Жақында Астанадағы халықаралық мектепте 5-сынып оқушыларының жобасы мен зерттеуін ұсынатын IB PYP Exhibition 2024 көрмесі өтті.
Ғылымға қызыққан жас өрен: PYP Exhibition – 2024 көрмесі қалай өтті?
2,381
оқылды

Көрмеде оқушылар өзі таңдаған тақырып бойынша зерттеу нәтижесін ұсынды. Бұл – PYP бағдарламасының қорытынды іс-шарасы. Оқушылар өз білімі мен IB профилі дағдыларын қолданып, пәнаралық зерттеулер жасады. Ақпарат ағынында жұмыс істеу, тұлғааралық қарым-қатынас орнату, кез келген ақпарды сауатты және әдеп тұрғысынан пайдаға жарату, уақытты тиімді пайдалану дағдыларын көрсетті.

Сонымен қатар көрме аясында оқушылар өзі жасаған жобаларын таныстырып, оның мән-маңызын һәм салмағын түсіндірді. Сондай жас өреннің бірі, Астана қаласындағы халықаралық мектепте 5а-сыныбының оқушысы Әбілғазы Әлихан топ болып жасаған жобасы жайлы:

«Біздің тақырыбымыз – жаһандық спорттық іс-шаралар. Міне, мынау менің жобамның макеті. Қазір айналамызда өте көп қоқыс жиналады. Соны шешу үшін жобаны ойлап таптық. Өзіңіз көріп отырған стадионның астында қоқысты жинайтын механизм бар. Мұнда конвеер арқылы келген қоқысты гидравликалық пресс қысып, қалыпқа салады. Сөйтіп дайын болған қалыпты қоқысты қайта өңдеп, өнім шығаратын зауыттарға сатамыз. Біз бұл арқылы тек ақша тауып қоймай, қоршаған ортаға да пайдамызды тигіземіз, – дейді.

«Жаһандық спорттық іс-шаралар бүкіл әлемде мәдени түсіністік пен бірлікке ықпал етеді» деген тақырыпты зерттеген балалар спортшыларды емес, олардың өнерін тамашалайтын көрерменнің әрекетіне мән беріпті. Жапондар өздерінен кейін жан-жағындағы барлық қоқысты тазалап кететінінен шабыт алған оқушылар «өзін-өзі тазалаушы» стадион макетін жасапты.

Оған қоса, оқушылар қазіргі уақытта өзекті саналатын түрлі мәселені шешу үшін де көп ойланып, талаптанып, өзі өмір сүретін қоғамды жақсартуға мейлінше тырысып баққан. Мәселен, «Гуманоид роботтардың қоғамға интеграциялануы қазіргі өмірімізге өз ықпалын тигізіп жатыр» деп аталатын тақырыпта балалар роботтардың даму эволюциясын зерттеген. Олар ең алғашқы робот пен қазіргі роботтың макетін қатар қойып, тыңдаушыларға оның қалай өзгергенін түсіндірді. 

Тақырыпты зерттей келе аталмыш топтың балалары: «Гуманоид роботтарды аз мөлшерде шығарып, оларды адамның өміріне қауіп төндіретін атом электр стансасы, жер сілкінісінен кейін құлаған үйлердің үйіндісі секілді жерлерде қолдануы керек. Ал оларды жаппай шығару жұмыссыздыққа алып келеді», – деген қорытындыға келген. 

Ал басқа бір топ осы күнге дейін болған пандемиялардың тарихын зерттеген екен. Тыңдаушыларға адамзат тарихындағы пандемиялардан неше миллион адамның қайтыс болғаны жайлы ақпаратпен қатар, сақтық шараларын да ұсынды.  Эмоционал интеллект тақырыбын зерттеген оқушылар «Көңіл күй» шеңберін жасаған. Сөйтіп, келген тыңдаушылар шеңберді айналдырып, тоқтаған жерде жазылған «көңілді тапсырманы» орындап жатты.

Одан бөлек тағы бір топтың жас ғалымдары пластиктердің бірнеше түрін зерттеген. Зерттей келе, қайта қалпына келетін биопластиктердің өзге пластиктерге қарағанда зияны аз екенін анықтаған. Содан «сірке суы, глицерин, крахмал» секілді заттардың әрекетке түсуінен өздері қолдан пластик жасаған. Сол секілді өзге де оқушылар, мысалы, «цифрлық детокс» тақырыбын зерттеп, тыңдаушыларға виртуал әлемнің шырмауына түсіп кетпей, уақыт тауып, гаджеттер мен смартфондардан уақытша бас тартудың маңызын түсіндіріп жатты.

Осылайша, күні бойы өткен көрмеде ата-аналар мен ұстаздар, қала берді өзге де сынып оқушылары жас ғалымдардың өнертабысын  тамашалай келе, олардың ғылымға арнаған махаббатынан шалқар шабыт алып, болашақты жақсы жаққа өзгертуге деген рухани құлшыныс жинап қайтты деп ойлаймыз.