Сайысқа 9 бен 17 жас аралығындағы 220-ға жуық команда қатысты.
Астанада түркітілдес елдердің жас инженерлері қатысқан робототехника чемпионаты өтті
Фото: gov.kz
104
оқылды

V халықаралық Robotek Grand Tournament Astana 2026 робототехника чемпионаты өз мәресіне жетті,  – деп хабарлайды Aikyn.kz. Чемпионат алғаш рет Президенттің «TurkTime!» бастамасы аясында ұйымдастырылып, түркітілдес елдердің жас инженерлерін біріктірді. Оған Қазақстан, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан және Тәжікстан командалары қатысты.

Турнир өткізілу тарихындағы ең ауқымды жарыс болды. Сайысқа 9 бен 17 жас аралығындағы 220-ға жуық команда қатысты. Оның ішінде 180-нен астамы отандық, 40-тан астамы шетелдік командалар. Қазақстан атынан елдің 20 өңірінен облыстық кезеңдердің жеңімпаздары өнер көрсетті.

Robotek Grand Tournament Astana 2026 цифрландыру және жасанды интеллект жылының негізгі іс-шараларының қатарына енді. Соңғы бес жылда чемпионат ақпараттық технологиялар мен робототехника саласындағы Қазақстанның танымал брендтерінің біріне айналды.

Жарыс тоғыз бағыт бойынша өтті. Барлық регламенттерді қазақстандық мамандар әзірлеген және олар отандық инженерлік шешімдер мен білім беру тәсілдеріне негізделген.

Чемпионат қорытындысы бойынша, әртүрлі санаттарда 30 жеңімпаз бен жүлдегер анықталды. Оларға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Тағы 18 қатысушы «Үздік өңірлік команда», «Үздік халықаралық команда», «Үздік инженерлік шешім», «Үздік қыздар командасы» және «Үздік командалық рух» аталымдары бойынша марапатталды.

Жалпыкомандалық есепте басты «Ел кубогы» екінші жыл қатарынан елордада қалды.

Жеңімпаздарға серіктес жоғары оқу орындарының білім гранттары да табысталды. Олардың қатарында Қазақстан-Британ техникалық университеті, Energo University және Торайғыров университеті бар.

Турнирді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы Астана қаласының әкімдігі, «Астана дарыны» орталығы, NU Impact Foundation және Robotek робототехника мектебімен бірлесіп ұйымдастырды.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.