Cәтбаев университетінде ADT&AI – Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект академиясы (Academy of Digital Technologies & Artificial Intelligence) өз жұмысын бастады, – деп хабарлайды Аikyn.kz. Жаңа орталық жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды жаңа буын мамандарын даярлау ісіне енгізумен, университеттің ішкі жүйелерін жетілдірумен және корпоративтік секторға арналған цифрлық шешімдер әзірлеумен айналысады.
ADT&AI заманауи онлайн-курстарды дамытып, техникалық білімді кез келген аймақтағы студентке қолжетімді етуде. Сонымен қатар Академия қазақстандық кәсіпорын қызметкерлеріне арналған біліктілікті арттыру бағдарламаларын іске қосып, бизнеске цифрлық технологияларды жұмыс үдерістеріне енгізуге қолдау көрсетеді. Академияның деректерді өңдеу орталығы негізінде жасанды интеллектке негізделген цифрлық сервистер мен шешімдер әзірленіп жатыр.
Академия жұмысында Жасанды интеллект зертханасы білім беру және корпоративтік өнімдерге интеллектуалды алгоритмдерді енгізумен айналысады.
«Біз тек білім беру платформасын емес, білім, инфрақұрылым және жасанды интеллект өзара байланысқан заманауи технологиялық орта қалыптастырып жатырмыз. Басты мақсатымыз – студенттер мен серіктестерге цифрлық экономикада жұмыс істеуге және дамуға қажетті нақты құралдар ұсыну», – деді Жасанды интеллект зертханасының жоба жетекшісі әрі бизнес-талдаушысы Наталья Кудрявцева.
Academy of Digital Technologies & Artificial Intelligence Қазақстанда жасанды интеллектіні дамытуға бағытталған AI-Sana ұлттық бағдарламасы аясында құрылды. Бұл – студенттердің ІІ саласындағы дағдыларын дамытуға, стартаптарды қолдауға және жаңа технологиялық орта қалыптастыруға арналған ауқымды мемлекеттік бастама. Бағдарлама Ғылым және жоғары білім министрлігі мен еліміздің жетекші жоғары оқу орындарының, соның ішінде Cәтбаев университеті қолдауымен жүзеге асырылып жатыр.
Әлемнің жетекші университеттерінің тәжірибесіне сүйене отырып, Cәтбаев университеті Қазақстан экономикасына қажет қолданбалы ІІ-шешімдерді дамытуға және технологиялық кәсіпкерлікті қолдауға басымдық береді. Академия студенттік стартаптарды дамытуға, халықаралық сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеуге және әлемдік цифрлық технологиялар нарығына бағытталған жобаларды қолдауға ерекше мән береді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» Telegram арнасынан таба аласыз.
