Дүниеден байыз таппаған санаулы Ұлының тағы бірі мәңгілікке кетті. 20 сәуірге қараған түні қазақ руханияты орны толмас ауыр қазаға ұшырады. Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, әйгілі ақын әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов 84 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Шахановты қазақ үшін биік ететін қасиеті көп болғаны жасырын емес. Қажет жерінде суреттеуге тілің жетпес сезімдерді сөйлетті, қажыған әрбір жанды поэзия арқылы демеуді білді, ұлттың парасаттылығын ту етті, ал басқа кезде Махамбеттің батырлығын бір бойына жиғандай қаймықпай жұртының мұңын һәм талап-арызын ашық ұран қылды. Халқы Мұхтарды сол үшін сүйді, қашан көрсе де әулие тұтты. Бір басына шығармашылық пен қайраткерлік қоса дарыған, ол қонғаны кері кетпестей орныққан адам атаулы санаулы, сірә, жер бетінде...
Жалпы, Шаханов поэзиясының әлеуетін дүйім жұрт жақсы біледі, терең ұғынады. Қазақ әдебиетіне қалдырған мұрасын тізіп шығуға шамамыз да келмес, бәлкім. Ал оның саяси қайраткерлігіндегі кезеңдерді айтпай кету мүмкін емес. «Ақын болу – өз еркің, Азамат болу – міндетің» деген қағиданы берік ұстанған оның өмірінде үлгі етер дүние мол екені даусыз.
Екінші дүниежүзілік соғыстың оты өршіп тұрған уақыт, 1942 жылы елдің күнгей бетінің Леңгір ауданында өмір есігін ашты. Шымкент педагогикалық институтын аяқтап, кейін «Оңтүстік Қазақстан», «Лениншіл жас» газетінде жұмыс істеп, «Жалын» журналының бас редакторы болды. Әуелгі жыр жинағы 24 жасында басылып, «Өркениеттің адасуы», «Жазагер жады космоформуласы» (Шыңғыс ханның пенделік құпиясы) атты романдары ЮНЕСКО шеңберінде қаралды. Шығармалары дүниежүзінің 50-ден астам тіліне аударылған.
Тұлғаның ең бір жарқыраған шағы 1980-1990 жылдары еді. КСРО халық депутаттығынан бастап, КСРО Жоғарғы Кеңесінің мүшесі, Қазақстанның Халық депутаты болды. Кейін тағы 2004-2007 жылдары Мәжіліс депутаты атанды. Ал 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының ақиқатын айтуы – ерліктің шыңы. 1989 жылы 6 маусымда өткен Мәскеудегі депутаттар съезінде «Алматыдағы Желтоқсан оқиғасының шынайы себебін анықтау» туралы мәселе көтерді. Осыдан кейін 1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Алматы оқиғаларын зерттеу жөніндегі комиссия құрылып, Мұхтар Шаханов төрағаларының бірі болды. Бұл іс кейін көп шындықтың ашылуына ықпал етті. 1990 жылдың қаңтарында Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен «1986 жылғы 17-18 желтоқсандағы Алматы оқиғаларына байланысты жағдайларға түпкілікті баға беру жөніндегі комиссия» құрылды. Сотталған «желтоқсандықтардың» ісі қайта қаралып, 322 адам қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталып, босатылды. Желтоқсан оқиғасы содан бері ел тәуелсіздігінің іргетасы секілді көрінетіні бекер емес.
Әлі де өзектілігін жоғалтпай тұрған Аралдың мәселесін де мінберден алғашқылардың бірі болып қозғаған Шаханов еді. 1987 жылы ақынның түрткі болуымен Балқаш, Арал және Қазақстан экологиясы мәселелері бойынша арнайы комитет құрылды. 1989 жылы Шахановтың «Арал және біздің адамгершілігіміз» атты мақаласы жарық көрді. Ғалымдардың зерттеулерін алға тарта отырып, тартылған теңізден көтерілген тұз бен шаңның экологияға зияны туралы мәселені жұртқа жеткізді.
Қазір түркі әлемі тойлайтын Наурыз мейрамына өткен ғасырда тыйым болып, 62 жыл бойы атап өтілмеді. Тек 1980-жылдардың соңына қарай мейрамды қайта оралту жөнінде айтыла бастағанда Мұхтар Шаханов осы істің басы-қасында жүрді. Ұсыныс Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің бюросында қаралып, көп ұзамай Орталық комитетінің идеологиялық хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков қолдау көрсетті. 1988 жылы Наурыз тұңғыш рет Алматының Максим Горький атындағы орталық саябағында тойланады. Келесі жылы Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Түрікменстан республикалары мен Ресейдің құрамындағы түркітілдес ұлттар мемлекеттік деңгейде тойлайды.
Шаханов қазақ тілімен бірге тыныстаған, кей тұсында күйінішін де жеткізген тұлға еді. 1989 жылы 22 қыркүйекте Қазақ КСР «Тілдер туралы» заңы қабылданды. КСРО халық депутаты ретінде Шаханов сол талқылауға қатысқан. Кейде қазақ тілінің мемлекеттік мәртебе алуына ақынның мол үлес қосқаны айтылады. Тіліне сүйіспеншілігі кейін де ісінен байқалды. 2004 жылы «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысының төрағасы болды.
Әрине, аз-маз тізгендеріміз Мұхтар Шахановтың толассыз еңбегін қамти алмасы анық. Оның адамзатқа, ұлтына, халықтың құндылығына еткен жақсылығы дүние тұрғанша жасай беретіні даусыз.
AIQYN республикалық қоғамдық-саяси газетінің ұжымы Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, қоғам қайраткері Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты отбасының қайғысына ортақтасып, көңіл айтады.
Aiqyn газетінің ұжымы
Сұлтан РАЕВ,
ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы:
ШЫНДЫҚТЫҢ СИМВОЛЫ
Ұлттың тамырын, ұлттың асқақ рухын, жан-дүниесін қаны мен жанына сіңіріп, ешбір жүйені мойындамаған, ешбір шеңберге сыймаған, Ұлы даланың үнін әлемге асқақтата жеткізген сөз иесі, ой әлемі өзегін өртеп келген Ақын дүниеден өтті.
Бірақ бір ақиқат бар. Дүние төңкеріліп кетсе де, ғалам жаңарып, дәуір көшсе де Ақын өлмейді! Ақын деген ұғымның өзегінде Мәңгілік өмір сүреді...
Мұхтар Шаханов білгенге де, түсінгенге де Ақиқаттың символы еді, Ұлы даланың қыраны, асқар таудың ұлары еді.
«Дәуір көшеді, дарынсыздар заманы келеді!», – деп Евгений Евтушенко жазғандай, әрбір сөзі, тынысы, ойы, көзқарасы заманның күретамырымен біте қайнасқан Мұхтар Шаханов жалған дүниені тәрк етіп, ақиқат әлемге бет бұрды...
Мұхтар ағамыз қазақтың рух-жаны еді, сөзінің соңғы нүктесіне дейін шындықпен өмір сүрді, шындықпен тыныстады, шындықтың қыл ұшына жетпей-ақ ұлылар әлеміне айналды...
Егер қырғызды шын сүйген, бар махаббатын арнаған адам болса, ол Мұхаң ағамыздай болар еді. Бүгін біздің де туымыз төмен түскендей мұңлы күй кешудеміз...
Жаныңыз жәннатта болсын, Мұхтар аға!
Мереке ҚҰЛКЕНОВ,
Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы:
ҚАЗАҚ РУХЫНЫҢ АЙБАРЫ
Біздің жүрегіміз тұтас бір дәуір көшіп кеткендей құлазып, жабырқап тұр. Мұхтар Шаханов қазақ поэзиясына өзгеріс әкелген, поэзияда өзінің мектебін қалыптастырған ақын. Ал тұтас руханият жөнінен айтар болсақ, ол – қазақтың руханиятына көсем болған тұлға. Қазақ рухының өсіп-жетілуіне, қазақтың ұлт ретінде қалыптасуына зор үлес қосты.
Мұхтар Шаханов тұңғыш рет «Танагөз» деген поэмасымен танылды. Сол кездегі «Лениншіл жас» газеті ақынның поэмасын екі нөміріне толық жариялады. Содан бастап «қазақтың Шахановы» атанды. Отты жырлары халықтың жүрегіне жетіп жатты. Ақын жырларымен тұтас ұрпақ тәрбиеленді.
Ақын – қазақ тілінің, рухының айбары еді. Ол кісі ауырып қалған соң ана тіліміз туралы мәселе жеткілікті деңгейде көтерілмей қалғандай сезіледі. Оның өз тілімізді дәріптеуі сонау 1986 жылы Мәскеуде жыр кешін өткізуден басталған. Кремльде тұңғыш рет 1936 жылы Жамбыл Жабаев жыр оқыған болса, екінші үлкен деңгейдегі поэзия кешін Мұхтар Шаханов өткізген. Ақын тоталитарлық режимге солай қарсылық жасаған еді. Сондай-ақ ақынның 1987 жылы Жоғарғы кеңестің депутаты кезінде үлкен трибунадан Желтоқсан көтерілісі туралы тұңғыш рет айтқан ерлігі ешқашан ұмытылмайды.
Менің түсінігімде, Мұхтар Шаханов – Махамбеттен кейінгі батыр-жырау. Мұндай батырлық кез келген қазақтың қолынан келген жоқ. Тек Шахановтың қолынан келді. Ақынның жатқан жері жарық, топырағы торқа болсын!
Қазыбек ИСА,
ақын, Парламент Мәжілісінің депутаты:
АЛЫПТАРДЫҢ СОҢҒЫ ТҰЯҒЫ ӨМІРДЕН ОЗДЫ
Қазақтың ұлы ақыны, біртуар тұлғасы Мұхтар Шаханов дүниеден өтті…
Мұзбалақ Мұхаңмен бірге дүбірлеген бір дәуір көшіп барады!..
Иә, өмір бойы шындық үшін күресіп, ақиқат үшін айқасып өткен ақиық ақын бұл фәни дүниенің жалған екенін дәлелдеп, бақи дүниеге аттанып кетті… Алыптардың соңғы тұяғы өмірден өтіп барады…
Біз ХХ ғасырдың аңызға да, абызға да айналған алып ақынымен бір дәуірде өмір сүру бақытына ие болып қалдық…
Ақын Мұхтардың, Батыр Мұхтардың семсердей өткір жалынды сөзіндегі, саңқылдаған даусындағы Желтоқсанның дауылы Кремльдің қабырғасын шайқалтып жібергені дүниежүзіне дүбірі жеткен сөзсіз-көзсіз ерлік еді…
Қалың қазаққа, тұтас Тұран еліне көңіл айтамыз.
Отбасына, асыл жары Ханшайым жеңгемізге, туған-туыстарына көңіл айтамыз.
Алла алдынан жарылқап, арты қайырлы болсын! Алды бейіш, арты кеніш болғай!
Иманы саламат болсын!
Ұлы ақынның асыл бейнесі ұлтының жүрегінде мәңгі жасай береді!
Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ,
ақын, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы:
АҚЫНДЫҒЫ МЕН ҚАЙРАТКЕРЛІГІ ТЕҢ ЕДІ
Ел үшін, жұрт үшін өмірін арнаған, алған бетінен қайтпайтын, темірқазық жұлдызындай жарқыраған арда ақын өмірден озды.
Ол шын мәніндегі халық ақыны еді. Қазағы қалың оңтүстікте туып, халық арасынан қайнап шықты. Ақынды бұл жөнінен Сәбит Мұқанов, Әбілхан Қастеев сынды алыптармен салыстыруға болады. Мұхтар ағамыз болмыс-бітімімен, халық даналығымен ұштасқан отты жырларымен баурап, оқырман жүрегіне, сана-сезіміне сәуле құйды.
1988 жылы ақпан айында «Лениншіл жас» газетіне «Наурызды тойлайық, ағаш отырғызайық!» деген үндеу жарияланды. Бұл – Наурызды тойлауды тыйып тастағаннан кейін арада алпыс жылдан астам уақыт өткенде Наурыз мерекесін тойлау туралы тұңғыш рет көтерілген бастама еді. Бастамашы – ақын Мұхтар Шаханов. Үндеуге бес адам қол қойдық. Сол жылы қазақтың қайраткер тұлғасы Өзбекәлі Жәнібековтің қолдауымен тұңғыш рет Алматы қаласында Наурыз мейрамы тойланды. Әрі қарай тұтас қазақ елі Наурыз мейрамын жыл сайын дүркіретіп тойлайтын игі дәстүр қайта жанданды.
Халық ісіне келгенде қапы қалып көрмеген ақынның көзіміз көрген, басымыздан өткерген үлкен бір жақсылығын айтқым келеді. 1990 жылы туған жерім Зайсан ауданында жер сілкінісі болып, бір ауданның халқы баспанасыз қалды. Осы орасан зор апаттың кезінде Мұхтар Шаханов пен Олжас Сүлейменов сынды ірі ақындардың ықпалымен бүкіл республика жұртшылығы Зайсанға көмек қолын созды.
Мұхтар Шаханов қазақ пен қырғыздың достығына дәнекер бола білді. Оның Шыңғыс Айтматовпен достығы, қырғыз елінде елшілік қызметін атқаруы бауырлас қос халықтың әдебиеті мен мәдениетіне із қалдырды. Бір ғана «Құз басындағы аңшының зары» әдеби-мәдени өміріміздегі ерекше жаңалық болғаны шындық.
Ақындық арда болмысымен, күрескерлік қасиетімен халқымыздың көңіл төрінен орын алған тұлғаның нұры пейіште шалқысын! Күллі түркі жұртына көңіл айтамын!
Бауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ, ақын:
ЖЫРЫ ХАЛЫҚ ЖАДЫНДА ӨМІР СҮРЕДІ
Біз алдыңғы буын ағалардың өлеңін жаттап өстік. Өмірдегі түрлі кезеңде олардың жырлары бізге демеу болды, қажет жерінде қамшылады. Мұхтар секілді ағаларымызбен жүздесу, әңгімесін тыңдау, алдында өлең оқу арман-сәт болатын.
24-25 жасымда «Жалын» журналына бір топ өлеңім жарияланды. Сол өлеңдерім көңіліне қонған болуы керек, бір күні Мұхтар Шаханов ағам өзі хабарласып, Парламенттегі кабинетіне шақырды. Бардым. Ағамыз өзіне тән кең пейілімен құшағын жая қарсы алып, аңқылдап амандасты. Жай-күйімді сұрап, хал-ахуалымды түгел білгісі келді.
– Қайда жұмыс істейсің? – деді.
Ол кезде жұмыссыз едім, енді үйленген кезім.
– Жұмыссызбын, аға, – дедім қысылып.
Сәл үнсіз отырып, маған ойлана қарады да: – «Жалынға» шыққан өлеңдеріңді оқыдым. «Қазақ» деген өлеңіңді оқы, сол ұнайды маған, – деді. Мен бар қуатымды жинап, сол сәтте арқырап өлең оқыдым. Ақын үнсіз тыңдап отырды. Өлең біткен соң жүзі жадырап, ерекше риза болғанын сездірді. Содан біраз уақыт Мұхтар ағаның қасында жүріп, қамқорлығын көрдім.
Шынында да, Мұхтар Шаханов – болмысы бөлек, кесек тұлға. «Ғашықтық ғаламаты» секілді балладалары қандай терең, қандай көркем! «Отырардың күйреуі» тәрізді туындылары бір бөлек! Қаншама әнге сөз жазды, өзі де әуезді әндер тудырды. Сол әндер бүгінде халықтың өз үніне айналып, елдің жадында өмір сүріп келеді.
Ең қымбаты – Мұхтар ағаның азаматтық болмысы. Ол кісі қай кезде де қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтады. «Қазақстандық ұлт» деген атауға қарсы тұрып, ұлттың өз атын, өз болмысын сақтап қалуға атсалысуының өзі – ерлікке пара-пар іс. Ұлтсыздандыруға, тексіздендіруге қарсы ол тек өлеңімен ғана емес, бар ғұмырымен күресті.
Бірегей тұлға, ірі ақынды халық ешқашан ұмытпайды. Артында қалған сөзі – елге аманат, рухы – ұрпаққа бағдар.
