Мектеп сөмкесінің салмағы бала салмағының 10%-ынан аспауы тиіс.
Мектеп cөмкесінің салмағы қанша болуы керек?
Фото: gov.kz
138
оқылды

Денсаулық сақтау министрлігі мектеп рюкзагын қалай таңдау керектігін түсіндірді. Жаңа оқу жылы қарсаңында ата-аналарға мектеп рюкзагының ішіне оқулықтар, дәптерлер және басқа да оқу құралдары салынғаннан кейін оның қаншалықты ауырлайтынын тексеру ұсынылады. Негізгі бағдар: толық жиналған рюкзактың салмағы баланың дене салмағының 10%-ынан аспауы тиіс екен, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі ата-аналарға мектеп рюкзагын таңдау кезінде назар аударуы қажет негізгі талаптарды еске салды.
Рюкзактың әдемі дизайны мен сыйымдылығы – жалғыз өлшем емес. Оның жеңіл болуы, баланың бойына сәйкес келуі, арқасына ыңғайлы орналасуы және иығына артық салмақ түсірмеуі маңызды.

Денсаулық сақтау министрінің №ҚР ДСМ-76 бұйрығымен белгіленген талаптарға сәйкес, оқу құралдарының ұсынылатын салмағы оқушының жасына байланысты:
* 1-3-сынып оқушылары үшін – 2 келіге дейін;
* 4-5-сынып оқушылары үшін – 2,5 келіге дейін;
* 6-7-сынып оқушылары үшін – 3,5 келіге дейін;
* 8-11-сынып оқушылары үшін – 4,5 келіге дейін.
Бұл нормалар күнделікті оқу жиынтығының салмағына қатысты және рюкзактың өзінің салмағын қамтымайды.
Сонымен қатар мамандар оқулықтар мен оқу құралдарын қоса есептегендегі рюкзактың жалпы салмағы баланың дене салмағының 10%-ынан аспауын ұсынады.
Мысалы, оқушының салмағы 30 келі  болса, толық жиналған сөмкенің салмағы 3 келіден аспағаны жөн.
Сатып алу кезінде неге назар аудару қажет?
Мамандар мектеп рюкзагын баламен бірге таңдауға кеңес береді. Сатып алмас бұрын рюкзакты баланың арқасына салып көріп, оның оқушының бойына сәйкес келетініне және арқасына ыңғайлы орналасатынына көз жеткізген жөн.
Таңдау кезінде мынадай сипаттамаларға назар аудару қажет:
* жүктемені біркелкі бөлуге мүмкіндік беретін кең әрі жұмсақ иықбаулар;
* арқаның дұрыс орналасуын қамтамасыз ететін тығыз арқа бөлігі;
* иықбаулардың ұзындығын реттеу мүмкіндігі;
* жарық шағылыстыратын элементтердің болуы. Олар қараңғы уақытта жүргізушілер үшін баланың анық көрінуіне мүмкіндік береді;
* берік әрі су өткізбейтін материал.

Рюкзактың өзінің салмағын да ескерген маңызды. Ол неғұрлым жеңіл болса, балаға түсетін қосымша жүктеме де соғұрлым аз болады. Мамандар бос рюкзактың салмағы 1 келіден аспауын ұсынады.
Рюкзак бала үшін тым үлкен болмауы және белден айтарлықтай төмен түсіп тұрмауы тиіс.
Артық заттарды үйде қалдырған дұрыс.
Тіпті, ең ыңғайлы рюкзактың өзі бала күн сайын қажетсіз заттарды алып жүрген жағдайда ауыр болуы мүмкін.
Ата-аналарға рюкзактың ішін мезгіл-мезгіл тексеріп отыру ұсынылады. Сабақта қажет болмайтын ойыншықтарды, артық дәптерлерді, кітаптарды және басқа да заттарды үйде қалдырған дұрыс.
Сондай-ақ баланы рюкзакты екі иығына қатар асып жүруге үйрету маңызды. Бұл жүктеменің біркелкі бөлінуіне мүмкіндік береді.
Егер мектепте осындай мүмкіндік қарастырылған болса, оқулықтар мен оқу құралдарының бір бөлігін сыныпта қалдыруға болады.
Ата-аналарға арналған қарапайым ереже:
Мектепке шығар алдында рюкзакты тексеруге бірнеше минут қана жеткілікті: артық заттарды алып тастау, иықбауларын реттеу және оның салмағын бағалау қажет.
Негізгі қағида қарапайым: бала бойына сәйкес келетін ыңғайлы рюкзак, артық заттардың болмауы және оның салмағы оқушының дене салмағының 10%-ынан аспауы тиіс.
Осындай қарапайым күнделікті әдеттер баланың оқу күндерін жайлы өткізуіне және арқасы мен иығына түсетін артық жүктемені азайтуға көмектеседі.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»   TELEGRAM арнасынан табасыз.