Бір жағынан жұмыс берушілер тәжірибелі мамандарды іздесе, екінші жағынан жас түлектерге сол тәжірибені жинауға мүмкіндік аз. Осы мәселені шешу мақсатында елімізде «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, былтыр бағдарлама аясында 21,5 мыңнан астам жас маман жұмыспен қамтылған. Бағдарламаның мақсаты – түлектердің алғашқы еңбек тәжірибесін жинауына мүмкіндік беру.
Мамандық бойынша жұмыс табудың қаншалықты қиын екенін анықтау мақсатында студенттер мен жас мамандар арасында сауалнама жүргіздік.
Бухгалтерлік есеп және аудит мамандығының 2-курс студенті Олжас Шайыхбеков болашақта мамандығы бойынша жұмыс табу мәселесі қазірдің өзінде алаңдататынын айтты. Оның пікірінше, оқу барысында берілетін тәжірибе жеткіліксіз, ал жұмыс берушілер бірнеше жылдық еңбек өтілін талап етеді. Сондықтан жас мамандардың еңбек нарығына бейімделуі қиынға соғып отыр.
Заңгер мамандығы бойынша колледж тәмамдаған Ақжүніс Жұбан қазіргі таңда жұмыс іздеп жүр. Оның сөзінше, көптеген мекемелер жоғары оқу орнының дипломын талап етеді. Бұған қоса, жұмысқа қабылдау кезінде тәжірибенің болуы міндетті шартқа айналған. Ұсынылатын жалақының төмендігі де жастардың өз мамандығы бойынша еңбек етуіне кедергі келтіретінін айтты.
Ал болашақ мұғалім Әселхан Қасқырбай бүгінде басқа салада жұмыс істейді. Оның айтуынша, өз мамандығы бойынша бос жұмыс орындарының аздығы, жас мамандарға жүктелетін жұмыс көлемінің көптігі және еңбекақының көңіл көншітпеуі басқа салаға ауысуына себеп болған.
Жүргізілген сауалнама нәтижесі жастардың пікірінде ортақ мәселе бар екенін көрсетті. Респонденттердің басым бөлігі мамандық бойынша жұмысқа орналасудағы негізгі кедергілер ретінде тәжірибеге қойылатын жоғары талапты, бос жұмыс орындарының жеткіліксіздігін және жалақы деңгейінің төмендігін атады. Бұл еңбек нарығында жас мамандарды қолдау тетіктерін күшейтіп, тәжірибе жинауға мүмкіндік беретін бағдарламаларды кеңейтудің өзектілігін көрсетеді.
Ботагөз Инабатова, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің студенті
