Ғылыми-зерттеу жұмыстары Сәтбаев университетінің Ө.Байқоңыров атындағы Тау-кен және металлургия институтының «Химиялық үдерістер және өндірістік экология» кафедрасы базасында жұмыс істейтін озық функционалды материалдар және олардың композиттері жөніндегі халықаралық R&D орталығында жүзеге асырылды.
Сәтбаев ғалымдары ауыл шаруашылығы қалдықтарынан құнды материалдар әзірлеп шығарды
Фото: gov.kz
137
оқылды

Сәтбаев университетінің ғалымдары қант қызылшасының сығындысынан – қант өндірісінің негізгі қалдығы және оның жалпы биомассаның 80%-на дейін құрайтын қалдықтан жаңа материалдар алудың инновациялық әдісін әзірлеп шығарды,  – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Постдокторант Faisal Kholiya мен PhD докторанты Меруерт Иманбек қауымдастырылған профессор Сана Қабдрахманованың жетекшілігімен гидротермалдық синтездің заманауи әдістерін пайдалана отырып, тағамдық және фармацевтикалық мақсаттарға жарамды жоғары сапалы пектин, шығымы шамамен 35% целлюлоза, сондай-ақ өлшемі 8-14 нанометр болатын фотолюминесцентті көміртекті кванттық нүктелер жасады.

Алынған материалдар азық-түлікті сақтау технологияларында, дәрілік заттарды жеткізу жүйелерінде, визуалды озық медицинада және қолданбалы нанотехнологиялық инновациялар саласында кеңінен қолданылуы мүмкін.

«Біздің жобамыз ауыл шаруашылығы қалдықтарын жоғары сапалы премиум-материалдарға айналдырудың жарқын мысалы болмақ», – деді жоба жетекшісі Сана Қабдрахманова.

Ауыл шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеу өнеркәсіптік деңгейде толық іске асыруға болатын тұрақты және экономикалық тиімді процесс екенін зерттеу нәтижелері көрсетті. Бұл ауылдық өңірлерде жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, өнеркәсіп секторының әлеуетін нығайтуға және ел ішінде ғылыми-технологиялық құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді.