Бүгінде білім беру жүйесі қарқынды түрде цифрлық форматқа көшіп жатыр. Оқыту үдерісінде ақпараттық-коммуникациялық технологияларды пайдалану – оқушының пәнге деген қызығушылығын арттырудың маңызды жолдарының бірі. Химия пәні – табиғат құбылыстарын терең түсінуді қажет ететін күрделі ғылым. Сондықтан пәнді оқыту барысында заманауи әдістерді қолдану ерекше нәтиже береді. Түркістан облысы Төлеби ауданы №2 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы білім беретін орта мектеп КММ мұғалімі Бекмұрат Сарыбаев QR-код технологиясын Менделеевтің периодтық кестесімен біріктіріп, оқу сапасын арттыратын тиімді инновациялық жобаны іске асырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
118 химиялық элементті қамтитын Менделеев кестесіне QR-кодты біріктіру – оқушыларға элементтер туралы ақпаратты қолжетімді, ыңғайлы және интерактивті түрде ұсыну мақсатында қолға алынған бастама. Әр элементке жеке QR-код бекіту арқылы дәстүрлі кесте қосымша ақпараттық материалдармен толықтырылады.
Жобаны іске асыру бірнеше кезеңнен тұрады:
- 118 химиялық элемент туралы мәліметтерді жинақтау: атомдық құрылысы, алынуы және химиялық қасиеттері мен қосылыстарының қасиеттері, қолданылуы;
- Әр элементке арналған қысқаша ақпарат пен қосымша материалдар (зертханалық тәжірибелер) дайындау;
- Жеке QR-кодтарды генерациялау және оларды периодтық кестедегі тиісті ұяшықтарға орналастыру;
- Кестені көрнекілік ретінде баспаға шығару немесе цифрлық форматта қолдануға бейімдеу.

Бекмұрат Сарыбаев бұл әдіс мұғалімдер үшін де, оқушылар үшін де тиімді екенін атап өтті. QR-коды бар Менделеев кестесінің бірнеше артықшылығы бар:
- Интерактивті оқыту. Оқушылар тек кестеге қарап қоймай, қосымша ақпаратқа оңай қол жеткізеді;
- Көрнекілік құрал. Қарапайым символдардан тұратын кесте мультимедиалық ресурсқа айналады;
- Ақпараттың жаңартылуы. QR-кодтағы материалдарды кез келген уақытта өзгертіп, толықтыруға болады;
- Жеке оқу траекториясы. Оқушы өзіне қажетті ақпаратты өзі таңдап, өз қарқынымен меңгере алады;
- Мұғалім жұмысын жеңілдету. Түсіндіру үшін қосымша материал іздеудің қажеті жоқ, кестеде бәрі қамтылады.

Сонымен қатар бұл кесте химия пәнін оқыту барысында қолдану үшін өте ыңғайлы:
- Жаңа тақырыпты түсіндіру кезінде мұғалім QR-кодты қолдана отырып, интерактивті түрде ақпарат ұсына алады;
- Зертханалық жұмыстарда белгілі бір элемент туралы ақпаратты QR-код арқылы бірден қарауға болады;
- Өзіндік жұмыс пен жобаларда оқушылар кодты сканерлеу арқылы ақпарат жинап, өз зерттеу жобаларын жасай алады;
- Қосымша сабақтарда және олимпиадаға дайындықта тереңдетілген ақпаратты тез табуға мүмкіндік береді.
Интерактивті кесте оқушылардың есте сақтау қабілетін жақсартуға ықпал етеді. Себебі цифрлық форматтағы ақпаратты визуалды түрде қабылдау жеңілірек. Сонымен қатар QR-кодты қолдану оқушылардың технологиялық сауатын арттырып, мультимедиалық ақпаратты талдауды, салыстыруды, өз бетімен ізденуді үйренеді.

QR-коды бар Менделеев кестесі – білім беру саласындағы инновациялық, заманауи және өте тиімді құрал. Бұл жоба дәстүрлі химия оқулығын жаңа деңгейге көтеріп, оқушылардың пәнге деген қызығушылығын арттырады. Жоба авторның айтуынша, осындай әдістер арқылы химия пәнін оқыту әлдеқайда қызықты әрі нәтижелі бола түседі.