Өнер әлемінде ұмытылмас, ұмытуға болмайтын тұлғалар бар. Уақыт өтсе де, олардың жасаған еңбегі еселене бағаланып, тарихи жұлдызы жарқырай береді. Қазақ сахнасының сондай жарық жұлдыздарының бірі Құрманбек Жандарбеков еді.
«Жылаған күйі сахнадан қаша жөнелдім…» – Құрманбек Жандарбековтің өнер жолы қалай басталды?
коллаж автордыкі
4,270
оқылды

Оның өмірі мен өнері – бір адамның тағдыры ғана емес, бір халықтың рухани айнасы іспетті деп есептейміз. Сондықтан биыл туғанына 120 жыл толып отырған әйгілі өнерпаз жайлы айтпақпыз.

1905 жылы қазіргі Түркістан облысында дүние есігін ашқан Құрманбектің балалық шағы ән мен күйдің, халық ауыз әдебиетінің ортасында өтеді. Ел қатарлы отбасында туып-өсіп, жастайынан халық әндері мен аңыздарына сусындап, ішкі дүниесін өнерге қарай бейімдеді. Әкесі еңбекқорлыққа баулыса, анасы оның сезімтал жүрегіне жырдың, әннің сәулесін құйды. Бала күніндегі ауыл жиындарында ол домбыра тартып, ән салып, жұрттың ықыласына бөленетін. Сол сәттерде оның бойында сахнаға деген алғашқы құштарлық ұялады. 

«Құрманбек Жандарбеков туралы естеліктер» (Алматы, 2005) жинағында бұл кез жайлы актер: «Мен би мен драма үйірмелерінде жас балалардың рөлін ойнаймын. Әлі жассың деп хор, ән үйірмелеріне қоспаған», – деп еске алады. Дегенмен кейін 12 жастағы баланың өнерін бағалап, жетекші әнші ретінде хор құрамына енгізіпті. Осылайша, үлкенді-кішілі концерттерге қатысып жүреді. Сол шақтың бір естелігі:

«1918 жылы ақпан айында Түркістанға гастрольдік сапармен келдік… Түркістанның қалалық клубына халық сыймады. Концерт басталды, бірінші мені жіберді. Мен сахнаға көзім жайнап, ойнақтап шыға келдім. Әу деп айқайлай жөнелгенде залдың арт жағында мылтық атылғандай шатыр-шұтыр дауыс шықты. Өлең де адыра қалды, манағы күліп тұрған көзге үрей, жас келіп, жылаған күйі сахнадан қаша жөнелдім… Залдың арт жағындағы жұрт мені көре алмай, ұзынша орындықтың үстіне шығып кетсе керек. Артқы қатар екі орындық қирап қалыпты».

Кейін ұстазының жұбатуымен, мылтық емес, оның сынған орындықтың дауысы екеніне көзі жетіп, сахнаған қайта оралып, тамаша өнер көрсетіп шығыпты. Жұрт да жас Құрманға риза болып, қошеметін аямапты. «Сахнаға шыққан артистік өнерімнің басы осы еді», – деп еске алғаны бар.

1926 жылы Қазақстанда кәсіби қазақ театры құрылды. Сол тарихи сәттің куәгері әрі қатысушысы болу – жас актер үшін тағдыр сыйы еді. 1925 жылдың күз айында елдің өнер майталмандары Қызылордаға жиналды. Ішінде Құрманбек Жандарбеков те бар. Дайындық… Алғашқы қойылым… Бұл – оның сахналық сапарының ресми басталуы еді. Өзі былай еске алады:

«1926 жылдың 13 қаңтар күні нар тәуекел деп қазақ театрының шымылдығын аштық. Сахараға келген жаңа өнер түрімен елімізді таныстырдық. Халық жатырқамай, жатсынбай, қуанышпен қарсы алды. Алдымен Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек» пьесасынан үзінділер көрсетілді де, артынан үлкен концерт берілді. Міне, осы концертте қай-қайсысының болса да өнерлері, жеке көзге түсетін сағаты соққан сәт еді. Қай-қайсысы болса да аянып қалатын түрі жоқ, дүбірге елгезек жүйріктей бәрінің де арқасы қозып, арқандап жүр».

Бұл концертте Әміре он-он бес ән айтыпты, Иса Байзақов табан астында берілген тақырыпқа өлең шығарыпты. Кейін «күлдіргі әніне салып Елубай жұртты мәз етті. Тақпағын айтып Серке өтті». Кейін сахнаға Құрманбектің өзі, Қалибек (естелікте Қалыбек деп жазылған) Байсейітов, Қажымұқан шығып, жұртты өнерлерімен тамсандырыпты. 

1928-1929 жылдары Құрманбек Жандарбеков Мәскеудегі Мемлекеттік кинематография техникумында оқып, кәсіби білімін тереңдетті. Бұл оқу орны оның табиғи дарынын толық ашуға мүмкіндік берді. Ол оқу кезінде-ақ актерлік шеберлігімен көзге түсіп, қалмақ халқының өмірінен түсірілген «Князь Церен» фильмінде рөлдердің бірін сомдаған екен. 

1933 жылы Алматыда құрылған Абай атындағы опера және балет театры – қазақ музыка театр өнерінің жаңа кезеңін бастаған ірі мәдени оқиға еді. Театрдың алғашқы іргетасын қалаушылардың қатарында Құрманбек Жандарбеков те бар болатын. Ол бұл сахнада «Айман-Шолпан» қойылымында Көтібар, «Қыз Жібекте» Бекежан, «Ер Тарғында» Тарғын, «Жалбырда» Жалбыр рөлін сомдап, бірте-бірте сахна өнерінің кемел шеберіне айналды. 

Театрға Евгений Брусиловский келген кезде ұлттық опера репертуарының жаңа беті ашылды. Ол Ғабит Мүсіреповтің либреттосы бойынша «Қыз Жібек» операсын жазды. Қойылымда Қыз Жібекті – Күләш Байсейітова, Төлегенді – Қанабек Байсейітов, ал Бекежанды – Құрманбек Жандарбеков сомдады. Бұл актерлік құрам сахнада ерекше құбылыс тудырып, операны рухани феноменге айналдырды. 

Сол кезді Құрманбек: «Ол кезде Бекежан билейтұғын. Қанабек – Төлеген, Күләш – Қыз Жібек, Манарбек – Шеге, Үрия Тұрдықұлова Дүрияны ойнайды, Қамқа Төлегеннің шешесін ойнайды. Ал Шара болса Тәттімбеттің «Былқылдағын» билеп шығатын», – деп еске алған. 

1936 жылы Мәскеуде өткен Қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігінде «Қыз Жібек» қойылымы ерекше әсермен қабылданды. Қ. Жандарбеков Бекежан рөлінде сахнаға шыққанда, тек кейіпкер емес, образдың ішкі психологиясын, ұлттық болмысын, рухын толық жеткізе білді дейді зерттеушілер. Осы сапардан кейін оған Еңбек Қызыл Ту ордені табыс етілді. Бұл марапат – оның жеке дарынына ғана емес, қазақ театрының ұлттық деңгейге көтерілгенін көрсеткен тарихи сәт болғандай.

Құрманбек Жандарбековтің режиссерлік шеберлігі «Ер Тарғын» операсынан бастау алып, қазақ сахна өнерінің жаңа белесіне жол ашты. Ол бұл қойылымда Тарғын рөлін сомдаумен қатар тұңғыш рет режиссер ретінде танылды. Операда Тарғын, Ақжүніс пен Дана арасындағы драмалық шиеленісті әсерлі жеткізіп, ұлттық сахна тіліне жаңа мизансценалық шешімдер әкелді. Кейін ол Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара», Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операларын сахналап, музыкалық драматургия мен режиссураның үйлесімін дәл көрсетті. «Біржан-Сара» қойылымы үшін Мәскеуден Мемлекеттік сыйлыққа ие болғаны – оның кәсіби деңгейінің дәлелі. Сонымен қатар ол «Амангелді», «Жамбыл», «Шоқан Уәлиханов», «Біз Жетісуданбыз» фильмдерінде де шынайы актерлік шеберлігін көрсетті. Мұхтар Әуезов атындағы театрда бас режиссер болып жүргенде, Тахауи Ахтановтың «Қарагөз», Жұмат Шаниннің «Шахта» спектакльдерін сахналап, ұлттық режиссураның терең мазмұнын қалыптастырды.

Құр-ағаң көптеген шәкірт тәрбиелеген. Әрқайсысына жеке пікірі, лебізі де бар. Мысалы, Кәукен Кенжетаев жайлы мына пікірі соның көрінісі деп білеміз. 

«Біржан-Сара» операсының сәтті шығып, Мемлекеттік сыйлық алуына ілгеріде аталған солистердің зор еңбегі сіңгені баршаға аян. Солардың ішінде Кәукен де бағалы еңбек етті. Кәукен ол кезде жас еді, опера сахнасының қыр-сырын жете меңгере қоймаған. Дегенмен, өзінің алғырлығы, ойшылдығы, халық дәстүрін жақсы білетіндігі, халық музыкасын түсініп орындайтындығының нәтижесінде сәтті ойнап шықты. Жалпы, осы қасиеттерінің арқасында театр сырын тез игеріп кетті.

1973 жылы өмірден озғанымен, Құрманбек Жандарбековтің жарығы сөнген жоқ. Оның есімі — қазақ сахнасының тарихымен қатар аталады. Оның жасаған бейнелері, сахнаға әкелген шыншылдығы, өнерге деген адалдығы бүгінгі күнге дейін өнерсүйер жұрттың есіңде.

Бұған дейін  «Қыз Жібек» операсындағы «Гәкку» қалай бас әнге айналғаны жайында жазған болатынбыз. 

Рүстем НҮРКЕНОВ, өнер зерттеушісі