Жергілікті полиция департаменті бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Маңғыстау облысында мектеп түлектері жаппай төбелесті
Фото: видеодан кадр/instagram.com/112_aktau
1,790
оқылды

Маңғыстау облысы Бейнеу ауданындағы Боранқұл ауылында мектеп түлектері жаппай төбелес шығарған, - деп хабарлайды  Aikyn.kz Massaget.kz-ке сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде тараған  видеода ондаған оқушы төбелесіп, тіпті кейбірі тас лақтырып жатқанын көруге болады. 

Жергілікті полиция департаменті бұзақылық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. 

"Кәмелетке толмаған 47 бала полиция бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді", - дейді полицейлер. 

Көп ұзамай оқушылардың өзі де бұл жайтқа байланысты кешірім сұрады. 

"Соңғы қоңыраудан кейін азғантай келіспеушілік болды. Бұл жағдайда ешкім дене жарақатын алған жоқ. Осы жағдайға байланысты ата-аналардан, мектеп басшылығынан, мұғалімдерден кешірім сұраймыз", - дейді видеода оқушылар. 

Сонымен қатар ата-аналар да оқушылардың төбелесіне байланысты кешірім сұрады. 

"Бүгін, 25 мамырда соңғы қоңыраудан кейін аз ғана уақыт ішінде мектеп оқушыларының келіспеушілігіне байланысты түсіндіріп өтейін: біздің балаларымыз ешқандай дене жарақатын алған жоқ. Балалар аман, ешкімге талап-арызымыз жоқ. Мектеп мұғалімдері, директор, полиция қызметкерлері түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ата-аналар балаларының қасында түгел болды. Аз ғана сәтті кесіп, интернетке салып жіберуіне байланысты халық арасында түсінбестік туды. Халықтан кешірім сұраймыз", - дейді ата-аналар. 

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  Telegram арнасынан таба аласыз.