Ғимаратта осы уақытқа дейін бірде-бір күрделі жөндеу жүргізілмеген.
Бір ғасыр бұрын салынған мектеп: Жетісуда оқушылар апатты ғимаратта білім алып жүр
207
оқылды

Жетісу облысы Панфилов ауданындағы Сарытөбе ауылында оқушылар тозығы жеткен, шамамен бір ғасырға жуық уақыт бұрын салынған мектепте білім алып жүр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.

Ғимаратта осы уақытқа дейін бірде-бір күрделі жөндеу жүргізілмеген.

Соның салдарынан мектеп қабырғалары сөгіліп, іргетасы отыра бастаған. Жаңбыр жауса, шатырдан су өтіп, сыныптардың ішіне дейін тамшылайды. Қыста кабинеттер дұрыс жылымайды, ал спорт залдың едені жарамсыз күйге түскен.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, жаңа мектеп салу туралы уәде берілгеніне он жылға жуық уақыт өтсе де, нақты нәтиже жоқ. Балалардың қауіпсіздігіне алаңдаған ата-аналар жергілікті биліктен шұғыл шешім қабылдауды талап етіп отыр.

«Мектеп өте суық. Қыста балалар жиі ауырады. Көп отбасы осы жағдайға байланысты ауылдан көшіп кетті», – дейді тұрғындар.

Ресми дерекке сүйенсек, мектептің жағдайына байланысты ауылдан 30-ға жуық отбасы көшіп кеткен. Қазір елді мекенде шамамен 100-ге жуық ғана отбасы қалған.

Ал аудандық білім бөлімі жаңа мектеп салу мәселесі қаралып жатқанын мәлімдеді. Жоба құжаттары дайындалып, сараптамадан өткен. Құрылыс құны шамамен 2,1 миллиард теңге деп жоспарланған.