Атом энергетикасын дамыту адамдарсыз – күрделі технологиялық объектілерді жобалайтын, сүйемелдейтін және пайдаланатын инженерлерсіз, физиктерсіз, зерттеушілерсіз мүмкін емес. Сондықтан бүгінгі күні кадр даярлау маңызы бойынша инфрақұрылымның өзін құрумен тең дәрежедегі стратегиялық міндетке айналып отыр
Білімге инвестиция салу: атом саласының жаңа буын мамандарының қалыптасу
www.istockphoto.com
95
оқылды

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде Қазақстан Республикасының Үкіметі энергетиканы дамыту және ядролық кластер қалыптастыру бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда. Бұл жұмыста Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы маңызды рөлдердің бірін атқарады, ол еліміздің атом саласы үшін мамандар даярлау жүйесін студенттік кезеңнен бастап жас ғалымдар деңгейіне дейін жүйелі түрде қалыптастырып келеді.

 Практикадан – мамандыққа

ҚР ҰЯО-ның кадр моделі «практика арқылы оқыту» қағидаты бойынша құрылған. Бакалавриат студенттері, магистранттар мен докторанттар бірегей эксперименттік қондырғыларға қол жеткізіп, кәсіпорынның заманауи ғылыми-техникалық базасын меңгереді және жетекші ғалымдар мен инженерлердің жетекшілік етуімен оқу бітіру кезіндегі біліктілік жұмыстарын орындайды.

Соңғы жылдардың өзінде ғана ҚР ҰЯО-да жоғары оқу орындары мен колледждердің үш жүзден астам студенті өндірістік практикадан өтті. Көпшілігі үшін бұл – қолданбалы ғылымға алғашқы маңызды қадам әрі атом саласындағы кәсіби жолының бастауы.

 – Қазақстанда атом саласын дамыту жаңа стратегиялық деңгейге көтеріліп келеді. Бүгінгі таңда әсіресе пайдалану қауіпсіздігі және реакторлық технологияларды талдау саласының мамандары сұранысқа ие. ИВГ.1М зерттеу реакторын конверсиялау жобаларын жүзеге асыру және ИГР реакторында жұмыс істеу бірегей тәжірибе жинауға мүмкіндік берді, мұндай тәжірибе болашақ АЭС персоналын даярлаудың негізін қалайды.

Маңызды бағыттардың қатарында француздық және жапондық серіктестермен бірлескен халықаралық зерттеулер, инженерлік-цифрлық модельдеу, реакторлардың «цифрлық егіздерін» жасау, сондай-ақ радиоэкология және отын циклін басқару саласындағы біліктілік бар. Сала физика, IT-технологиялар және өндірістік басқару тоғысында жұмыс істей алатын көпсалалы мамандарға мұқтаж. Осындай кадр резервін қалыптастыру – мемлекеттік тапсырмаларды сәтті орындаудың және Қазақстанның технологиялық тұрғыдан ілгерілеуінің кепілі– деді Р ҰЯО АЭИ филиалы директорының сынақ жөніндегі орынбасары Вячеслав Гныря.

 ҚР ҰЯО АЭИ филиалы директорының термоядролық зерттеулер жөніндегі орынбасары Бауыржан Шектібаев Қазақстан Республикасы Ұлттық ядролық орталығының студенттерге әлемдік деңгейдегі қондырғыларда практика тұрғысынан дағдылануға мүмкіндік беретін бірегей ғылыми-эксперименттік инфрақұрылымы барын сөз етті.

– Оқыту процесі қолданыстағы зерттеу реакторларында, сондай-ақ КТМ токамагында жүргізіледі. Мұнда болашақ мамандар реактор физикасын оқып үйреніп, материалдардың қасиеттерін модельдейді және пайдалану жағдайымен тікелей танысады.

Халықаралық зерттеулерге белсенді қатысып жүрген тәжірибелі ғалымдардың жетекшілігімен жұмыс істеудің маңызы ерекеше. Мұндай формат студенттерге деректерді талдау әдістерін және ғылыми эксперимент мәдениетін жедел меңгеруге көмектеседі. ҚР ҰЯО-дағы практика маңызды кәсіби бастамаға айналып, жастарға өздерін жаһандық ғылыми қауымдастықтың бір бөлігі ретінде сезінуге және ел болашағына аз да болса өз үлесін қосуға мүмкіндік береді, – деді Бауыржан Шектібаев. 

Сонымен қатар ҚР ҰЯО мамандары «Техникалық физика» және «Физика және химия ғылымдары» бейінді бағыттары бойынша диссертациялық кеңестердің жұмысына қатысады, жоғары оқу орындарының аттестаттау комиссияларының құрамына кіреді және PhD-диссертация дайындауды сүйемелдейді. Бұл студенттен бастап жас зерттеушіге дейін кәсіби тұрғыдан үздіксіз өсуді қалыптастыруға мүмкіндік береді. 

Халықаралық тәжірибе – кәсіби тұрғыдан дамудың маңызды бөлігі

Халықаралық ынтымақтастықсыз біліктілікті заманына сай қалыптастыру мүмкін емес. Мәселен, МАГАТЭ-нің қолдау көрсетуімен ҚР ҰЯО жас ғалымдары мен инженерлері әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтіп, біліктілігін арттыру курстарына қатысады. Олар реакторлық технология, радиациялық қауіпсіздік және қолданбалы зерттеулер саласында озық тәжірибені меңгереді.

Жапонияның атом энергиясы агенттігімен (JAEA) көпжылдық ынтымақтастықтың орны ерекше. Осы серіктестік аясында ҚР ҰЯО мамандары JAEA-ның Адам ресурсын дамыту орталығында білім алып, атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі нұсқаушы-оқытушы ретінде даярланады.

Жинақталған халықаралық тәжірибе Қазақстанға жаңа әдістемелер мен жобалар, ғылыми жарияланымдар түрінде қайта оралады. 

– Халықаралық тағылымдамалар жас мамандарға әлемдік үздік практикаға тезірек қол жеткізуге мүмкіндік береді. Атом саласы қатаң халықаралық қауіпсіздік стандарттары бойынша жұмыс істейді, сондықтан олардың нақты жобаларда, яғни пайдалану рәсімдерінен бастап цифрлық талдау жүйелеріне дейін қалай қолданылатынын іс жүзінде көру кәсіби деңгейдің едәуір артуына ықпал етеді.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында халықаралық оқыту бағдарламалары кадр даярлау жүйесіне енгізілген. Мамандар Жапонияның атом энергиясы агенттігінің қолдау көрсетуімен оқу оқып, біліктілікті арттыру курстарынан қатысады, реакторлық технология және радиациялық қауіпсіздік бойынша бірлескен жобаларға қатысады. Мұндай формат қос нәтиже береді: бір жағынан, жеке кәсіби біліктілігі артады, екінші жағынан, алған білімін әріптестерімен бөлісу арқылы ішкі сараптамалық мектеп нығая түседі.

Жобаларға қатысу, оның ішінде зерттеу реакторларын конверсиялау және эксперименттік базаны жаңғырту жұмыстарына қатысу есептеулерді верификациялау, қауіпсіздік рәсімдері бойынша жұмыс істеу және командалық өзара іс-қимыл жүргізу дағдысын қалыптастырады. Нәтижесінде инженерлік шешімдердің сапасы артып, технологиялық тәуекелдер азаяды, бұл еліміздің атом саласын орнықты дамыту үшін айрықша маңызды, – деді ҚР ҰЯО АЭИ филиалы директорының орынбасары Арман  Миниязов. 

Жас кадрсала болашағының негізі

Ұлттық ядролық орталықта кәсіби тұрғыдан өсуге жағдай жасауға және талантты жастарды тартуға ерекше көңіл бөлінеді. Кәсіпорында жас ғалымдарға жүйелі түрде қолдау көрсетіледі: жыл сайынғы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың конференция-конкурсы өткізіледі, бас директордың атаулы стипендиясы беріледі, жарияланымдық белсенділігі үшін сыйақы төленеді, өндірістен қол үзбей магистратура мен докторантурада оқу мүмкіндігі бар.

Осының бәрі жас мамандардың кәсіби тұрғыдан өсуіне, өз идеяларын жүзеге асыруына және сала ішіндегі болашағын көруіне мүмкіндік беретін орта қалыптастырады.

– Жастар бұл салаға келіп жатыр, себебі олар өздерін жоғары технологиялық, стратегиялық маңызды саланың бір бөлігі ретінде көргісі келеді, бұл сала еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен орнықты дамуын қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. Атом саласы – инженерлік ой тікелей жаһандық энергетикаға, экологияға және ғылыми прогреске әсер ететін санаулы салалардың бірі.

Ұлттық ядролық орталықта кәсіби және жеке тұрғыдан дамуға барлық жағдай жасалған. Тәлімгерлік және мансаптық сүйемелдеу жүйесі дамып келеді, жас қызметкерлер үшін өз білімін іс жүзінде қолданып, ғылымның дамуына үлес қоса алатын отандық және халықаралық жобалар мен ғылыми зерттеулерге қатысуға мүмкіндік бар.

Атом саласы әлемдік деңгейдегі міндеттерді шешіп, ғылым, жауапкершілік және инновация негізінде орнықты болашақ құрғысы келетін талантты, ынталы адамдарды біріктіреді, – деді ҚР ҰЯО АЭИ филиалының сутегі және плазмалық технологиялар зертханасының бастығы, практика жетекшісі Ғайния Жанболатова. 

Адамға салынған инвестиция – орнықты дамуға салынған инвестиция

Бүгінде Қазақстан бейбіт атомды дамыту негізін қалыптастырып жатқан кезде, адами капитал басты ресурсқа айналып отыр. Заманауи технологиялар тек жабдықты ғана емес, сонымен қатар саланың қауіпсіздігін, тиімділігін және инновациялық дамуын қамтамасыз ете алатын жоғары білікті командаларды да қажет етеді.

 – Атом саласы – бұл озық технологиялар тек жоғары білікті мамандардың қолында ғана күш алатын сала. Сондықтан адами капиталға салынған инвестиция бүгінде орнықты дамудың негізгі шартына айналып отыр.

Біз бір уақытта екі мәселені шешеміз: тәжірибелі мамандардың бірегей біліктілігін сақтап қаламыз және күрделі жабдықта жұмыс істей алатын инженерлер мен зерттеушілердің жаңа буынын дайындаймыз. Технологияның тез өзгеруі, цифрландыру және реактор технологиясын дамыту білімді үздіксіз жаңартып отыруды талап етеді.

Практикалық оқыту, халықаралық тағылымдамадан өткізу және мансаптық мүмкіндік жасау арқылы жастарға инвестиция салу сараптамалық сабақтастықты қамтамасыз етіп, талантты мамандардың басқа жаққа кету тәуекелін азайтады. Білікті кадрсыз атом саласы даму қарқынын сақтай алмайды және еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне қосатын үлесін жоғалтады.

Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы үшін адамға инвестиция салу – бұл стратегиялық басымдық және ғылыми мұраны Қазақстанның технологиялық болашағының іргетасына айналдыру кепілі, – Р ҰЯО АЭИ филиалының арнаішілік сынақтар зертханасының бастығы Юрий Гордиенко. 

Білім беру, ғылыми және халықаралық бағдарламалар кешенін жүзеге асыра отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы жаңа буын мамандардан тұратын кәсіби қауымдастықты қалыптастырады, олар бүгінгі күні еліміздің болашақ атом энергетикасының іргетасын қалауды бастап та кетті.