Қазақстанда «Ақша балаға беріледі» қағидаты негізінде мектепке дейінгі ұйымдарда орындар бөлудің жаңа механизмі енгізілді, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Бұл туралы Үкіметтің қорытынды баспасөз-конференциясында ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова хабарлады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес пилоттық жоба 20 қала, 16 ауданда жүзеге асырылып жатыр.
«Биыл «Ақша балаға беріледі» қағидаты негізінде ваучерлік қаржыландыру механизмін өңірлерде кеңінен тарату арқылы балабақшаларға кезек саны 2 есеге дейін азайды. Пилоттық жобаға 5,6 мың мектепке дейінгі ұйым қатысып, 788 мың балаға ваучер берілді. Ваучерлік қаржыландыру 21,8 миллиард теңге бюджет қаражатын үнемдеп, ол балаларға жаңа ваучерлер беруге қайта жұмсалды»,— деді оқу-ағарту бірінші вице-министрі Майра Мелдебекова.
Сонымен қатар, Қазақстанда жайлы оқу ортасын құру үшін білім беру инфрақұрылымын кең ауқымда жаңарту жалғасуда.
«Мемлекет басшысының бастамасымен "Келешек мектептері" ұлттық жобасы табысты жүзеге асырылды. Оның аясында еліміздің түкпір-түкпірінде 460,4 мың орындық 217 жаңа форматты мектеп салынуда. Бұл жоба арқылы 69 үшауысымды, 22 апаттық мектеп және 100-ден астам мектепте орын тапшылығы мәселесі шешімін тапты. Жалпы 2025 жылы 214 мың оқушы орнына арналған 141 мектептің құрылысы аяқталды» деді спикер.
Және де Қазақстанның білім беру ұйымдарында тамақтануды ұйымдастыруға және оқушыларды психологиялық қолдауға қойылатын жаңартылған талаптар енгізілді.
«2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты енгізілді. Мектептерде 1,7 млн бала тегін тамақтанумен қамтылды. Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап барлық мектептер мен колледждерде "ДосболLike" антибуллингтік бағдарламасы, "Жеке қауіпсіздік" сабақтары іске қосылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 20 өңірде психологиялық қолдау орталығы ашылды. Жыл басынан бұл орталықтарда 35 мың бала мен ата-анаға көмек көрсетілді», — деп хабарлады Майра Мелдебекова.