20 қыркүйекте әлем халқы Дүниежүзілік тазалық күнін атап өтеді. 2023 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл күнді World Cleanup Day деп жариялап, тиісті қарар қабылдады. Жер шарының тұмса табиғатын сақтау мақсатындағы бұл қарар әлем халқының қолдауымен бүгінгі күні дүниежүзілік дәстүрлі шараға айналып үлгерді.
Табиғатты аялау – ортақ міндет
122
оқылды

Қазақстанда кейінгі жылдары «Таза Қазақстан»  республикалық экологиялық ак­циясы аясында табиғатқа жа­на­шыр­лық­пен қарау, қоршаған ортаның таза­лы­ғын сақтау және елді мекендерді абат­­­тандыру бағытында ауқымды ша­ра­лар атқарылуда. Мемлекет басшысының бас­та­масымен жүзеге асырылып жатқан бұл республикалық акция аясында эко­ло­гиялық мәдениет пен туған табиғатты қор­ғау түсінігін қалыптастыру шаралары жә­не қалаларды абаттандыру мен кө­гал­дандыру, аймақтар мен алыс елді­ме­кен­дерді, өзен аңғарлары мен орман-тоғай­лар­ды қоқыстан тазарту жұмыстары қол­ға алынған.

Биыл еліміздің барлық өңірінде Дү­ниежүзілік тазалық күніне орай эко­ло­гиялық іс-шаралар ұйымдастырылды. Рес­ми ақпаратқа сәйкес, республиканың түк­пір-түкпірінен аталған шараға 513 мың­нан астам адам қатысты. Акция ба­ры­сында саябақтар мен қоғамдық орын­дар, орман алқаптары, өзен жағалаулары мен су қоймалары, қалалар мен ауылдар­дың шеткі аумақтары тазартылды. 

Ақтөбе облысының тұрғындары да рес­публикалық экологиялық шараға бел­сене қатысып, өңір табиғатының та­за­лығын сақтау жұмыстарына «бір кі­сі­дей» жұмылды. Ақтөбе өңірін көгал­дан­дыру және қоршаған ортаны қоқыс­тар­дан тазарту, ағаш отырғызу секілді эко­ло­гиялық шаралар Ақтөбе қаласында жә­не облыстың барлық ауданында ұйым­дастырылды. Мемлекеттік қыз­мет­шілер мен еңбек ұжымдарынан бөлек, жас­тар, еріктілер, белсенділер, өнер адам­дары және қарапайым тұрғындар ортақ іске атсалысты.

Қазақ – «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Бір тал кессең, он тал ек» деп өсиет еткен халық. Бұл тұрғыдан алғанда «Таза Қазақстан» – тазалықтан басталып, ортақ  мәдениетке айналатын үлкен іс. Об­лыс әкімі Асхат Шахаров тұрғын­дар­мен бірге «Қоныс» спорт сарайының жа­­­­нындағы жаңа саябақ аумағында ағаш отырғызды. Сондай-ақ облыс әкімі сен­білікке қатысқан барлық тұрғындарға алғыс білдіріп, дүниежүзілік тазалық кү­нінің маңызына тоқталды. 

– Біз сүйікті қаламызды абаттан­ды­ру­ға өз үлесімізді қосу үшін жиналдық. Сен­­білікке белсенділер, еріктілер, өнер са­­ласының өкілдері және облыс тұр­ғын­дары – жалпы 12 мыңға жуық адам шық­ты.

Бұл шара Президент Қасым-Жомарт Ке­мелұлының тапсырмасы аясында жү­зеге асырылып жатқан республикалық «Та­за Қазақстан» жалпыұлттық эколо­гия­лық бағдарламасы аясында ұйым­дас­тырылуда. Бағдарламаның мәні тек кө­ше­лерді тазалаумен шектелмейді, бұл – адамның қоршаған ортаға деген көз­қа­расын өзгерту, экологиялық мәдениетті қ­алыптастыру және әрбір азаматтың өз қа­ласына, ауылына, көшесіне деген жауап­кершілігін арттыру, – деді Асхат Шахаров.

Облыс бойынша Дүниежүзілік та­за­лық күні аясында 7 200 түп ағаш отыр­ғы­­зылды. Оның ішінде мойыл, шетен, ша­ған, қарағай, сирень, тал, үйеңкі, шиыр­шықты тал, жеміс ағаштары, татар үйең­кісі және басқа да өсімдік түрлері бар. Мамандардың пікірінше, жабық та­мыр жүйесі бар ағаштардың биіктігі ша­мамен екі-төрт метр аралығында, яғ­ни агротехникалық талаптар сақталған жә­не қазіргі ауа райына сай, бұл ағаш­тардың жерсіну мүмкіндігін арттырады. Об­лыстық Табиғи ресурстар және та­би­ғат пайдалануды реттеу басқармасының бас­шысы Исатай Еспағанбетовтің ай­туын­ша, күзгі алғашқы ағаш егу жұмысы басталды.

– Қазіргі уақытта ағаштарды жабық та­мыр жүйесімен егіп жатырмыз. Ашық та­мырлы көшеттерді қыркүйектің аяғы мен қазан айының басында егу жос­пар­ла­нып отыр. Осындай көгалдандыру жұ­мыстары аудан орталықтары мен ауыл­дық округтерде де жалғасады. Осы сая­бақта қарағай, ирек тал және мойыл се­кілді 150-ден астам көшет егіледі, – де­ді ол.

Жалпы, кейінгі жылдары Ақтөбе өңі­рін жасыл желекпен көмкеру бойын­ша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жы­лы Ақтөбе қаласы мен аудан орта­лық­тарында 135 гектар аумақта жасыл бел­деулер құру жоспарланды. Қазіргі уа­қытта 46 гектар алқапқа 154 мыңға жуық түп ағаш отырғызылды. Жұмыс­тар­ды биылғы жылдың қараша айына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Со­нымен қатар облыста 12 қыркүйек пен 14 қараша аралығында екі айлық сенбілік өтіп жатыр. Оның аясында ау­мақтарды санитарлық тазарту, абат­тан­дыру және көгалдандыру бойынша жұ­мыстар жүргізілуде.

– Бүгін сенбілікке шығып, туған қа­ламыздың тазалығы мен абаттан­дыры­луы­на үлес қосып жатқан Ақтөбе тұр­ғын­­дарына алғысымды білдіремін. Бұл – біздің ортақ сүйікті қаламыз. Сондықтан оны таза әрі жайлы ету үшін бәріміз бірге атсалысуымыз қажет.

Егер біз тазалықты тек сенбілік ке­зін­­де ғана емес, күнделікті сақтайтын бол­­сақ, қаламыз тұрғындар үшін де, ту­­­ристер үшін де тартымды бола түседі. Сон­да әрқайсымыз Ақтөбемізбен мақ­та­на аламыз, – деді облыс әкімі.

Республика бойынша ауқымды ша­раға айналған «Таза Қазақстан» акциясы өңір тұрғындарын ортақ іске жұмыл­ды­рып, елді мекендерді көгалдандыруға, абат­тандыруға және қоршаған ортаға ұқып­ты қарау мәдениетін қалыптас­тыру­ға бағытталған. Шара аясында елді ме­кендерді одан әрі көгалдандыру, қала жә­не ауыл тұрғындары үшін қолайлы ор­та қалыптастыру, сондай-ақ қоршаған ор­таға ұқыпты қарау мәдениетін қалып­тас­тыру  жұмыстары жалғасады. Со­ны­мен қатар Дүниежүзілік World Cleanup day акциясына қатысуымыз елімізді әлемдік экологиялық акцияға қатысушы ретінде «Жасыл экономика» қағидатын және 2030 тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді іске асыратын ел ретінде та­нытуға мүмкіндік береді десек болады.

Арай АСПАН