Марапат иелерінің қатарында мектептер мен балабақшалардың техникалық қызметкерлері, сондай-ақ полицейлер, медицина қызметкерлері, құрылысшылар және басқа да мамандар бар.
Тамыз конференциясында педагогтермен қатар жұмысшы мамандық иелері де марапатталды
2,673
оқылды

Бүгін елордада «Білім келешегі: адал азамат, кәсіби маман» Республикалық тамыз кеңесі өтті. Биыл ол ерекше форматта ұйымдастырылды. Білім беру саласы қызметкерлерін дәстүрлі марапаттаумен қатар, алғаш рет жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне де құрмет көрсетілді, –  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Бұл жаңашылдық Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жүзеге асырылып, тек педагог еңбегінің ғана емес, сондай-ақ білім беру мен балалардың игілігіне үлес қосатын барлық мамандардың маңызын айқындауды мақсат етті.

Кеңестің екінші бөлімінде Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үздік білім беру қызметкерлеріне, сондай-ақ жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне және білім саласымен өзара байланыстағы ұйымдардың қызметкерлеріне марапаттар табыстады. Марапат иелерінің қатарында мектептер мен балабақшалардың техникалық қызметкерлері, сондай-ақ полицейлер, медицина қызметкерлері, құрылысшылар және басқа да мамандар бар.

«Білім беру саласы – біз барлық балаларымызды тәрбиелейтін орта. Әркім еліміздің болашағын тәрбиелі, кәсіби құзыретті етуге өз үлесін қосуы тиіс. Бұл – тек педагог қауымның ғана емес, бүкіл қоғамның міндеті», – деп атап өтті өз сөзінде министр Ғани Бейсембаев.

Сонымен бірге  айрықша табысқа жеткен және басқаруда жоғары шеберлік көрсеткен білім беру ұйымдарының басшылары ведомстволық марапаттарға ие болды.