Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми Кеңес залында университеттің 30 жылдығына арналған «Біріккен ұлт жеңеді!» атты VI халықаралық бейнематериалдар байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Жаңа формадағы коммуникация ұлттық мүддеге сәйкес болса, біріккен ұлт қашан да жеңеді
Фото: Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың баспасөз қызметінен алынды
38
оқылды

Биылғы халықаралық байқау «Адам және жасанды интеллект – жаңа коммуникация формасы» тақырыбына арналды. VI байқаудың Цифрландыру және жасанды интеллект жылы мен университеттің 30 жылдығына арналуы оның маңызын тереңдете түсті. Биылғы байқау жастардың жасанды интеллект тақырыбына деген қызығушылығының жоғары екенін көрсетті. Марапаттау рәсіміне Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ректоры – Басқарма Төрағасы Ерлан Бәтташұлы Сыдықов, «Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Дархан Қамзабекұлы Мыңбай, белгілі медиа мамандар, телеарна басшылары, журналистер, профессор-оқытушылар және халықаралық байқауға жеңімпаздары қатысты.

2020 жылдан бері дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан халықаралық байқауға биыл АҚШ, Ұлыбритания, Оңтүстік Африка, Испания, Жаңа Зеландия, Біріккен Араб Әмірлігі, Қырғызстан және Қазақстан университеттерінен 100-ден астам жұмыс келіп түсті. Байқауға студенттер, магистранттар мен докторанттар қатысып, қазіргі медиакеңістіктегі өзекті ЖИ мәселелерін шығармашылық тұрғыда ұсынды.

Байқау идеясының авторы әрі жетекшісі – «Дарын» мемлекеттік сыйлығының иегері, кәсіби тележурналист, профессор Ұлбосын Мейірбекқызы Есенбекова. Байқау аясында жас авторлардың жасанды интеллект, цифрлық мәдениет, медиа коммуникация, жаңа технологиялар тақырыптарын терең меңгергені байқалды.

Марапаттау рәсімінде ұйымдастыру комитетінің мүшелері байқауға келіп түскен жұмыстардың ерекшеліктеріне арнайы тоқталды. Еуразия ұлттық университетінің сапаны қамтамасыз ету және ішкі бақылау жөніндегі проректоры – Басқарма мүшесі Индира Сәдібекқызы Рыстина байқаудың халықаралық деңгейде маңызы артып келе жатқанын атап өтіп, қатысушылардың ізденісі мен шығармашылық еңбегіне жоғары баға берді. Байқауға ұсынылған жұмыстар жастардың цифрлық ортадағы ойлау мәдениетін, медиа сауатын және жаңа технологияларды мазмұнды қолдануға деген ұмтылысын көрсетті.

Ұлбосын Есенбекова қатысушылардың тақырыпты заманауи медиатіл арқылы аша алғанын айтып, үздік жұмыстардың кәсіби деңгейі халықаралық стандарттарға жақындағанын атап өтті. Профессордың айтуынша, көптеген бейнематериалдарда авторлық көзқарас, тың идея мен визуалдық шешімдер үйлесім тапқан.

 «Хабар 24» телеарнасының жаңалықтар қызметінің бас редакторы Назым Стамбекова ұйымдастыру комитетінің мүшелері жеңімпаз жұмыстардың мазмұндық және шығармашылық ерекшеліктерін бағалауға көңіл бөлгенін айтты. Назым Стамбекова байқаудың жастар үшін жай ғана шығармашылық дода емес, болашақ медиа мамандарының кәсіби әлеуетін, жаңа технологияларды меңгеру деңгейін көрсететін маңызды алаң екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазылар алқасы жұмыстарды бағалау кезінде креативтілікке, режиссураға, бейнематериалдардың мазмұны мен тақырыпты ашу деңгейіне ерекше назар аударған.

Ұйымдастыру комитетінің мүшесі Данияр Қайыртай өз сөзінде жасанды интеллектің тілдік кедергілерді жойып, адамзатты жақындастыратын жаңа коммуникациялық күшке айналғанын айтты. Ол қазақ тілінің де жасанды интеллект пен нейрондық желілер арқылы әлемдік білім мен технология кеңістігінің ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанын атап өтті. «Коммуникация күшті болса, біріккен ұлт қашанда жеңеді» деген ой байқаудың негізгі идеясымен үндесті.

Байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі аясында профессор Ұлбосын Мейірбекқызы Есенбекованың 55 жасқа толуына орай құрмет көрсетілді. «AMANAT» партиясы, мерейтой иесінің кәсіби тележурналистикада тығыз байланыста еңбек еткен «Қазақстан», «Хабар» телеарналары мен «Qazcontent» акционерлік қоғамының басшылары профессорға құрмет грамоталары мен алғыс хаттарын жолдады. Бұл марапаттар Ұлбосын Мейірбекқызының отандық журналистика, медиабілім және жас таланттарды қолдау бағытындағы көпжылдық еңбегіне берілген жоғары баға ретінде қабылданды.

Байқау қорытындысында Гран-При мен I, II, III дәрежелі дипломдар, сондай-ақ арнайы номинациялар табысталды. Гран-При жүлдесін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің білім алушысы Ералықызы Алинура жеңіп алды.

«Біріккен Ұлт жеңеді!» атты халықаралық байқаудың жеңімпаздарын қосымша қолдау мақсатында Еуразия ұлттық университетінің Ректоры Ерлан Бәтташұлы Сыдықов маңызды ұсыныс айтты. Байқауда жеңімпаз атанған жұмыстарды кеңінен насихаттау мақсатында әлеуметтік желілер мен интернет платформаларда ең көп қаралым жинаған бейнематериал авторларын арнайы сыйлықтармен марапаттау ұсынылды. Бұл бастама жастарды медиаөнімді аудиторияға сапалы ұсынуға ынталандырмақ.

Ректордың екінші ұсынысы – ЖИ құралдарын пайдаланып, қазақ тарихы мен мемлекеттілігіне арналған арнайы бағыттарды күшейту. Атап айтқанда, қазақ хандары, Қазақ хандығының қалыптасу кезеңдері, ел тарихындағы елеулі оқиғалар мен тарихи тұлғалар туралы танымдық әрі көркем бейнероликтер әзірлеуге басымдық беру ұсынылды. Бұл бастама жастардың тарихи санасын нығайтып, ұлттық құндылықтарды жаңа медиатіл, ЖИ құралдары арқылы дәріптеуге мүмкіндік береді.

Байқаудың жабылу рәсімінде сөз сөйлеген профессор Ұлбосын Есенбекова халықаралық жобаның алдағы уақытта да жас таланттардың шығармашылық алаңы ретінде дами беретінін атап өтті. 

Байқау идеясының авторы Ұлбосын Есенбекова халықаралық жобаның жоғары деңгейде өтуіне қолдау көрсеткен Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ректоры – Басқарма Төрағасы Ерлан Бәтташұлы Сыдықовқа, университет проректоры Индира Сәдібекқызы Рыстинаға, Журналистика жоғары мектебінің директоры Нұржан Қуантайұлына, Медиакоммуникация және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Гүлмира Шайтмағанбетқызына, сондай-ақ телеарналардағы барлық әріптестері мен байқаудың ұйымдастыру комитетінің мүшелеріне арнайы алғыс айтты.