Жалпы, биыл даңғайыр диқандардың берекелі тірлігіне кесе-көлденең тұрған қиындықтар аз емес. Ең бастысы, күріш алқабын суару үшін бұл науқанға Сырдариядан 3,2 млрд текше метр ғана су лимиті бөлініп отыр. Сондықтан күрішшілер суды үнемдеудің сан түрлі тәсілдерін іздеумен бас ауыртып әлек.
Биылғы науқанда облыста 185,8 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Бұл тұрғыда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, күріш алқаптарын 10,9 мың гектарға қысқартып, 70 мың гектар деңгейінде сақтау көзделген. Бұл көрсеткіш бірінші кезекте су ресурстарының шектеулі жағдайына қарай дәстүрлі егіншілік тәсілдерін қайта қарау негізінде туындап отыр. Яғни, егіс көлемін оңтайландыру ісі тек агротехникалық емес, сондай-ақ су қауіпсіздігі мәселесіне тікелей байланысты қабылданған батыл қадам ретінде түсіндіріледі.
«Бұл ретте егісті әртараптандыру саясаты ерекше маңызға ие. Осы мақсатта биылғы егістік науқаны елді елең еткізер тың бастамаларға толы. Оның ішінде күріштің орнына жүгері сияқты суды аз қажет ететін дақылдарды енгізу – су ресурстарын үнемдеумен қатар, ауыл шаруашылығының экономикалық тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл тұрғыда жүгерінің су тұтыну көлемі күріштен шамамен 5 есе төмен болуы – аймақ үшін үлкен артықшылық. Бұл тек шығынды азайтып қана қоймай, климаттық тәуекелдерге бейімделудің нақты тетігіне айналатынына сенім зор», – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының егіншілік және өсімдік қорғау бөлімінің басшысы Асылжан Жарылқасынов.
Негізінен, су үнемдеу технологияларын енгізу – аграрлық сектордағы құрылымдық реформалардың өзегі саналады. Сондықтан бүгінде су ресурстары тапшылығы салдарынан әлем елдері су үнемдеу технологиялары мен тәсілдеріне басымдық беріп отыр. Оның ішінде тамшылатып және жаңбырлатып суару әдісі жоғары маңызға ие.
Бұған қоса, заманауи цифрлық технологияларды игеруде де су үнемдеудің тиімді тетіктері қалыптасып келеді. Яғни, нидерландта датчиктер арқылы топырақ ылғалдылығын анықтап, ауа температурасын және өсімдік жағдайын бақылау тәсілі жоғары деңгейде дамыған. Осы Smart суару жүйесінің көмегімен су егістікке қажетті уақытта беріліп, сол арқылы су шығынын азайтып қана қоймай, өнімділік деңгейін арттыруға мүмкіндік алып келеді. Ал Сингапур сынды бірқатар елде қайта өңдеуден өткен ағын суларды егістікке қайтадан пайдалану тәсілі тіршілік нәрінің тапшылығын еңсеруге көп көмек болып тұрғаны айтылады.
Ал біздің елімізде, оның ішінде ырысты, күрішті Сыр өңірінде де соңғы жылдары су үнемдеуге бағытталған баянды бастамаларға бетбұрыс бар. Яғни, тамшы судың өзін тиімді пайдалануға талап күшейді.
Өңірдегі басты дақыл – күріштің суға тәуелді өнім екені көпке мәлім. Сондықтан су үнемдеу тәсілдері Сыр диқандарының басты мәселесіне айналып тұр. Аз судан мол өнім алудың сан түрлі әдістерін қолдануға жайлап көшіп жатыр. Содан нақты нәтижеге жетуді көздейтіні де белгілі.
«Өткен 2025 жылы өңірде 8,1 мың гектарға енгізілген заманауи суару әдістері, оның ішінде тамшылатып, жаңбырлатып және пленкалы тәсілдер бұл бағыттағы алғашқы нәтижелерді көрсетті. Бұл жалпы егіс көлемімен салыстырғанда әлі де төмен көрсеткіш болғанымен, тиімді тұстары байқалды. Соған орай, 2026 жылы бұл көлемді 16,7 мың гектарға дейін ұлғайту жоспары қарастырылып отыр. Осы арқылы бірінші кезекте өнім сапасына басымдық беру жоспары бар. Сонымен қатар өңір шаруашылықтарына мемлекеттік қолдау шаралары көлемінің артқанын да айрықша атап өтуге болады. Бұл тұрғыда алдағы 3 жылға 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлу бекітілді. Оның ішінде 2026 жылға 10 млрд теңгеге жуық қаражат қарастырылып отыр. Бұл су үнемдеу технологияларын енгізуге негіз қалыптастырады деген сенім зор. Бұл жерде ең бастысы – қаржының игерілу тиімділігі мен нақты нәтижеге бағытталуы маңызды. Бұған қоса, егісті лазерлік тегістеу жұмыстары су үнемдеудің тиімді құралдарының бірі ретінде бағаланады. Бұл тұрғыда 2025 жылы 60 мың гектар жер лазерлік тегістеуден өткізілсе, 2026 жылы бұл көрсеткішті 65 мың гектарға жеткізу жоспары бар. Бұл суды біркелкі бөлу арқылы шығынды азайтудың нақты жолы ретінде қарастырылып отыр. Осылайша, 2028 жылға дейін бұл жұмысты толық аяқтап, ұзақмерзімді тұрақтылыққа бағытталған бастаманы жүзеге асыру көзделуде», – деп ойын сабақтады бөлім басшысы.
Басқарманың мәліметіне сәйкес, Сыр елінде су үнемдеу бағытында бірқатар ірі инновациялық жобаларды жүзеге асыруға да иек артып отыр. Оның ішінде Венгриялық Water Retainer препараты арқылы топырақтағы ылғалды сақтау тәжірибесі жүзеге асырылмақ. Бұл игі бастама тәжірибе жүзінде өңірдегі Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты базасында жүргізілмек. Егер бұл жоба оң нәтиже берсе, өңірдегі су тапшылығы мәселесін еңсерудің басты шешімі болады деген сенім зор.
Бүгінде аймақтағы шаруашылықтар су тапшылығын еңсерудің сан түрлі тәсілін тәжірибеден өткізіп жатыр. Қазірдің өзінде су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған тың әдістердің шапағатын сезінгендер қатары аз емес.
«Жалпы, Шиелі ауданы Жансейіт ауылының халқы су үнемдеу тәсілдеріне иек артып келеді. Тұрғылықты халық күн жылынып, жер қарайғаннан көкөніс егуге кіріседі. Кейінгі кезде халық көкөніс егістігіне тамшылатын суару әдісін 100 пайыз қолданысқа енгізді. Ал өзімнің иелігімдегі «Мақсат» шаруа қожалығы 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қожалықтың негізгі күріш егістігіне 2 жылдан бері лазерлік тегістеу әдісін қолданамыз. Бұл жүйе су үнемдеудің таптырмас тәсілі болды. Яғни, лагерлік тегістелген алқапта аз суды ұстауға мүмкіндік артады. Биылғы меже де жоғары. Сол мақсатта арнайы техникалардың көмегімен жерді тегістеп, арықтарды тазалау жұмыстарын талапқа сай жүргізіп жатырмыз. Шаруашылықта 20 шақты адам еңбек етеді», – дейді қожалық төрағасы Мақсат Тәшімов.
Жалпы, Сыр өңіріндегі аграрлық саясаттың негізгі бағыты экологиялық тұрақтылық пен су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге негізделген. Осы ретте мамандар тарапынан суды үнемдеудің өңірге қолайлы тиімді тәсілдері айтылып жүр. Соның ішінде күріш суару технологиясын өзгерту тәсілі айтылады. Яғни, әлемде қолданылатын AWD әдісі бойынша суды белгілі бір кезеңде азайтып, кейін егістік алқапқа қайта беру тәсілінің тиімділігі ұсынылады. Бұл өңірдегі су шығынын 20-30 пайызға азайтып, топырақтың тұздануын төмендетіп, өнім сапасын сақтауға ықпалы зор деген пікір бар.
Қалай дегенде де суармалы егіншілікке тәуелді Қызылорда облысы үшін су тапшылығы шешімін күткен өзекті мәселеге айналып тұр. Әсіресе, күріш өсірумен айналысатын шаруашылықтарға аз суды тиімді пайдаланып, өнім сапасын арттыру міндеті жүктеліп отыр. Соған орай су үнемдеуге бағытталған тиімді тәсілдер тұрақты түрде қолданысқа енгізілсе, тіршілік нәрінің тапшылығы айтарлықтай азайып, экологиялық жағдай жақсарып, егін өнімділігінің тұрақтануына жол ашары сөзсіз.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы
