 жылдарға арналған инвестициялық портфелінде 194-ке жуық жоба бар, бұл 16 мың жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Оның ішінде тікелей шетелдік инвестициялар тағы 2,3 миллиард долларды құрады. Мысалы, 2023 жылдың 10 айында инвестиция көлемі 750 миллиард теңгеден асты.
Соңғы 5 жылдағы инвестиция көлемі:
2018 жыл – 314,1 млрд теңге;
2019 жыл – 443,5 млрд теңге;
2020 жыл – 705,7 млрд теңге;
2021 жыл – 659,1 млрд теңге;
2022 жыл – 739,5 млрд теңге;
2023 жылдың 10 айында – 751,4 млрд теңге.
Жалпы алғанда, 2023 жылы негізгі капиталға 908,2 млрд теңге инвестиция құйылады деп жоспарлануда.
Осыған дейін Түркістан қаласында шетелдік капиталдың қатысуымен ірі инвестициялық жобалар іске асырылған. Мәселен, YDA Insaat түрік компаниясы Түркістандағы халықаралық әуежайдың құрылысына 72,4 млрд теңге инвестициялады. Түркістан Silkway Harbour түркиялық компаниясы қалада 90,4 млрд теңге сомасына көпбейінді «Керуенсарай» туристік кешенін салды. Ресей – Қазақстан бірлескен «Гевел» компаниясы қуаттылығы 50 МВт күн электр стансасын 34,9 млрд теңгеге салды.
Айта кетейік, бүгінде YDA Holding түрік компаниясы қалада 570 төсектік көпбейінді аурухана салып жатыр. Бүгінде құрылыс жұмыстарының 40 пайызы орындалды. Нысан 2024 жылдың соңында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ облыс әкімдігінің мәліметінше, 2019-2023 жылдары Түркістан облысында 10 577 жұмыс орнын құрумен 507,1 млрд теңге сомасына 172 инвестициялық жоба іске асырылды.
Инвестицияның көмегімен медициналық нысандар бой көтермек
Түркістан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы 49 медициналық пункттің құрылысы басталады. Жалпы, өңірде медициналық орталықтардың жетіспеушілігі басты мәселеге айналған. Кейбір ауылды аймақтарда денсаулық нысандарының жоғы анықталған. Өңірдегі өзекті мәселені шешу мақсатында биыл 122 жаңа нысан салу бойынша жауапты министрлікке ұсыныс хат жолданып, 49 медпункттің құрылысын жүргізу бойынша тиісті жұмыстар атқарылмақ.
Аталған бағдарлама аясында қалған 73 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттердің кешенді жоспарын әзірлеу қолға алынған.
Айта кетейік, Келес ауданына – 20, Мақтааралға – 12, Жетісайға – 11, Қазығұртқа – 7, Сарыағашқа – 7, Түлкібасқа – 6, Төлебиге – 5, Сауранға – 2, Бәйдібек, Созақ пен Отырарға бір-бірден жаңа құрылыс медициналық нысандары қажет. Мәселені жылдам шешудің жолы инвесторлардың ықпалы болмақ. Осыған байланысты «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен өңір кәсіпкерлері, палата өкілдері қатысты. Кәсіпкерлерге медициналық нысандар салуға инвестиция салу жөнінде ұсыныс беріліп, мемлекеттік қолдаулар жайы түсіндірілді.
Алдағы уақытта ғимараттар бой көтеретін елді мекендер қатары анықталып, инфрақұрылымы тереңірек зерделенеді. Медициналық пункт, ФАП, дәрігерлік амбулаторияның жобалық-сметалық құжаттары бірыңғай үлгіде дайындалып, ұсынылады. Аталған шара аясында Денсаулық басқармасы мен палата өкілдерінен құралатын жұмысшы топ бірлесе жұмыс атқарады.
Жалпы, жоспар іске асқан жағдайда инвесторлардың күшімен бірқатар елді мекенде медициналық жаңа нысандар ел игілігіне беріліп, халықтың ем-дом алуына қолайлы жағдай жасалады.
Көршілес елден мақта шаруашылығына қаражат тартылады
Өзбекстаннан келген кәсіпкерлер Түркістан облысында мақта өңдеу, Былғары және жеңіл өнеркәсіп жобаларын ұсынды. Кәсіпорындар бірлескен өндірістерді іске қосуға 5 млрд теңге салуға дайын. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кездесуге Өзбекстанның «Узчармсаноат», «Узтекстильпром» бірлестіктерінің 50-ден астам өкілі келді. Инвесторларға өзара ынтымақтастықтың тиімді шарттары ұсынылды. Облыс басшысының айтуынша, өңір Орталық Азиядағы бизнесті кеңейтудің жаңа көкжиегіне айналды. Түркістан облысы арқылы өтетін Батыс Қытай – Батыс Еуропа халықаралық көлік дәлізі әлемдік нарыққа шығу үшін жаңа мүмкіндіктер ашып отыр. Алдағы уақытта облыс экономикасын дамытудың драйвері болатын бірлескен жобалар іске асырылады.
Өз кезегінде Өзбекстан елшісінің Қазақстандағы кеңесшісі Отабек Әлімов екі ел арасында сауда қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. «Соңғы бес жылда тауар айналымы екі есе өсіп, өткен жылы 5 млрд теңгені құрады, бұл ретте қазақстандық экспорттың көлемі Өзбекстаннан үш есе көп. Дегенмен екі елдің президенттері бұл көрсеткішті екі есеге арттыруды міндеттеді. Екі жыл бойы біз осы көрсеткішке жету үшін бірге жұмыс істеуіміз керек. Біз сіздің өнімдеріңіздің сапасына ризамыз. Сонымен қатар өңіраралық көрмелер, жәрмеңкелер, форумдар мен мәдени іс-шаралар өткізуді ұсынамын», – деді Өзбекстан делегациясының өкілі.
Ұлы Жібек жолы қайта жаңғырмақ
ҚХР мемлекетіне жұмыс сапарымен барған Түркістан өңірінің делегациясы бірнеше аудан, қала әкімі мен кәсіпкерлерден құралған делегация Иу қаласында орналасқан ірі тоқыма кластерімен танысты. Бұл өнеркәсіпте 300-ден астам адам Қытай нарығына және сыртқы нарыққа да шұлық және тоқыма өнімдерін өндірумен айналысады. Сонымен қатар ірі әлемдік брендтердің тапсырыстарын орындайды.
Одан кейін түркістандықтар кіші өндіріске арналған жабдықтар сату орталығымен танысты. Бұл орталық 2000-нан астам жабдық түрін ұсынады. Жабдықтардың арзан бағада ұсынылуы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жаңа кіші өндіріс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Кездесу барысында Иу қаласының кәсіпкерлік палатасы басшысы Мистер Лиу Түркістан өңірі кәсіпкерлеріне жабдықтарды сатып алуда толық қолдау көрсететінін айтты.
Сондай-ақ делегация күн сәулесінен энергия алатын бақылау камераларын және жарық шамдарын өндіретін кәсіпорында болды. Мұнда 200-ден астам жұмыспен қамтылып, бақылау камераларының 100-ден астам түрі және жарық шамдарының 50-ге жуық түрі өндіріледі. Компания басшылығына Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылып, әріптестік байланыс орнату ұсынылды.
Иу қаласында кәсіпкерлік палатасының ұйымдастырылуымен Қазақстан және Қытай кәсіпкерлері арасында B2B форматта бірқатар кездесу өтті. Жүздесу барысында Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті таныстырылып, инвесторларға арналған мүмкіндіктер туралы айтылды. Келіссөз барысында Иу қаласының мектепке арналған керек-жарақ бұйымдар өндіретін кәсіпорны Түркістан облысында өндіріс орнын ашуға қызығушылық білдірді. Сонымен қатар Иу қаласының кәсіпкерлер палатасы мен Түркістан облысының өнеркәсіп және кәсіпкерлік басқармасы арасында достық және ынтымақтастық қарым-қатынас меморандумына қол қойылды.
Осылайша, ежелден арасын Ұлы Жібек жолы байланыстырған киелі Түркістан қаласы мен Қытай елінің өңірлері іскерлік әріптестік қатынасты қайта жандандыруды көздеп отыр. Жақында аспан асты еліне арнаулы іссапармен барған бизнесті қолдау жане туризм бөлімінің басшысы Мұхтар Төлепов ҚХР-дың Хэнан провинциясында құрылыс материалдарын, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін зауыт басшыларына және тағы басқа ірі кәсіпкерлеріне іскерлік байланыс шарттарын таныстырып, Түркістан қаласына инвестиция құю тиімділігіне тоқталды. Сәндеуге және әрлеуге арналған құрылыс заттарын әзірлейтін зауыт басшылығымен кездесу барысында екіжақты ынтымақтастық меморандумына қол қойылды.
Сонымен қатар делегация өкілдері Чжэнчжоу және Иу қалаларындағы жаңа өндірістік технологиялармен, шағын және орта бизнеске арналған жабдықтармен танысты. Сапар барысында Чжэнчжоу қаласының аббатандыруға арналған Shuangqiao Flower компаниясының өсімдіктерді, гүлдерді және декоративті ағаштарды өсіру және сату тұқымбағы жұмыстары көрсетілді. Аталған тұқымбаққа 3 000-нан астам гүлдің тұқымдары мен түрлері және 1000-нан астам декортативті ағаш түрі әзірленіп, импортқа шығарылады.
Іссапар барысында Чжэнчжоу қаласындағы балық өсірумен айналысатын шаруашылық Сауран ауданындағы кәсіпкермен бірлескен жобаны іске асыру бойынша өзара уағдаластыққа қол жеткізді.
Катар елі ет өндірісіне қаржы құймақ
Жақында агроөнеркәсіптік кешенін дамыту, озық елдермен тәжірибе алмасу мақсатында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов және «Қайып ата» ЖШС-ның бас директоры Сырым Ертаев Қатар елінде болды. Іссапар барысында облыстық делегация Катар елінің ет өнімдерін дайындау және экспортаумен айналысатын ең ірі Widam Food Company, KOWKABET ALSHARQ компанияларының тәжірибесімен танысты.
Widam Food Company QSC – Катардағы ең ірі мал жеткізушісі және балғын, салқындатылған және мұздатылған ет өндірушісі. Катар нарығына тек ең балғын, ең сапалы ет жеткізуші. Бүгінде компания ауыл шаруашылығына инвестиция салу, жергілікті өндірісті қолдау және стратегиялық халықаралық серіктестік арқылы әлемнің түкпір-түкпірінен жоғары сапалы ет жеткізуді қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Компания 2004 жылы қарапайым мақсатпен жұмысын бастаған. Widam Food Company компаниясының бас атқарушы директоры Әл Ноубай Әл Марридің айтуынша, жақын арада компания өз қызметін Парсы шығанағы нарығына кеңейтуді жоспарлауда.
KOWKABET ALSHARQ серіктесті-гі – Таяу Шығыс елдеріндегі бөлшек сауда орындарына ет (қой етін) жеткізуші. Бүгінде «Түркістан ет комбинаты» ЖШС мен KOWKABET ALSHARQ серіктестігімен қой етін шетелге экспорттау бойынша келісімшарт жасау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, жылына 15 мың тонна қой еті экспортталады деп жоспарлануда. Келісім бойынша, бір бас – 30 келіден төмен болуы керек және оның 1 келісінің бағасы шамамен 7-8 долларды құрайды.
Катар елінің инвесторлары Қазақстанның қой етіне үлкен қызығушылық танытып отыр. Кездесу нәтижесінде тараптар екі ел арасында ет өнімдерін өткізу нарығын дамыту үшін маркетингтік зерттеуді қолға алып, бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағытында жұмыстарды жандандыруға келісімге келді.
Айта кетейік, Қазақстанда шетелдік нарықта бағаланатын сапалы ет өндіріледі. Мал шаруашылығының дамуы бойынша Түркістан облысы республикада алдыңғы орында. Мал басы және өнімділігі орташа есеппен 5%-ға өсуде. Ет экспорты бойынша облыс республикада көш бастап тұр. Ірі қара мал етінің үлесі – 85%-ды, ұсақ мал 60%-ды құрайды. 10 мың тонна ірі қара мал, 4,6 мың тонна қой еті экспортқа жөнелтілді.
Кәсіпкерлік – өңір экономикасының негізі
Бүгінде өңірде халықаралық әуежай, заманауи теміржол вокзалы жасақталып, қаланың барлық инфрақұрылымы жаңартылғанын көреміз. Туризм, ауыл шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, көлік, тасымалдау, логистикалық қызметтер сияқты жүйе құраушы салалардың, сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуы аймақ экономикасының дамуына серпін береді. Қазір Түркістан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті жүргізу үшін қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Мысалы, республика бойынша кәсіпкерлік шоғырланған алғашқы үштіктің арасында Астана және Алматы қалаларынан кейін Түркістан үшінші орында. Кәсіпкерлердің саны жыл басынан 28 мыңға артып, бүгінде 213 мыңды құрап отыр.
Биыл алғашқы жартыжылдықтың деректері бойынша, өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлік секторында 289 мың адам жұмыспен қамтылған, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бизнес субъектілері 58 мың адамды жаңа жұмыс орындармен қамтамасыз етті. Атап айтқанда, ШОБ өкілдері қаңтар-маусым аралығында 565 млрд теңгеге жуық өнім өндірген. Өткен жылмен салыстырғанда бұл 148 млрд теңгеге артық. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1,6 трлн теңгеге жеткізу жоспарланған.
Нарық заңдылықтарына сай бәсекеге бейім экономиканы қалыптастыру үшін мемлекет тарапынан жеке бизнес өкілдеріне қолдау көрсету – әлемдік тәжірибенің озық үлгісі. Осы негізде түркістандық кәсіпкерлер де Үкімет тарапынан көрсетілген қаржылай қолдау құралдарын пайдалану арқылы өз ісін дөңгелетіп отыр. Атап айтқанда, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба арқылы осы жылы қаңтар-қазан аралығында бизнес субъектілері 21,3 млрд теңгеге жеңілдетілген несиемен қамтамасыз етілді.
Алдағы 2024 жылда кәсіпкерлерді жеңілдетілген несиелендіру көлемін 40 млрд теңгеден асыру көзделіп отыр. Несиелердің пайыздық мөлшерлемесін төмендету үшін облыстық және республикалық бюджеттерден қажетті 13 млрд теңге көзделуде.
Ауыл халқының жағдайын жақсарту мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес биылғы жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы 6 бағытта іске асырылуда. Жоба шеңберінде бизнесін бастаймын немесе кеңейтемін дегендерге 2,5%-бен 5 жылға дейін несие беру көзделген. Бұл мақсатқа бюджеттен 19,8 млрд теңге бөлініп, 16,5 млрд теңгеге 3 мыңға жуық жоба қаржыландырылды.
Кәмила ДҮЙСЕН