Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен келген 12 ақын қатысты.
«Алты Алаштың арысы – Ер Жалаңтөс»: Қызылордада «AMANAT» партиясының қолдауымен аламан айтыс өтті
фото: баспасөз қызметінен алынды
125
оқылды

Сыр өңірінде «AMANAT» партиясының қолдауымен Қызылорда облысының әкімдігі «Алты Алаштың арысы – Ер Жалаңтөс» тақырыбында республикалық ақындар айтысын ұйымдастырды. Дүбірлі дода даңқты қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрдің 450 жылдығына арналды, - деп хабарлайды Aikyn.kz «AMANAT» партиясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мұндағы мақсат – Жалаңтөс Баһадүрдің ерлік пен өрлікке толы өмір жолын насихаттап, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, айтыс өнері арқылы елдің рухын асқақтату.

Айтыс тізгінін ұстаған белгілі ақын, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Аманжол Әлтай ұлттық өнерді ұлықтау – ұлт руханиятын нығайтудың маңызды тетігі екенін атап өтті. Сондай-ақ ол айтыс өнері арқылы жастарға тарих пен тағылымды насихаттаудың маңызы зор екенін жеткізді.

«Бүгінгі айтыс аламанына аузымен құс тістеген жыр жүйріктері жиналып отыр.

«AMANAT» партиясының қолдауымен ұйымдастырылып отырған бұл рухани дода – ұлттық өнер мен руханиятқа көрсетілген зор құрметтің көрінісі. Айтыстың Жеңіс күні қарсаңында өтуінің де өзіндік мәні бар. Себебі Жалаңтөс Баһадүр өз заманында ел мен жер үшін күресіп, қол бастаған тарихи тұлға. Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы тарихи тұлғалардың ерлігі ұлықталып, ұлттық мұрамыздың мәртебесі арта түсуде», – деді ол.

Өз кезегінде, Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет Жалаңтөс Баһадүрдің ел тарихында алар орнына тоқталды. Ол батырдың тек қолбасшы ғана емес, өркениет пен мәдениеттің дамуына үлес қосқан тарихи тұлға екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Тарихты білу дегеніміз – өткенмен өмір сүру емес. Біз тарихымызды терең білу және одан тағылым алу арқылы өткеннің қателігін қайталамайтын, Ұлы даланы мекендеген ұлы бабалар жолын лайықты жалғастыра алатын ұрпақ тәрбиелеуге тиіспіз», деген болатын. Жалаңтөс Баһадүр – Қазақ хандығының сындарлы кезеңінде саясаткер әрі қолбасшы болған, ел есінде мәңгі сақталған бірегей тұлға. Аймағымызда батыр рухына арналған мәдени іс-шаралар ұйымдастырылуда. Соның ішінде, бүгінгі республикалық айтыс – ерекше маңызға ие», – деді облыс әкімінің орынбасары.

Дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен келген 12 ақын қатысты. Олар Жалаңтөс Баһадүрдің тұлғасын жырлап қана қоймай, ел бірлігі, адал еңбек, білім мен ғылым, ауылдың дамуы, тазалық мәдениеті мен заң үстемдігі сынды қоғамдық маңызы бар тақырыптарды жырға арқау етті.

Сөз сайысына Қазақстанның Халық жазушысы Жүрсін Ерман бастаған белгілі ақын-жазушылар мен қоғам қайраткерлері қазылық етті. Нәтижесінде, Бас жүлде Жұлдызай Маратбекке бұйырды. Ал жүлделі 1-орынды Мұхтар Ниязов иеленсе, 2-орын Хавдолла Бейісханға табысталды. Бұл ретте, 3-орынды Мақсат Ақанов пен Мейірбек Сұлтанхан бөлісті. Сондай-ақ Дидар Қами Жалаңтөс Баһадүр атындағы арнайы жүлдемен марапатталды.

Үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов өз сөзінде ұлттық өнер сабақтастығына тоқталды. Оның айтуынша, рухани құндылықтарды сақтау – ұрпақ тәрбиесінің өзегі.

«Сыр елі ұлттық өнерімізді үнемі ұлықтап келеді. Себебі кейінгі ұрпақ бабалар өнері мен өсиетін бойға сіңіруі қажет. Сондықтан бүгінгі айтыс – ерекше мәнге ие. «AMANAT» партиясы ұлттық мұрамызды ұлықтау ісінде айрықша рөл атқарады. Бұл бағыттағы игі бастамалар алдағы уақытта жалғасын табарына сенімдімін», – деді Мұхтар Ниязов.