Reuters жариялаған инсайдерлік ақпаратқа сілтеме жасаған Aikyn.kz қытайлық биліктің кейбір америкалық тауарларды баж салығынан жасырын босату себептерін талдайды.
Крис Такер мен Джеки Чан да Бейжің мен Вашингтон арасындағы сауда соғысын жақтырмайды. Фото reddit.com сайтынан алынды
Қытай АҚШ-та өндірілген кейбір тауарларды 125 пайыздық импорттық баж салығынан босататын арнайы тізім жасай бастаған. Бейжің жасырын түрде компанияларды осы шешіммен хабардар етіп жатыр. Бұл туралы жағдаймен таныс екі дереккөз Reuters-ке хабарлаған. Осы қадам Бейжіңнің Вашингтонмен сауда соғысының салдарын жұмсартуға ұмтылып отырғанын білдіреді.
Reuters агенттігінің жұма күнгі хабарламасына сәйкес (25 сәуір), Қытай бұған дейін кейбір өнімдерге – атап айтқанда, фармацевтикалық препараттар, микрочиптер және авиациялық қозғалтқыштар сынды тауарларға баж салығынан босату жеңілдігін берген. Және қытайлық компаниялардан экономика үшін маңызды өнімдердің тізімін жасауды сұраған. Алайда осы уақытқа дейін «ақ тізім» (white list) бар екені ресми жарияланбады.
Бейжің бұл процесті тыныш, жасырын жүргізіп отыр. Қытай АҚШ өзінің 145 пайыздық тарифтерін жоймайынша күресті жалғастыратынын бірнеше рет мәлімдеген. Дегенмен жанама түрде жеңілдіктер ұсынып, прагматикалық қадамдарға баруда.
Аты-жөнін атаудан бас тартқан екі дереккөздің айтуынша, Қытай билігі бұл ақпаратты ашық жария етпеген. Бірақ компаниялармен жеке-жеке байланысып, баж салығынан босатылатын тауарлар санаттарының бар екенін хабарлауда.
Фармацевтикалық өнім өндіретін бір компанияның өкіліне шанхайлық Пудун ауданы әкімшілігі дүйсенбі күні (28 сәуір) хабарласқан. Аталған компания бұған дейін АҚШ технологиясын қолданатын өнімдер үшін баждан босатуды сұрап, лоббистік жұмыс жүргізген болатын.
«Бізге АҚШ-тан келетін көптеген технологиялар әлі де қажет», – дейді компания өкілдері.
Қытай билігі сауда тарифтерінің әсерін бағалау үшін компаниялар арасында арнайы сауалнама жүргізуде. Иллюстрация trendsresearch.org сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock
Тағы бір дереккөздің айтуынша, кейбір компанияларға өз өнімдерінің тізімге енетін-енбейтінін анықтау үшін билікпен жеке байланыс орнату ұсынылған.
Reuters агенттігі сейсенбі күні (29 сәуір) хабарлағандай, баж салығынан босатылған өнімдер тізімі кеңейіп келеді. Атап айтқанда, Қытай АҚШ-тан импортталатын этанға салынған баж салығын алып тастады. Бұл шешімді этан өңдеуші ірі компаниялар сұратқан. Себебі, АҚШ – бұл шикізаттың жалғыз жеткізушісі.
АҚШ президенті Дональд Трамп сейсенбі күні (29 сәуір) сауда келісімі жақындап қалғанын айтып, «бірақ ол әділ келісім болуы керек» деп мәлімдеген.
Қытайдың Сауда министрлігі мен Кеден басқармасы бұл жағдайға қатысты түсініктеме беруден әзірге бас тартқан.
Дональд Трамп әрқашанда өзін еркін, табиғи ұстайтын көшбасшы. Оны мына BBC News-тің топтамасынан көресіз:
Басқа екі дереккөздің мәлімдеуінше, Қытай билігі компаниялар арасында сауда тарифтерінің әсерін бағалау үшін арнайы сауалнама жүргізуде.
Шығыс Қытайда өткен соңғы кездесулердің бірінде билік шетелдік бизнес өкілдерінен тарифтік шиеленістің салдарынан туындаған маңызды мәселелерді анықтап, нақты жағдайларды бағалауды сұраған. Аталған кездесудің қай қалада өткенін дереккөз атаған жоқ, себебі жиын жабық болған.
Фуцзянь провинциясындағы Сямэнь қаласының билігі (мұнда ірі порт пен электроника өндірісі орналасқан) жексенбі күні (27 сәуір) жергілікті компанияларға арнайы сауалнама таратқан. Сауалнама текстиль өндірісімен және жартылай өткізгіштермен айналысатын компанияларға арналған. Онда компаниялардың АҚШ-пен қандай өнімдер бойынша сауда жасайтыны және АҚШ пен Қытай арасындағы тарифтердің олардың бизнесіне әсері жөнінде сұрақтар қойылған.
125%-дық баж салықтан кейбір тауарларды жасырын босату – екіжақты текетірестің сырттай қатаң көрінгенімен, экономикалық мүдде үшін тараптардың астыртын ымыраға келуге тырысып жатқанын көрсетеді. Ірі державалар үшін ашық қақтығыстан гөрі, бейбіт жолмен реттелген сауда тиімдірек екені байқалады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.