Министр кейбір оқулықтар 9 жыл бойы жаңартылмағанын жеткізді.
"Оқулықтардан 700-ден астам қате табылды": Аида Балаева мектеп кітаптарының жаңаратынын ескертті
185
оқылды

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешендерді жаңарту мәселесіне қатысты пікір білдіріп, қолданыстағы оқулықтардан 700-ден астам ескертпе мен қате анықталғанын мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Министр бұл туралы Facebook парақшасында жазды. 

Оның айтуынша, соңғы күндері баспалар мен азаматтар тарапынан оқулықтарды жаңарту мәселесіне қатысты түсініктеме беру жөнінде көптеген өтініш түскен.

– Бүгінде қолданыстағы оқулықтар бойынша әртүрлі сипаттағы 700-ден астам ескертпе мен қате анықталды. Олардың қатарында техникалық және стильдік кемшіліктер, деректік қателер, мазмұнға сәйкес келмейтін иллюстрациялар, жекелеген материалдардың оқу бағдарламаларымен үйлеспеуі, сондай-ақ ескірген әдіс-тәсілдер мен тұжырымдамалардың қолданылуы бар. Әсіресе, ұлттық мазмұнға лайықтап бейімделмеген материалдардың пайдаланылуы, математика пәніндегі қате анықтамалар мен есеп шығару жолдары, оқу бағдарламасында көзделмеген шығармалардың енгізілуі, сондай-ақ тарихи оқиғаларға қатысты жаңсақ пайымдар ерекше алаңдаушылық туғызып отыр, – дейді ол. 

Министр кейбір оқулықтар 9 жыл бойы жаңартылмағанын жеткізді. Соның салдарынан оқушылар сапалы, өзекті әрі мемлекеттік білім беру стандарттарына сай оқу материалдарымен қамтамасыз етілмеген.

– Мектеп оқулықтарының сапасы жекелеген баспалардың ғана мәселесі емес екенін де атап өткім келеді. Бұл – елдегі білім сапасына, демек балаларымыздың келешегіне тікелей ықпал ететін маңызды мәселе. Оқулық сараптаманың формалды талаптарына ғана сай болып қоймай, мемлекеттің, қоғамның және білім беру жүйесінің бүгінгі сұранысына толық жауап беруі тиіс.

Бұл бұрын аталған оқулықтарды мақұлдаған Пәндік сараптама комиссиясы шешімдерінің күші жойылады деген сөз емес. Әңгіме түпкі нәтиже үшін ортақ жауапкершілік туралы болып отыр. Білім саласы формалды көзқарасты көтермейді. Баланың қолына тиетін әрбір оқулық сапалы, мазмұны дәл, дерегі шынайы және уақыт талабына сай болуы керек,  – деп жазды министр Facebook парақшасында.

Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңартып, мектептерді жаңа басылымдармен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

Жоспарға сәйкес:

2026 жылғы 30 тамызға дейін – 3 және 7-сынып оқулықтары;

2027 жылғы 1 қаңтарға дейін – 4 және 9-сынып оқулықтары;

2027 жылғы 1 сәуірге дейін – 8-сынып оқулықтары жаңартылады.

Министрліктің мәліметінше, басты мақсат – Қазақстандағы барлық мектептерді заманауи, мазмұны мұқият сараланған, өзекті білімге, «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының құндылықтарына және мемлекеттік басымдықтарға негізделген сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету.

– Ата-аналар да, ұстаздар қауымы да, жалпы қоғам да бізден осы жауапты жұмысты сапалы әрі жүйелі атқаруды күтеді, – деді Аида Балаева.