Ресми деректерге сүйенсек, кейінгі 3 жылда апатты үйлерде өмір сүріп жатқан қазақстандықтар екі есеге жуық артқан. Ұлттық статистика бюросы 2025 жылы елімізде апаттық үйлер саны 7%-ға өсіп, 2,6 мыңға жеткенін, ал олардың жалпы ауданы 3,2%-ға ұлғайып, 834 мың шаршы метрді құрағанын анықтады. Бұл үйлерде қазір 50 мыңнан астам адам тұрып жатыр. 2024 жылмен салыстырғанда қазір тозығы жеткен үйлер саны 5,7%-ға көп. Бұл көрсеткіш қалалық жерлерде 2,4%, ал ауылдық жерлерде 11,5%-ға артты.
Сарапшылардың сөзінше, апаттық жағдайдағы тұрғын үйлер санының өсуінің басты екі себебі бар. Біріншіден, тозығы жеткен үйлер санының артуы тұрғын үй қорының жағдайының нашарлауын көрсетсе, екіншіден, тексеру жұмыстарының жандануы және уәкілетті органдардың тарапынан үйлерді ресми түрде апатты деп тану мүмкіндіктерінің артқанымен тікелей байланысты. Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті Тұрғын үй қорын дамыту басқармасының басшысы Қызғалдақ Медетова «елімізде тозығы жеткен үйлер санының көбеюінің тағы бір себебі – оларды күтіп ұстамау» деген пікірде. Маманның айтуынша, көппәтерлі және көпқабатты үйлердің көбінде тұрғындар өзі тұрып жатқан пәтерлерді ғана емес, Тұрғын үй заңнамасы бойынша өзіне тиесілі мүліктің төбесін, жертөлесін, сатыларын, лифтілерін және тұрғын емес үй жайлардың барлығын дұрыс қарауы, басқара білуі керек.
– Тұрғындар тарапынан дұрыс күтім жасалмағандықтан да көбіне апаттық үйлер пайда болады. Сонымен қатар 1955-1960 жылдары салынған, совет кезінен бері қолданыстағы ескі үйлердің де тозығы жеткен. Техногендік және жер сілкінісі, үйдің конструкциясы, құрылысты дұрыс салмаудың да салдары бар. Ондай себептер бар, бірақ олар аз, – деді Қызғалдақ Медетова.
Жалпы республика көлемінде 2022 жылдың соңындағы дерек бойынша үйлердің 30%-дан астамы 1970 жылға дейін салынған. Өңірлер бойынша ахуал әркелкі. Мәселен, Атырау облысы апатты үйлер саны ең көп өңір қатарында. Өңірде 705 тозығы жеткен үйде 13 мыңнан астам тұрғын өмір сүріп жатыр. 2025 жылы облыстағы апатты үйлер саны 49-ға артқан. Ақмола облысында 270 апаттық тұрғын үй тіркелген, Батыс Қазақстан облысында – 262 үй, оның ішінде бір жылда тозығы жеткен үйлер саны 55-ке көбейген, өңірде апатты үйлер саны жылдам өсіп жатқаны байқалады. Астана қаласында 191 үй апатты деп танылса, Абай облысында да 191 апатты үй тіркелген. Тозығы жеткен үйлер саны ең аз өңірлер қатарында Жамбыл (4), Қостанай (8) және Алматы (16) облыстарын атауға болады.

Маманның айтуынша, қауіпті үйлерді айқындау мәселесі Қазақстан Республикасының заңнамалары, Құрылыс кодексі және басқа да тұрғын үй құрылыс нормалары арқылы реттеледі және әр өңірде апатты деп танылған үйлер мәселесін шешуге арналған реновация бағдарламасы бойынша жол карталары бар.
– Үйлерді апатты деп тану үшін құрылыстық нормалар бар. Оларды аккредиттен өткен ұйымдар жүргізеді және әкімдіктер, жергілікті атқарушы органдар қабылдаған шешімдер бойынша жұмыс істейді. Яғни, қандай үйлер апатты болып танылады, реновация зоналарына енетін үйлерге қойылатын шарт қандай, қандай үйлер қай жылдары сүрілуі керек, орнына қандай үйлер беріледі деген сияқты мәселелердің барлығы инвесторлармен және меншік иелерінің қатысуымен реттеледі және сол бойынша жұмыстар жүргізіледі. Реновация бойынша үш механизм бар. Бірінші – келісімшарт бойынша үйдің орнына үй беру, екінші – компенсация беру, үшінші – меншік иесінің үлесіне қарай пәтер сатып алып беру. Реновация – бұл құрылыстан бөлек, әлеуметтік жобаға жатады. Ол бұрын апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға бағытталған бірегей жоба, – деді ол.
Қолданыстағы заң талаптарына сәйкес, ғимараттарды немесе тұрғын үйлерді бұзу және көшіру жұмыстары тек меншік иелерінің келісімімен ғана жүргізіледі. Егер тұрғындар ұсынылған нұсқалардан бас тартса, олар ескі үйінде қалуға құқылы. Алайда бұл жағдайда тұрғын үйдің тозуына байланысты туындауы мүмкін қауіп-қатерлерге меншік иелерінің өздері жауапты болады. Соған сәйкес, өңірлердегі реновация бағдарламалары негізінде жол карталары бекітіліп, тұрғындардың қауіпсіздігі ескеріле отырып, апаттың алдын алу жұмыстары жүргізіледі. Мәселен, «Алматы қаласының 2030 жылға дейінгі тұрғын үй реновациясы бағдарламасы» аясында ескі үйлерді жаппай сүру жұмыстары басталды. 2026 жылдың соңына дейін барлығы 1 165 адамды жаңа пәтермен қамтамасыз ету жоспарланған. Әкімдіктің мәліметінше, жаңа пәтерлер дайын жөндеумен өткізіледі. Онда интернет, өртке қарсы жүйелер, сантехника және ас үй жабдықтары толық орнатылған. Бағдарлама аясында жыл басынан бері 204 меншік иесі жаңа қонысқа көшіп үлгерген. Қазір жаңа үйге қоныстанған тұрғындар саны бойынша Түрксіб ауданы бірінші орында. Яғни, 126 адам жаңа үйге көшкен. Әуезов ауданы бойынша 53 адам, Бостандық ауданында 13 адам, Алатау ауданында 6 адам жаңа пәтерге қоныстанған. Бұл тізімде Медеу, Жетісу және Алмалы аудандары да бар. Жоспарға сай биыл барлығы 95 үй бұзылмақ.

Ал Астана қаласында 2026 жылғы наурыздағы мәлімет бойынша реновация бағдарламасы аясындағы тізімге 178 көппәтерлі тұрғын үй енгізілген. 2013 жылдан бері бағдарламаны іске асыру барысында 18 мыңнан астам тұрғын көшірілген.
– Бағдарлама үш кезеңге жоспарланған. Бірінші кезең 2013-2017 жылдар аралығын қамтыды. Осы уақытта 228 апатты үйден 3 529 пәтердің тұрғындары көшірілді. Екінші кезең 2018-2022 жылдары жүзеге асырылды. Бұл кезеңде 54 апатты үйдегі 874 пәтердің тұрғындары жаңа баспанаға көшірілді. Үшінші кезең 2023-2029 жылдарға жоспарланған. Бұл кезеңде 206 апатты үйдегі 4 710 пәтердің тұрғындарын көшіру көзделген. Өткен жылға дейін 59 апатты үйдегі 1 742 пәтердің тұрғындары қоныс аударған, – деді Астана қаласының Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының бастығы Ануар Саипов.
Дегенмен кейбір өңірлерде реновация бағдарламасының іске асуы құрылыс компаниялары мен жеке инвесторлардың жетіспеушілігіне байланысты қиындықтарға тап болатынын айтады мамандар. Сондай-ақ тұрғындар мен жергілікті атқарушы органдардың немесе инвестор компаниялардың арасындағы келіспеушілік салдарынан жоспарлы бағдарламалардың кешеуілдеуі сияқты мәселелер де туындап жатады. Мәселен, қазіргі қолданыстағы тұрғын үй құрылыс нормаларына сәйкес тұрғын үй апатты деп танылған соң реновацияға бір адам қарсы болса, процесс тоқтатылады. Салдарынан көпқабатты тұрғын үй кіреберісінің опырылып құлауы секілді төтенше жағдайлардың орын алатын кездері болады.
Нақты мысал келтіретін болсақ, биыл ақпан айында Балқаш қаласы Қараменді би көшесіндегі үйдің бір жақ бөлігі опырылып құлаған. Ресми деректе бұл көпқабатты үй 1950 жылы салынғаны көрсетілген. Әкімдіктің мәліметінше, аталған үй 2025 жылы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргізілген техникалық қорытынды мен құрылыс сараптамасының негізінде апатты деп танылған. Бірақ осы баспананың тұрғындары былтыр басқа жерге көшуден бас тартып, біраз шулаған екен. Өйткені әкімдіктің көшуге ұсынған жері ұнамаған. Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының басшысы Виктор Микрюков заңнамадағы «тұрғын үй апатты деп танылған соң реновацияға бір адам қарсы болса, процесс тоқтатылады» деген норманы қайта қарау керектігін ескертті.
– Белгілі бір тұрғын үйге құрылыс компаниясының өкілдері келіп барлық пәтерді сатып алуға немесе мүлік иелеріне басқа жерден жаңа баспана ұсынуға дайын екенін айтады. Бұл ұсынысты 100 тұрғынның 99-ы қабылдап, біреуі қарсы болса, реновация жұмысы сол жерде тұралап қалады. Көп жағдайда қарсы болғандар үйінің құнын нарықтық бағасынан бірнеше есе жоғарылатады. Мұны мемлекеттік деңгейде реттейтін арнайы жүйе керек, – дейді ол.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ
