Жақында Үкімет «биыл экономика өсім көрсетіп, инфляция баяулады» деген жыл қорытындысымен бөлісті. Ендеше, әлеуметпен астасып жататын бұл саладағы атаулы жобалар нақты секторды нығайтуға қалай әсер етті?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Үкімет алдына ұлттық экономика көлемін 2 есеге арттырып, 450 млрд АҚШ долларына жеткізуді міндеттеген. Бұл межеге жетудің басты тетігі – жыл сайынғы тұрақты экономикалық өсім көрсеткішін кем дегенде 6 пайыздық деңгейге көтеру. Үкімет стратегиялық мақсатқа қол жеткізуде өңдеу өнеркәсібі жобаларына басымдық береді. Экономист Юрий Масанов өз шолуында бұл бастамаларды «әлемдік күйзелістердің салдарымен күресу емес, керісінше, орнықты дамуға көшу жолы» деп сипаттады.
Статистикаға сүйенсек, былтырғымен салыстырғанда экономика барлық сала бойынша өсім көрсетіп отыр. Мәселен, 2022 жылдың қаңтар-қараша айларында елдегі барлық тауар мен қызметтің өндірісі 2,7%-ға өссе, қазір – бірден 4,9%-ға өсті. Ал жан басына шаққандағы ЖІӨ 11,5 мың АҚШ долларынан 13,3 мың АҚШ долларына дейін жетіп отыр.
Үкімет хабарламасынан биыл жаһандық құбылмалы жағдайлардағы сыртқы сын-қатерлерге еліміз лайықты төтеп беріп, стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырғанын көреміз.
«Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында және Қазақстан халқына Жолдауларында белгіленген ауқымды реформаларды іске асыру жалғасын тапты. Жаңа заңнамалық нормалар күшіне енді, бірқатар ірі мемлекеттік бастаманы, соның ішінде «Жайлы мектеп» және «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобаларын іске асыру басталды. Сонымен қатар Үкіметте дағдарысқа қарсы шаралар қолға алынды, бұл сыртқы күйзелістердің әсерін төмендетуге және алдағы кезеңге экономикалық дамудың негізін қалауға мүмкіндік берді», – делінген хабарламада.
Сарапшылар ел экономикасын дамыту бағытында атқарылған негізгі жұмыстар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы сайлауалды бағдарламасында және соңғы Жолдауда белгілеген ауқымды реформаларға негізделгенін айтады. Сонымен қатар 2023 жыл жаһандық экономикадағы өзгерістерге бейімделе отырып, инфляцияның артуы секілді айтулы мәселелерді ауыздықтай алуымен ерекшеленеді деп есептейді.
Джорджтаун университетінің түлегі, экономист Әсел Нүсіпованың пікірінше, Қазақстан биыл да өндіріс саласын әртараптандыру бағытында елеулі өзгерістерге қол жеткізе алмағанымен, сауда-саттық серіктестерінің географиялық шекарасын кеңейте түскен.
«Атап айтқанда, өткен жыл ішінде Қазақстан Түркия және Орталық Азияның басқа да елдері сияқты бауырлас елдермен ынтымақтастыққа ұмтылды. Маусым айында Президент Тоқаев Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен жоғары деңгейде өткен кездесу Еуропамен байланысты одан әрі нығайтты. Нәтижесінде, Штайнмайер қазақстандық инвестицияларға 50 миллиард доллар бөлу туралы уәде етті. Еуропамен байланысты дамытумен қатар, Қазақстан екінші бір стратегиялық әлемдік держава саналатын Қытаймен ынтымақтастықты кеңейтуде айтарлықтай жетістіктерге жетті. Ал 2023 жылы американдық-қазақстандық өзара іс-қимылдың шарықтау шегі Нью-Йоркте өткен C5+1 саммиті болды. Мұндай кездесулер бұрын да болғанымен, АҚШ президенті Орталық Азияның барлық бес мемлекет басшыларымен тікелей кездескен бірде-бір болған емес. Саммит АҚШ үшін геосаяси және жаһандық тұрақсыздық кезеңінде Қазақстан мен Орталық Азияның басқа елдерімен неғұрлым терең байланыстың маңыздылығын көрсетті. Осылайша, басқа елдермен байланыстарды нығайтумен қатар, Қазақстан елдің Ресеймен тығыз экономикалық байланыстарының жалғасуына қарамастан, сауда және инвестициялық бағыттарды әртараптандыруға басымдық берді», – дейді маман.
Дегенмен Мемлекет басшысының негізгі реформалары импортты отандық тауарлармен алмастыруға негізделіп отыр. Өңдеуші өнеркәсіп пен халықаралық саудадан түсетін пайданы асыруға баса назар аудару отандық экономикаға үлкен тұрақтылық беріп, жаһандық өзгерістердің әсерін төмендетеді. Қазақстан халқына Жолдауында Президент еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыруға баса маңыз беруді тапсырған болатын. «Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда. Бұл ретте, металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек», – деді Президент.
Дүниежүзілік тәжірибе көрсеткендей, ішкі экономиканы шикізат бағасына байлау дамушы елдердің экономикасына тән кемшілік. Экономикалық шолушы Ю.Масанов бұл бағытта Қазақстан экономикасы қазірдің өзінде жетістіктерге жеткенін баяндайды. Мысалы, статистикаға сүйенсек, жыл басынан бері экономиканың барлық салаларында 19,5 мың жұмыс орны құрылып, 967,7 млрд теңгеге 210 жаңа инвестициялық жоба іске қосылған. Жыл соңына дейін 1,6 трлн теңгеге барлығы 291 жоба іске қосылады деп күтілуде.
«Мәселе мынада, Қазақстанда шикізатты қайта өңдеу және дайын өнімді сату, оны шетелге жіберуден гөрі тиімдірек. Бұл жобалардың барлығы нарық үшін жаңа өнім болса, қазақстандық мамандар үшін тұрақты жұмыс орындары. Демек, әр отбасы үшін тұрақты табыс көзі. Ал нақты сектордағы кей салалар екі таңбалы өсімге қол жеткізген. Мысалы, машина жасаудағы өндіріс, яғни техника мен жабдықтар өндірісі төрттен бір бөлікке өсті. Оның ішінде, автомобиль жасау 41%-ға өсті. Автокөлік өндірісі – бұл дайын өнімді шығаратын ондаған ірі және шағын кәсіпорындарды қамтитын технологиялық жағынан күрделі салалардың бірі екенін түсіну маңызды», – дейді маман.
Бұл саладағы өзгерістер көзге ұрып тұр. Мысалы, Қостанайда Kia автомобильдерін шығаратын зауыттың құрылысы басталды. Сонымен қатар Skoda компаниясы да Қазақстанда жұмыс істеу жоспары барын мәлімдеді. Осының арқасында ел азаматтары үшін қолжетімді автомобиль брендтерінің саны артты. Мұндай кәсіпорындардың айналасында әдетте, автомобиль бөлшектерін шығаратын бүтін бір экожүйе құрылып, нәтижесінде аймақтағы шағын орта бизнестің дамуына серпін беріліп, нарыққа мультипликативті әсер етпек. Сондай-ақ биыл Қазақстан $65 млрд-тың өнімін экспорттады, сонымен бірге өңделген тауарлардың экспорты $21 млрд-қа жетті.
Үкімет баяндамасынан басқа салаларда да оң үрдістер барын көруге болады. Мысалы, еліміздегі құрылыс жұмыстарының көлемі жыл басынан бері 12,6%-ға өсті. Нәтижесінде, 15,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірден 15,6% - ға ұлғайған.
Жылдың тағы бір нәтижелі жетістігі инфляцияның екі есе төмендеуі болды. Биыл ақпанда 21,3%-ды құраған бұл көрсеткіш қарашада 10,3% деңгейіне тұрақтады. Бұл халықтың әл-ауқаты үшін маңызды, себебі тауар құны азаматтардың кірістерінен асып түспеуі қажет. Сондықтан Үкімет пен Ұлттық банк Президенттің тікелей тапсырмасына сәйкес 2023 жылы инфляциямен барынша күресті.
Оған әсер етуші ең маңызды факторлардың бірі базалық мөлшерлеменің өсуі болды. Сонымен қатар министрлер кабинеті жедел және орта мерзімді сипаттағы шаралар кешенін қабылдады. Биыл елдегі негізгі жұмыс беруші әрі сұранысқа ие тауарлар мен қызметтерді өндіруші ШОБ-ті қолдауға да басымдық берілді. Мәселен, бизнеске қойылатын 10 мыңнан астам артық талаптар жойылып, жаңа жылдан бастап бизнесті тексеру саны екі есеге азаяды.
Кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, бұл мақсаттарға «Бәйтерек» холдингі желісі арқылы 2,3 трлн теңге бөлінді. Шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау 209 млрд теңгеден 288 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Үкімет мемлекет қабылдаған шаралар нәтижесінде, биыл алғашқы алты айда ШОБ өнімі 29 трлн теңгеге дейін ұлғайғанын мәлімдеді. Ал осы сектордағы жұмыспен қамтылған азаматтардың саны 4,3 млн адамға дейін өскен. Бұл ретте, елдің ЖІӨ-гі ШОБ үлесі 36,4%-ға жетті.
Экономиканы монополиядан арылту жөніндегі комиссия жұмысы басталғаннан бері республикалық және коммуналдық меншікке 15 компания, 7 ғимарат, 160-ден астам теміржол мен құрылыстар және басқа да мүліктердің акциялар пакеті мен қатысу үлестері қабылданды.
Жоғарыда айтылғандардың бәрін қорытындылайтын болсақ, Қазақстан экономикасы әлемдік экономикадағы жаңа жағдайға бейімделе түсті. Статистикадағы бұл сандар еліміздегі нақты өзгерістердің, соның ішінде жаңа кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарының айқын көрінісі.
К.ЕРКІН