Президенттің айтуынша, әр азаматтың дауысы елдің жаңа кезеңдегі даму бағытына тікелей ықпал етеді.
Президент: Алдағы жексенбіде әр адамның дауысы маңызды
223
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Құрылтай сайлауына белсенді қатысып, саналы таңдау жасауға шақырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Президенттің айтуынша, әр азаматтың дауысы елдің жаңа кезеңдегі даму бағытына тікелей ықпал етеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев жалпыхалықтық дауыс беру қорытындысы бойынша Құрылтайға кәсіби мамандар мен отаншыл азаматтар сайланады деген сенім білдірді.

Президенттің пікірінше, Құрылтай әртүрлі көзқарастар мен ел болашағына бағытталған ұмтылыстар тоғысатын біртұтас алаңға айналуы тиіс. Бұл ретте жаңа құрылым Қазақстанның жаңғыруына тың серпін бермек.

Мемлекет басшысы қазіргі геосаяси шиеленіс пен жаһандық сын-қатерлер күшейген кезеңде Қазақстан өз даму бағытынан таймай, алға ұмтылуы керектігін атап өтті.

«Алдағы жексенбі ел тағдыры үшін дәл осындай бетбұрысты сәт болады. Біз Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңге қадам басамыз. Осындай тағдыршешті сәтте әр адамның дауысы маңызды екені сөзсіз.», – деді Президент.

Тоқаев әр азаматтың дауысы маңызды екенін айтып, сайлауға қатысу халықтың өз еркін білдіруі әрі азаматтық жауапкершілігін танытуы екенін атап өтті.

Президент әсіресе жастарды сайлауға қатысып, елдің табысты дамуына өз үлесін қосуға шақырды.

«Қазақта “Келісіп пішкен тон келте болмас” деген мақал бар. Азаматтарды, әсіресе, жастарды сайлауға келіп, өз таңдауын жасауға, яғни Қазақстанның табысты дамуына үлес қосуға шақырамын. Халқымыздың дауысы қастерлі Отанымыздың тұғырын бекемдеуге, нағыз озық ел болуымызға тікелей ықпал етері анық. Баршаңызға амандық және табыс тілеймін! Отанымыз – Қазақстан Республикасы жасасын!», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы халықтың таңдауы Қазақстанның болашағына және елдің озық мемлекеттер қатарына қосылуына ықпал ететініне сенім білдірді.