NATO мен еуропалық одақтастарына қатысты АҚШ президентінің ұстанымы кәрі құрлықтағы қақтығыс қаупін арттыра ма? Financial Times сараптамасында Еуропадағы америкалық әскерилердің санын қысқарту Мәскеуге еркін қимылдауға сигнал береді деген ой айтылады. Бұған кім сенеді?
Financial Times: Трамптың саясаты Еуропа қауіпсіздігіне қатер төндіреді
Трамптың саясаты – Мәскеуге қысымды азайтып, ЕуроОдақтың қорғаныс шығындарын өсіру. Фото cfr.org сайтынан алынды. Авторлығы: AFP / Jim Watson
145
оқылды

Financial Times талдауына сүйенген Aikyn.kz АҚШ-тың Еуропадағы қауіпсіздік саясаты қалай өзгеріп жатқанын және оның NATO үшін ықтимал салдарын түсіндіреді.

Алдымен бұл мәселеге қатысты балама көзқарасты келтірейік. АҚШ пен Еуропаның қауіпсіздігі арасындағы тікелей байланысты қаншалықты күшейтіп көрсеткен қисынды? Еуропа саясаткерлері Ресейді неліктен экзистенциялық қауіп дейді? Біздің ойымызша, болашақта Ресей үшін жаңа соғыстан гөрі экономикалық және технологиялық қауіпсіздігін нығайту, көршілерімен және әлемнің басқа елдерімен бейбіт өмір сүру маңыздырақ болмақшы. Осы тұрғыдан алғанда, қауіп-қатерді шамадан тыс көрсетуді Еуропадағы қауіпсіздік ахуалын бағалауда ескерген жөн.

Ал Financial Times материалында автор басқа уәж айтады. Трамптың одақтастарға қысым жасап, АҚШ-тың оларды қорғаудан бас тартуы Ресейді күштеп тежеуді әлсіретіп, соғыс қаупін күшейтеді. Мәскеу NATO-ның бірлігіне күмәнданса, бұл әскери немесе басқа да арандатушы әрекеттердің тәуекелін өсіріп жібереді деген пікір айтады автор.

25 тамызда Орталық барлау басқармасының директоры Джон Рэтклифф Мәскеуге күтпеген сапар жасады. Оның мақсаты туралы бірнеше болжам бар. Бір нұсқа бойынша, ол Ресей басшылығына NATO аумағына шабуыл жасамау жөнінде ескерту жеткізген. Екінші болжамда Вашингтон Мәскеуді Украинадағы соғысты тоқтататын келісімге көндіргісі келгені айтылады. Үшінші нұсқа Ресейдің Иранды қолдауын тоқтатуға көндірумен байланысты.

Мақала авторының пікірінше, Трамптың жалпы саясаты Мәскеуге қысымды күшейтуден гөрі NATO-ның қорғаныс қабілетіне күмән туғызады. Президент бұған дейін АҚШ-тың одақтастарды қорғауын Еуроодақтың қорғаныс шығындарын өсірумен байланыстырған. Трамп міндеттемелерін орындамаған елдерге қатысты Ресей «қалағанын істей алатынын» айтып, қорқытқан.

Трамптың NATO шартының 5-бабына көзқарасы да сынға алынды. Бұл бап бір одақтасқа жасалған шабуылды барлық мүшеге жасалған шабуыл ретінде қарастыру қағидатын бекітеді. Трамп бұған дейін «5-баптың көптеген түсіндірмесі бар» деген еді.

Financial Times тағы бір мәселеге назар аударады. АҚШ-тың Еуропаны қорғауға деген саяси ниетімен қатар, әскери мүмкіндігіне қатысты да сұрақ көбейді. Иранмен қақтығыс кезінде заманауи оқ-дәрілер мен зымыранға қарсы қорғаныс құралдары жұмсалып жатыр. Сарапшылардың бағалауынша, бұндай қорлардың азаюы Украинаға ғана емес, NATO-ның жалпы қорғаныс қабілетіне де әсер етеді.

АҚШ қорғаныс министрінің орынбасары Элбридж Колби Вашингтонның қорғаныс басымдықтары Еуропа емес, Батыс жартышары мен Азияға көбірек бағытталғанын мәлімдеген. Бұл АҚШ-тың болашақта Еуропадағы әскери рөлін қысқартады деген алаңдаушылықты күшейтті.Жапондық басылым (Financial Times) Ресеймен байланысты деп айтылып жүрген «гибридті шабуылдардың» да жиілегенін алға тартады. Соңғы айларда Лейпциг әуежайы мен Болгарияда жарылғыш заттары бар дрондар табылғаны, Эстония, Италия, Словакия және Нидерландтағы маңызды нысандарда жарылыстар болғанын айтады.

Бұндай әрекеттердің Ресеймен байланысы туралы нақты дәлелдер болмағанымен, Financial Times өз сараптамасында осыны меңзейді.

Бұндай пікірталастың өзегінде екі түрлі қауіпсіздік туралы мағына тұр. Бір жағынан, Ресей тарапынан төнетін қатер жағдайында АҚШ-тың NATO алдындағы міндеттемелерінің әлсіреуі соғыс қаупін ұлғайтады деген көзқарас. Екінші жағынан, Ресей Еуропаға экзистенциялық қауіп төндіреді деп көрсету ақылға қонбайды. Бұндай риторика Еуроодақ басшыларының Украинаға бөлген миллиардтаған қаржысының еш нәтиже бермегенін жасыру әрекетінен және Ресейді соғыс алаңында тізе бүктіреміз деген бос қиялынан туындап отыр. 

Бұл соғыста жеңілген, қайғы жұтқан украин халқы ғана. Қарапайым халықтың мүддесін қорғау украиналық билікке де, батыстық саясаткерлерге де керек болмай тұр.