Екі ұшақ астаналық әуежайда соқтығысып қалды. Біреуінің ішінде 7 Парламент мүшесі болған.
Парламент мүшелері мінген ұшақ астаналық әуежайда соқтығысты
Ұшақтардың қанаты бір-біріне сырылып өткен. Фото Aviation A2Z сайтынан алынды. Авторлығы: Alan Wilson
2,789
оқылды

Aikyn.kz кеше болған төтенше оқиға туралы gizmodo.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

American Airlines-тің Нью-Йоркке бет алған ұшағында жеті Конгресс мүшесі болған. Фото The New York Times сайтынан алынды. Авторлығы: Al Drago

American Eagle компаниясының Вашингтоннан (Колумбия округі) Нью-Йоркке бағыт алған ұшағы бейсенбі күні (10 сәуір) күндіз Рональд Рейган ұлттық әуежайының ұшу-қону жолағында басқа ұшақтың қанатына соғылды. NBC News хабарлауынша, осы ұшақтың бірінде жеті Конгресс мүшесі болған. 

American Airlines компаниясының BBC-ге берген мәлімдемесінде екі ұшақта да зардап шеккендер жоқ екені, әрі олардың екеуі де тексеру үшін терминалға қайтарылғаны айтылды.

Жердегі соқтығысқа қатысқан рейстер – PSA Airlines компаниясы орындаған American Eagle 5490 рейсі және Republic Airways компаниясының American Eagle 4522 рейсі. 5490 рейсін орындаушы ұшақтың қанаты жергілікті уақыт бойынша сағат 12:45-те Конгресс мүшелері мінген, Нью-Йорктегі Кеннеди халықаралық әуежайына бет алған 4522 рейсінің ұшағын сырып өткен.

American Airlines компаниясының мәліметінше, Чарльстонға бағыт алған рейсте 67 жолаушы, ал Нью-Йоркке бет алған рейсте 76 жолаушы болған. Соңғысында Демократиялық партия өкілдері – Грегори Микс, Грейс Мэн, Джош Готтхаймер, Адриано Эспайят, Ричи Торрес және республикашыл Ник ЛаЛота болғаны расталды. Микстің айтуынша, бортта жалпы жеті Конгресс мүшесі болған.

Соқтығысудың нақты себебі белгісіз, Азаматтық авиация федералды басқармасы (FAA) тергеу жүргізіп жатыр. Фото khaleejtimes.com сайтынан алынды

Қазіргі уақытта соқтығыстың нақты себебі белгісіз, ал Азаматтық авиация федералды басқармасы (FAA) оқиғаға байланысты тергеу жүргізіп жатқанын хабарлады. Трамп әкімшілігі бұл жағдайдың FAA-дағы қызметкерлерді қысқартумен немесе диспетчерлердің жетіспеушілігімен байланысы жоқ екенін мәлімдеді. 

Ақ үйдің шұғыл ресми есебінде: «Авиадиспетчерлер, қауіпсіздік қызметкерлері немесе FAA-ның маңызды лауазымдары қысқартылған жоқ», – делінген.

Алайда борттағы демократ Готтхаймер әлеуметтік желіде: «FAA-дағы соңғы қысқартулар аспанымызды да, қоғамдық қауіпсіздікті де әлсіретуде», – деп жазып, Ақ үйді жауап беруге мәжбүр еткен. 

Трамп әкімшілігі расында да кейбір авиадиспетчерлерді жұмыстан босатқан. Көлік министрі Шон Даффи: «400-ге жетпейтін адам жұмыстан шығарылды», – деп мойындады. Кейбірі қайтадан жұмысқа алынғанымен, кадр жетіспеушілігі әлі де бар.

Reuters агенттігінің хабарлауынша, FAA толық құрамға жету үшін әлі шамамен 3500 диспетчерге мұқтаж. Екі ай бұрын дәл осы Рональд Рейган ұлттық әуежайының маңында Black Hawk әскери тікұшағы мен ішінде 64 жолаушысы бар жолаушылар ұшағы Потомака өзені үстінде соқтығысып, апат болған еді.  Бұл – Трамп әкімшілігінің алғашқы айларында болған бірнеше апат пен қауіпті жағдайлардың бірі ғана.

Бұндай авиациялық оқиғаларды Трамптың қарсыластары «елдегі авиациялық қауіпсіздік жүйесіне деген сенім әлсіреді, кадр тапшылығы мен басқарудағы мәселелерді қайта қарау керек» деген сындарды күшейтуге қолдануда.

Ұшақтардың ішінде мынандай қызықты жағдайлар да болады:

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.