Жасанды интеллект құралымен сіздің цифрлық көшірмеңізді жасау өте оңай. Ол неге қауіпті?
Интернетке отбасыңыз бен жеке суреттеріңізді жүктемеңіз, ертең ол сізге қарсы қолданылады
Жасанды интеллект бет-әлпет саласының нағыз маманына айналды. Сурет afcea.org сайтынан алынды. Авторлығы: Shutterstock / Igor Link
172
оқылды

BBC-дің Science Focus журналының хабарламасына сүйенген Aikyn.kz тұлғаны растауда цифрлық егізіңіз неге қауіпті болуы мүмкін екенін түсіндіреді.

Генеративті жасанды интеллект сіздің цифрлық егізіңізді оңай жасап шығара алады. Жасанды интеллект құралдары ондаған жылдар бойы адам жүзін жасауға үйретіліп келеді. Шын мәнінде, бет бейнелер – оның мүмкіндіктерін тексеру үшін қолданылған алғашқы нысандардың бірі болды. Біріншіден, адамдардың беттері құрылымы мен орналасуы жағынан ұқсас келеді. Бұл алғашқы ЖИ модельдерін үйрету үшін өте қолайлы болды. Сонымен қатар интернетте бет бейне фотолары өте көп. Ал дерек неғұрлым көп болса, жасанды интеллект соғұрлым оңай үйренеді.

Алайда беттер тағы бір себеппен таңдалды. Біз оларға өте жақсы таныспыз. Бұл – ЖИ жұмысын бағалауда маңызды фактор. Адам миы жүздерді өте жақсы таниды, бірақ жасанды интеллект жасаған пейзаждың немесе ғимараттың ұсақ детальдарындағы қателіктерді байқамауы мүмкін. Сондықтан жасанды интеллектің шынайы адам беттерін сенімді түрде жасай алатынын көрсететін ғылыми зерттеулер әрдайым үлкен қызығушылық тудырды.

Осылайша, уақыт өте келе жасанды интеллект бет-әлпет саласының нағыз маманына айналды. Қазір ол сіздің бетіңізді нақты уақытта фото арқылы талдап, барлық белгілерін анықтап, алдын ала үйретілген басқа бетке дәлме-дәл көшіруге қабілетті. Бұл танымал адамның немесе саясаткердің жүзі болуы мүмкін. Дипфейктер осылай жасалады.

 

Сіз жарықты өзгертсеңіз де, күлкілі қимыл жасасаңыз да – бәрі «дипфейк-бет» арқылы шынайы түрде қайталанады. Бұдан бөлек, егер әртүрлі ракурстан түсірілген бірнеше суретіңіз болса, жасанды интеллект сіздің толық цифрлық көшірмеңізді жасап, оны басқа адамның бетіне қондыра алады. Осындай жасанды егіздің көмегімен кез келген адам сізге ұқсап, сіз сияқты болып көрінуі мүмкін.

Ең қауіптісі – бұл тегін. Қажетті білімі бар кез келген адам бұл технологияны кәдімгі компьютерде орнатып, пайдалана алады. Қазіргі таңда цифрлық егіз жасау белгілі бір техникалық қабілетті талап етеді. Бірақ жақын арада оны кез келген адам қолдана алатын бағдарламалар пайда болады. Сондықтан қазір – құпиялылық пен тұлғаны растау мәселелері тұрғысынан өте күрделі кезең. Ғаламторда цифрлық іздеріңізді қалдырмаңыз, суреттеріңізді жиі жүктей бермеңіз, ертең ол сізге қарсы жұмыс істей бастайды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.