Қылқалам шеберінің кезекті картиналары заманауи қоғамдағы өзекті мәселелерді арқау етіп, қоғамды ойлануға жетелейді. Бұл жолғы көрме автор шығармашылығындағы 200-ші, мерейтойлық көрме ретінде ұйымдастырылып отыр. Ол суретшінің көпжылдық еңбегінің қорытындысын жасап, қазіргі өнердегі айрықша қолтаңбасын айқындай түседі.
Көрменің «Сөйле, сурет» аталуы тегін емес. Өйткені суретке қарап-ақ қандай тақырыпты меңзеп тұрғанын аңғаруға болады: әлеуметтік желілер дәуіріндегі жалғыздық, смартфонға тәуелділік, жетім баланың мұңы, несиеге батқан тағдырлар, жалқаулықтың ащы көрінісі сияқты басқа да күрделі тақырыптар картинаға жасырылған. «Сөйле, сурет» жобасы 2014 жылы Астанада бастау алып, кейін еліміздің бірқатар қаласында кеңінен таныстырылды. Бүгінде суретшінің туындылары әлемнің 30-дан астам елінде көрсетіліп, халықаралық деңгейде бағасын алып отыр. Туындыларының басым бөлігі графикалық стильде бейнеленген. Аңсаған Мұстафа қылқаламға 15 жасынан ден қойып, сол уақыттан бері өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды. Оның еңбектері әлеуметтік желілерде кеңінен танылып, Қазақстанның түрлі қалаcындағы көрмелерден бастап шетелдік галереяларға дейін жол тартты.
– Әлеуметтік тақырыптағы алғашқы суретім «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деп аталады. Онда темекі тұқылы мен бос шөлмектердің қасында отырған бала бейнеленген. Мұндай жағдайда өскен баладан қандай болашақ күтуге болады?! Қазір ойласам, 15 жаста мұндай күрделі тақырыпқа қалай барғаныма өзім де таңғаламын. Бірақ бала күнімнен көрген орта, естіген әңгіме мені осы бағытқа жетелегені анық. Анам шығарған «Ақ босаға» газеті отбасылық мәселелерді ашық қозғайтын басылым болды. Тұрмыстық қиындыққа тап болған әйелдерге анам бағыт-бағдар көрсетіп отырды. Осындай ортаны көріп өскендіктен болар, менің суреттерім де қоғамдағы әлеуметтік түйткілдерді қозғауға бағытталып кетті, – дейді суретші.

Қара-ақ түсті палитра, ықшам штрихтар, артық детальдан ада бейнелер. Бұлар – сабыр мен ұстамдылықтың белгісіндей. Бірақ сәл кідірсеңіз, осы қарапайымдылықтың астарында қуатты эмоция, тіпті ішкі жарылыс жатқанын сезесіз. Суретші саналы түрде көптүстіліктен бас тартып, көрермен назарын сыртқы әсемдікке емес, ой мен мазмұнға бағыттайды. Сондықтан оның әр жұмысы қысқа да нұсқа, бірақ жүрекке дөп тиетін әңгіме секілді. Олардың қатарында «Түсікке қарсылық», «Ана, темекі тартпа», «Құдай, неге мені теледидар қылып жаратпадың?», «Қарттар үйінде қазақ көп», «Байқайық» сияқты тағы басқа айтары анық, проблемалы суреттері бар. Соның бірі жасөспірім жүктілігіне арналған туынды ерекше әсер қалдырады. Көзінде үрей қатқан қыздың «Анам мені өлтіреді» деген қорқынышты көрсететін үнсіз жанайқайы бейнеленген. Сол бір қорқыныштың өзінде әлі өмірге келмеген сәбидің тағдыры да тұнып тұр. Ол да құрсақта «Анам мені өлтіреді» деген қорқынышпен жатыр.
– 2012 жылы «Анам мені өлтіретін шығар...» деген сурет жарық көрді. Сол туындыдан кейін екі анадан хат алдым. Олар: «Осы суретті көрген соң жаман ойымыздан айнып, өмірге сәби әкелдік» деп жазыпты. Аналардың бірі тіпті: «сіз сәбидің кіндік шешесісіз» деп баласының суреттерін жолдады. Сол сәтте жүрегім елжіреп, қуанғаннан еріксіз жылап жібердім, – деді А. Мұстафа.
Одан бөлек, суретшінің шығармашылығында цифрлық дәуірдегі жалғыздық тақырыбы айрықша көрініс табады. Әлеуметтік желілердегі сыртқы белсенділіктің ар жағында көбіне ішкі бос кеңістік жатқанын оның туындылары анық аңғартады.

Аңсаған Мұстафаның әрбір туындысы жұртты елең еткізеді. Қоғамдағы түйткілді мәселелерді қозғайды. Соңғы жылдары суретшінің картиналары әлемдік көрмелерден жиі көрініп жүр. Бұл көрмеге 69 картина ұсынылған. Жалпы, суретшінің осындай бағыттағы 200-ге жуық туындысы бар. Көрмеге қойылған графикалық жұмыстары отбасылық құндылықтар мен адамаралық қатынастардан бастап жұмыссыздық пен ақшаға табыну секілді қоғамдағы өзекті мәселелерді батыл көтереді.
– Мен үшін әр көрменің мақсаты біреу – көрерменді ойландыру. Сурет арқылы адамның өз әрекетіне сынмен қарауына, қателігін аңғаруына ықпал еткім келеді. Бүгінде, әсіресе несие тақырыбын жиі қағазға түсіремін. Себебі қоғамда қарызға тәуелділік күшейіп бара жатқандай көрінеді. Оның салмағы мен салдары оңай емес екенін жеткізуді жөн санаймын. Көрермен картинаға қарап отырып, бір сәт болса да тоқтап, ой түйсе – мақсатымның орындалғаны. Шетелдегі көрмелерде де осы ойдың актуалды екеніне көзім жетті. Көпшілік қазақша жазуды түсінбесе де, суреттің астарындағы идеяны бірден түсінеді. Мәселен, «Біз» атты туындымның түпнұсқасы қазір Италиядағы Роберто Ладжентраның (Roberto Lacentra at ARTEBO gallery – Bologna (Italy) галереясында сақтаулы. Ол бұл картинаны ерекше бағалап, «Мұндағы адамдар – қазақтар емес, біз, итальяндармыз. Біз де әлеуметтік желіден шыға алмай қалдық» деп жиі айтады. Осындай әсерлі жайттардың бірі Бразилияда өткен көрмеде де болды. Бір әйел суретімнің жанында тұрып, балаларына қатты дауыстап бірдеңе түсіндіріп жатты. Алғашында түсінбей қалдым. Кейін куратордан сұрасам, әлгі ана балаларына: «Қараңдаршы, шетелдіктердің қиялы қандай! Қандай керемет дүниелер жасайды!» деп айтып жатыр екен. Біз үшін шетелдік өнер иелері биік көрінсе, олар үшін де біздің туындылар дәл сондай әсер қалдыратынына сол сәтте анық көз жеткіздім. Қазақта «тамшы тас теседі» деген сөз бар. Сол секілді бұл картиналардың да тамшыдай болса да қоғам санасына әсер етіп, ой салса деймін, – деді Аңсаған Мұстафа.
Көрмеде дабырасыз, бірақ шынайылығымен жанды түршіктіретін көріністер де аз емес. Смартфонға телмірген ата-анасына алақан жайған бала, бесік орнына әлеуметтік желі белгісін тербеткен ана, сымдар шырмауында тұншығып жатқан адам – мұның бәрі бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқан кей жандардың айнадағы көрінісі.

Көрменің өн бойында цифрлық тәуелділік тақырыбы анық сезіледі. Бұл – ақыл айту емес, бүгінгі өмірдің айнасы іспетті шынайы көрініс. Отбасындағы күрделі мәселелер де назардан тыс қалмаған. Бір туындыда ата-анасынан қорқып, бүрісіп отырған бала бейнеленсе, бұл – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың ашық көрінісі. Ал тағы бір жұмыста жақындарынан алыстап, жалғыз қалған қарттардың үнсіз мұңы көрініс табады. Бұл бейнелер әсіреленбеген, керісінше, күнделікті өмірдегі таныс шындығымен жанға батады. Сонымен қатар уытты, өткір сатира да бар. Жалқаулық пен енжарлыққа бой алдырған кейіпкерлер «жақсы өмірді» күтіп, еш әрекетсіз тұрып қалғандай әсер қалдырады. Мұндай жұмыстар көрерменді бір сәтке селт еткізіп, ойлануға мәжбүрлейді.
Көпшілікке әлеуметтік желі арқылы қоғамдағы өзекті мәселелерді иллюстрациямен шебер жеткізіп танылған Аңсаған Мұстафаның туындылары АҚШ-та, Италия, Корея және Франция елдерінде көрерменнің ықыласына бөленген. Тақырыптарының салмақтылығына қарамастан, туындылардан нәзік иронияның лебі аңғарылады. Жалпы, «Сөйле, сурет» жобасының атауы өз мәнін толық ақтап тұр. Өйткені көрмеден шыққан әрбір көрермен өзіне қарата айтылған бір үнді естігендей күйде қайтады. Келушілер Ұлттық музейдегі экспозицияны мамыр айының 19-ына дейін тамашалай алады.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
