«Ардагерлерді ардақтайық» жобасының негізгі мақсаты – аға буын өкілдеріне құрмет көрсету, жалғызбасты қарияларға жан-жақты қолдау білдіру және жастар арасында үлкенге ізет, мейірімділік пен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын дәріптеу.
«Әділет» партиясының жастары жалғызбасты қарияларға құрмет көрсетті
фото: «Әділет» партиясының баспасөз қызметінен алынды
158
оқылды

«Әділет» партиясының «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері қарияларымызға құрмет көрсетіп, ұлықтауды жалғастырып жатыр. Осы жолы жастарымыз Алматы қаласы, Алматы облысы және Жетісу облысындағы қарттармен жүздесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында Алматыдағы «Әділет» партиясының жастары жалғызбасты қарияға арнайы барып, хал-жағдайын біліп қайтты. Олар қарияға тұрмыстық және әлеуметтік қолдау көрсетті.

Жоба аясында жастар әлеуметтік осал топқа жататын жалғызбасты қария Мұрат Дильдабековтің шаңырағына арнайы барып, оның тұрмыс-тіршілігімен танысты. Кездесу барысында жастар қариямен әңгімелесіп, ақыл-кеңесін тыңдады.

Сонымен қатар белсенділер азық-түлік себетін табыстап, үй ішін жинастыруға, аула тазалығын ретке келтіруге және бірқатар тұрмыстық жұмысты атқаруға қолғабыс етті.

«Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері әлеуметтік бастамаларға атсалысу арқылы жастардың қоғамдық жауапкершілігін арттырып, қайырымдылық пен қамқорлық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосатынын сөз етті.

Оның үстіне, мұндай кездесулердің жастар үшін берер тағылымы мол. Аға буынның өмірлік тәжірибесі мен өнегелі жолы кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал етеді. Қарияның халін сұрап, тұрмысына қолғабыс ету – қоғамдағы өзара көмек пен жанашырлықтың нақты көрінісі.

Қариясын қадірлеген елдің мерейі биік. Үлкенге құрмет көрсету – ұрпақ тәрбиесінің өзегі әрі қоғамдағы адамгершілік құндылықтарды нығайтудың маңызды негізі деп снайды жастар қанатының белсенділері.

Сонымен қатар, «Әділет» партиясы Жетісу облыстық филиалының жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері Талдықорған қаласының тұрғыны, Ауған соғысының ардагері Бұлғын Қасымбаев атаның шаңырағына арнайы барып, көмек көрсетті.

Акция барысында жастар ардагердің ауласын тазалап, үй маңңын ретке келтірді. Аула тазалығын қамтамасыз етіп, тұрмыстық жұмысты істеген белсенділер осылайша аға буынға деген құрметін іспен көрсетті.

Іс-шараның басты мақсаты – ардагерлерге құрмет көрсету, олардың еңбегі мен ерлігін ұлықтау, сондай-ақ жастар арасында үлкенді сыйлау, қамқорлық таныту және қоғамға пайдалы іс жасау құндылықтарын қалыптастыру.

Кездесу барысында жастар Бұлғын атамен еркін әңгімелесіп, оның өмір жолы мен Ауған соғысына қатысқан жылдары туралы естеліктерін тыңдады. Ардагердің әңгімелері жастарға бейбіт өмірдің қадірін түсініп, Отан алдындағы азаматтық борыш пен жауапкершіліктің маңызын ұғынуға мүмкіндік берді.

«Жастар рухы» белсенділері үшін мұндай кездесулердің маңызы зор. Себебі аға буынның өнегелі өмір жолын тыңдап, олардың тәжірибесінен тағылым алу – ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың тиімді жолдарының бірі.

– Ардагерлерге құрмет көрсету – баршаға ортақ парыз. Біз бүгінгі көмегіміз арқылы үлкен кісіге деген сыйластығымызды білдіріп, аула жұмыстарына қолғабыс еттік. Осындай игі істерді жастар арасында тұрақты түрде жалғастыру маңызды деп санаймыз, – дейді акцияға қатысқан жастар.

Өз кезегінде Бұлғын ата жастарға алғысын білдіріп, олардың ықыласы мен көмегіне ризашылығын жеткізді. Ардагер жастардың белсенділігіне оң бағасын беріп, елдің ертеңі білімді, отансүйгіш әрі жауапты жастардың қолында екенін атап өтті.

Айта кетейік, «Ардагерлерді ардақтайық» акциясы аға буын өкілдеріне қолдау көрсетуге, олардың тұрмыс-тіршілігіне назар аударуға және жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған.