Отырыс «Жасанды интеллект және цифрландыру дәуіріндегі жаңа дағдылар мен сын-қатерлер» тақырыбына арналды. Қатысушылар Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясындағы бастамалардың жүзеге асырылу барысын назарға алып, жастар арасындағы құзыреттерді дамытудың негізгі бағыттарын айқындады.
Талқылау барысында жасанды интеллект қазірдің өзінде еңбек нарығына ықпал етіп отырғаны атап өтілді. Ұсынылған деректерге сәйкес, Қазақстанда өзгерістер 562 мамандықты қамтиды. Бұл – жұмыспен қамтылған 4 млн-ға жуық адам немесе еңбек нарығының 44%-ы деген сөз. Бұл ретте мәселе тек жұмыс орындарының қысқаруы ғана емес, кәсіби рөлдердің терең трансформациясы туралы болып отыр.
Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Нартай Сәрсенғалиевтің айтуынша, бұл – еліміздің, жалпы төрткүл дүниенің дамуы үшін өте маңызды кезең.
«Бұл – адамзаттың жаңа дағдыларын қалыптастырып жатқан уақыт. Сондықтан дәл осы саланың елімізде қалай дамып жатқаны біз үшін аса өзекті. Бүгінде елімізде әлеуметтік, ақпараттық-коммуникациялық және мәдениет салаларында, сондай-ақ білім, ғылым бағытында – мектептерде, жоғары оқу орындарында және колледждерде осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталамыз. Ең маңызды бағыттардың бірі – еңбекпен қамту саласы. Қазір жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар дамыған сайын, жұмыс орындары қысқарады деген түрлі пікір мен қауіп айтылып жүр. Осы мәселелерге байланысты мемлекет пен тиісті органдардың қандай шешімдер қабылдап жатқаны – бүгінгі талқылаудың негізгі өзегі», – деді Кеңес төрағасы Нартай Сәрсенғалиев.
Депутат 2026 жыл Мемлекет басшысының бастамасымен Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанын еске салды.
«Бұл салаға ерекше басымдық беріліп отыр. Цифрлық кодекс пен тиісті заң жобалары қарастырылуда. Сондай-ақ жасанды интеллект бағыты бойынша жеке министрлік құрылып, оның басшысы Премьер-министрдің орынбасары деңгейінде бекітілді. Бұл – мемлекет тарапынан маңызды басымдық беріліп отырғанының жарқын көрінісі. Солай бола тұра, ең басты мәселе – халықтың жұмыспен қамтылуы, табыс деңгейі және әлеуметтік тұрақтылық», – деді Нартай Сәрсенғалиев.
Өз кезегінде Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева цифрлық технологиялардың жастарға әсері барынша өзекті бола түскенін атап өтті.
«Бүгінде негізгі тәуекел тобы – жастар. Бастапқы кезеңдерде олар көбіне оңай автоматтандырылатын және жасанды интеллект технологияларымен алмастырылатын базалық дағдыларға ғана ие», – деді депутат.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев бүгінде бірқатар мамандық қысқарып жатқанын атап өтті. Яғни, 14 мамандық жойылу қаупі бар аймақта тұр. 2028 жылға дейін мәтін өңдеушілер мен терушілер, деректерді енгізу мамандары және корректорлар қысқарып қалуы мүмкін.
Соған қарамастан, Екатерина Смышляева атап өткендей, келешектегі экономиканың негізгі рөлі адамға тиесілі болып қала береді.
«Соңғы шешімді адам қабылдауға тиіс. Иә, көптеген мамандық трансформацияланады. Соған байланысты, құзыретті арттыру қажет. Алайда түпкі нәтижеге қатысты жауапкершілік әрдайым адамда қалуы керек», – деді Екатерина Смышляева.
Оның айтуынша, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі – әмбебап цифрлық дағдыларды дамыту. Бұл дағдылар мамандығына қарамастан барлық азамат үшін міндетті болуға тиіс. Осыған байланысты жоғары оқу орындарында цифрлық кафедралар құру және мамандандырылған білім беру бағдарламаларын дамыту мәселесі қарастырылуда.
Өз кезегінде, Yandex Qazaqstan компаниясының GR-директоры Мейірбек Мұқатов жасанды интеллект саласының дамуы түрлі институттың қатысуымен біртұтас экожүйе ретінде құрылуға тиіс екенін атап өтті.
«Жасанды интеллектіні елемеудің немесе одан жасқанудың қажеті жоқ. Оны жауапкершілікпен қолдану керек. Тек бір дүниені генерациялау ғана емес, ЖИ-ді өнімділікті арттыратын және жаңа білім алуға көмектесетін көмекшіге айналдыру маңызды», – деді ол.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар жастар арасында цифрлық дағдыларды дамыту қадамы жүйелі тәсілді, білім беру инфрақұрылымын кеңейтуді, өңірлерді қамту жұмысын күшейтуді және технологияларды жауапкершілікпен пайдалану мәдениетін қалыптастыруды талап ететіні туралы ортақ пікірге келді.
Бұл бағыттағы жұмыс Кеңестің алдағы отырыстары аясында және цифрландыру саласындағы мемлекеттік бастамаларды жүзеге асыру шеңберінде жалғасын табады.
Тілек ҚАБЫЛ
