2018-2025 жылдар аралығында 72 мыңнан астам орынға арналған 281 жатақхана пайдалануға берілді.
Жатақхана мәселесі: нәтижелер мен жаңа бастамалар
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі
145
оқылды

Студенттерді жайлы әрі қауіпсіз жатақханамен қамтамасыз ету – еліміздегі жоғары білім саласының маңызды басымдықтарының бірі. Бұл бағыттағы жұмыс мемлекеттік деңгейде заңнамалық және стратегиялық құжаттармен бекітілген, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету үшін министрлік бірнеше бағытта жұмыстар жүргізді. Жыл сайын ведомство жатақханаға деген тапшылыққа талдау жүргізіп, студенттердің өңірлер бойынша контингентін зерделеп, әлеуметтік жағдайы бойынша талдау жүргізеді.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, 2018-2025 жылдар аралығында 72 мыңнан астам орынға арналған 281 жатақхана пайдалануға берілді. Соның ішінде жоғары оқу орындарының студенттері үшін 51 323 орындық 182 жатақхана, колледж студенттері үшін 20 802 орындық 99 жатақхана ашылды.

Осылайша 2018 жылдан бастап іске асырылған жүйелі шаралар төсек-орын санын едәуір арттыруға және жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттері үшін жатақхана орындарының тапшылығын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді.

Нәтижесінде бірнеше жыл бұрынғы тапшылық бүгінгі күні 5 176 орынға дейін қысқарды. Қазіргі уақытта жатақхана орындарының тапшылығы негізінен Алматы қаласында ғана байқалады, ал Астана мен басқа өңірлерде тапшылық толық жойылған.

Студенттердің қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше көңіл бөлінеді. Қажет болған жағдайда жоғары оқу орындары хостелдерді жалға алып, оларда тек студенттердің тұруын қамтамасыз етеді. Бұл нысандарда қауіпсіздік талаптары арнайы нормативтік құжаттармен реттелген.

Сонымен қатар 2025-2026 оқу жылында ситуациялық және дағдарыс орталықтары іске қосылды. Студенттерге жатақхана орындары туралы ақпарат пен кеңес беретін ситуациялық орталық Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің базасында ашылса, форс-мажор жағдайында уақытша баспанамен қамтамасыз ететін дағдарыс орталығы Тынышпаев атындағы «ALT» университетінде ашылды. Бүгінге дейін ситуациялық орталықтан 2 500 адам кеңес алса, дағдарыс орталығының қызметін 10 адам қолданған.

Әр өңірде студенттердің мәселелерін жедел шешуге жауапты омбудсмендер бекітіліп, Министрліктің қолдауымен жедел штаб жұмыс істейді. Сондай-ақ өтініштер мен ұсыныстарды қабылдайтын жоғары оқу орындарының ресми сайттарында тікелей байланыс арналары іске қосылған.

Аталған жұмыстар биылғы оқу жылында да жалғасып, студенттерді қолжетімді әрі қауіпсіз жатақханамен қамтамасыз ету бағытында жаңа бастамалар жүзеге асырыла береді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.