Аичи-Нагоядағы (Жапония) жазғы Азия ойындарының ашылу салтанатына дейін аз уақыт қалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Olympic.kz ұлттық құрама сапында басты құрлықтық додада өнер көрсететін спортшылар туралы материалдар топтамасын жалғастырады. «Қазақстан құрамасының беткеұстары» айдарының бұл жолғы шығарылымы бокстан Қазақстан ерлер құрамасына арналады.
Махмұд Сабырхан
Тәжірибелі қазақстандық боксшы биыл Азия ойындарында 55 келіге дейінгі салмақта сынға түседі. Айта кетерлігі, бұл оның мансабындағы екінші Азиадасы болмақ.

Бұған дейін былғары қолғап шебері Ханчжоу-2022 Азия ойындарында ел намысын қорғаған болатын. Сол ойындарда Махмұд 57 келіге дейінгі салмақтың 1/8 финалына дейін жетті. Нәтижесінде О Тае Бомға (Солтүстік Корея) жол берді.

Ал 2024 жылы отандасымыз Париждегі Олимпиада ойындарында сынға түсті. Алайда, жүлдеге қол жеткізе алмады. Махмұд 1/8 финалда испаниялық Хосе Кильеске есе жіберді.

Былтыр World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен Ливерпульде өткен 2025 жылғы әлем чемпионатында алтыннан алқа таққан еді. Сабырхан 55 келіге дейінгі салмақта ақтық сынға дейін жетіп, испаниялық Рафаэль Лосаноны тізе бүктірді.
Биыл Махмұд Сабырхан Испанияда өткен халықаралық турнирде топ жарды. Сондай-ақ Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болды.
Оразбек Асылқұлов

Отандық боксшы алғаш рет Азия ойындарында ел намысын қорғайды. Ол Жапониядағы дүбірлі додада 60 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасады.

Оразбек Асылқұлов осы жылдың көктемінде Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатында топ жарды. Ол 60 келіге дейінгі салмақтың финалына дейін жетіп, үндістандық Сачиннен басым түскен еді.
Одан бөлек, Асылқұловтың еншісінде 2024 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдесі бар.
Төрехан Сабырхан

Жас болса да халықаралық аренада көзге түсіп жүрген қазақстандық боксшы биыл Азия ойындарында алғаш рет жұдырықтасады.

Жерлесіміз былтыр мансабында алғаш рет ересектер арасында әлем чемпионатына қатысты. Төрехан 70 келіге дейінгі салмақта үздік атанған еді. Ол финалда жапониялық Сэвон Окадзаваны жеңді.

Биыл Төрехан Сабырхан Таиландта өткен халықаралық турнирде 70 келіде чемпион атанды. Сонымен қатар ересектер арасында өткен Азия чемпионатында финалға дейін жетіп, иорданиялық Зейяд Ишаишқа жол берген болатын. Осылайша күміс медаль иеленген еді.
Жапонияда Төрехан Сабырхан тағы да 70 келіде сынға түседі.
Сабыржан Аққалықов

Отандық былғары қолғап шебері 2026 жылы Азия ойындарына алғаш рет қатыспақ. Ол Жапонияда 80 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғайды.

Осы жылы Аққалықов Азия чемпионатына қатысқан болатын. Ол 75 келіге дейінгі салмақта ақтық сынға дейін сәтті өтіп, өзбекстандық Жавохир Абдурахимовты тізе бүктірді.
Оған қоса оның еншісінде 2025 жылғы Әлем кубогының алтын медалі бар.
Нұрбек Оралбай

Париж-2024 Олимпиадасының күміс жүлдегері биыл Азия ойындарына екінші рет қатысқалы отыр.
Қазақстандық боксшы бұған дейін Ханчжоу-2022 ойындарында 80 келіге дейінгі салмақта шаршы алаңға шыққан. Алайда 1/8 финалда Қытай өкілі Тохтарбек Танатханға жол беріп, жарысты ерте аяқтаған еді.

Ал бір жылдан кейін отандасымыз Қазақстанға Олимпиада медалін сыйлады. Нұрбек Оралбай Париж-2024 ойындарында 80 келі салмақта ақтық сынға дейін жетті. Финалда қазақстандық боксшы Украина өкілі Александр Хижнякпен қолғап түйістіріп, қарсыласына жол берді. Осылайша Нұрбек Олимпиада ойындарын күміс медальмен аяқтады.

2025 жылы Ливерпульде өткен әлем чемпионатында Оралбай жарысты ширек финалда аяқтады.
Ал биыл Нұрбек Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тақты. Жерлесіміз 85 келі салмақтың ақтық жекпе-жегінде өзбекстандық Жасурбек Юлдошевтан басым түсті.

Сондай-ақ Испанияда өткен халықаралық турнирде ұлттық құрама қоржынына алтын медаль салды.
Осылайша, Нұрбек 2026 жылғы Азия ойындарына Олимпиада жүлдегері ретінде барады. Нұрбек үшін Жапониядағы дода алғашқы Азиада медалін жеңіп алу үшін жақсы мүмкіндік болмақ.
Айбек Оралбай

Париж-2024 Олимпиадасының қатысушысы әрі ерлер құрамасының капитаны. Биыл ол Азия ойындарында дебют жасайды.

Айбек Париж-2024 Олимпиадасында 92 келіге дейінгі салмақтың ширек финалына дейін жетті. Сол кезеңде отандасымыз Лорен Альфонсо Домингеске (Әзірбайжан) жол берді.

Ал 2025 жылы World Boxing ұйымдастырған әлем чемпионатында мансабында алғаш рет алтын медальға қол жеткізді. 90 келіден жоғары салмақтың финалында Айбек өзбекстандық Жахонгир Закировтан басым түсті.
Биыл ол Ұлан-Батырда өткен құрлықтық додада 90 келіден жоғары салмақта үздік атанды. Финалда ол қытайлық Байикевузи Данабикені жеңді.

Сондай-ақ Айбектің еншісінде Әлем кубогы кезеңдерінің екі алтын медалі бар.
Айта кетейік, 2026 жылғы Азия ойындарының ашылу салтанаты 19 қыркүйекте өтеді. Ал бокс бәсекелері 21 қыркүйекте басталады.
