2019 жылдың алғашқы үш айында осы көрсеткіш 715,5 мың теңге болса, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 1 млн 661,6 мың теңгеге жетті. Яғни 2,3 есе өсті. Халықаралық валютамен есептесек, 2 005,1 доллардан 3 338,3 долларға бір-ақ секіріп, шамамен 1,7 есе шарықтады. Бұл – өз-өзінен орнай салған өзгеріс емес, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған жүйелі реформалардың жемісі.
Дағдарыстан – дамуға
Мойындау керек, 2019-2026 жылдар аралығы Қазақстан экономикасы үшін оңай соқпады. Пандемия қыспаққа алды, геосаяси ахуал ушығып, жаһандық тасымал тізбегі бұзылды, мұнай құны мың құбылды. Соған қарамастан, даму қарқыны бәсеңдеген жоқ.
2020 жылы коронавирус кезінде Президент пәрменімен дағдарысқа қарсы ауқымды пакет іске қосылды. Төтенше жағдай режимінде табысынан айырылған 4,6 млн азаматқа 42 500 теңгеден ай сайынғы төлемдер аударылды. Шағын және орта бизнеске 6-8%-бен жеңілдетілген несиелер қарастырылды. 700 мыңнан астам кәсіпкер үш жылға табыс салығынан босатылды. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында инфрақұрылымдық, әлеуметтік жобалар қаржыландырылып, жүздеген мың жұмыс орны құрылды.
2022 жылы басталған геосаяси текетірес жағдайында Үкімет сыртқы сауданы қайта бағыттаудың жедел шараларын қабылдады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей нарығынан кеткен халықаралық компанияларды Қазақстанға тартып, оларды отандық өндіріс тізбектеріне кіріктіру мәселесін шешті.
2022-2024 жылдары әлемдік инфляция кесірінен азық-түлік қымбаттап, тұтыну тауарларының бағасы аспанға ұшқанда мемлекет қолда бар тетіктердің бәрін қолданды. Негізгі тамақ өнімдеріне шекті баға белгілеп, жергілікті шаруаларға жанар-жағармайды арзандатып, субсидиялар бөліп, экспорттық квоталар енгізіп, тапшылыққа тосқауыл қойды.
Өңдеу өнеркәсібіндегі өрлеу
Ең бастысы, экономиканың құрылымы өзгерді. Бұрын шикізат экспортына сүйенсек, бертінгі жылдары өңдеу өнеркәсібіне түбегейлі бет бұрдық. Президенттің индустрияландыру жөніндегі тапсырмаларынан кейін өңдеу саласының үлесі жалпы өндірісте 45%-дан асты. Қазір шикізаттық емес сектор ЖІӨ өсімінің қомақты бөлігін құрайды.
Осы мақсатта 2023-2028 жылдарға арналған өңдеу өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасы жарияланды. Үкімет «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы өңдеу жобаларын төмен пайыздық ставкамен несиелеуге кірісті. Отандық өндірушілерге 5 жылға дейін салық жеңілдіктері жасалды. Алюминий, мыс сияқты шикізатты ішкі өңдеушілерге арзандатып сату туралы міндетті келісімшарттар жүйесі бекітілді. Аталмыш қадамдардың арқасында өңдеу өнеркәсібі өсім қарқыны жағынан шикізат шығарудан озып кетті. Әсіресе машина жасау, автомобиль құрастыру, көлік өндірісін жерсіндіру нәтижесі біршама көңіл көншітеді.
Инвестиция тарту және бизнесті қолдау
Инвестиция тарту тәсілі де жаңарды. Президент Жарлығымен Премьер-министр басқаратын Инвестициялық штаб ашылып, бұл ұйымға бұрын-соңды болмаған өкілеттік берілді. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор штаб қабылдаған шешімдерді мүлтіксіз орындауға міндеттелді. Заңнамалық кепілдіктер күшейтілді. Инвесторларға бір терезе қағидатымен көмек көрсетіліп, дайын инфрақұрылымы бар Greenfield және Brownfield алаңдары ұсынылды. Сөйтіп, енді машина жасау, логистика, энергетика сынды салаларға көбірек қаржы құйыла бастады.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы монополиядан арылту жайлы бастамасы шағын және орта бизнестің тамырына қан жүгіртті. Мысалы, ШОБ-тың ЖІӨ-дегі үлесі биыл 38-40%-ға жуықтады. Кәсіпкерлер жөн-жосықсыз тексеруден құтылып, мемлекет «Таза парақтан реттеу» саясаты шеңберінде 10 мыңдай артық талаптан бас тартты.

Жалпы сомасы 1 трлн теңгеден аса қайтарылған заңсыз активтер мемлекеттік қорға жинақталып, маңызды нысандардың құрылысына бағытталды.
Бюджет пен Салық кодекстерін реформалау, мемлекеттік сатып алу саласын реттеу де қаржының тиімді жұмсалуына септігін тигізді.
Инфрақұрылым мен логистика
Тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салу, ірі логистикалық дәліздерді кеңейту жобалары құрылыс секторына жан бітірді. Ал IT-қызметтер экспорты, қаржылық онлайн-сервистердің даму қарқыны мақтаулы державалардың өзін шаң қаптырды.
ТХКБ, «Солтүстік – Оңтүстік» секілді транзит жолдары, жаңарған порт, жаңғырған теміржол магистральдары («Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз» бағыттары) экспортқа да, импортқа да игі әсер етті. Осылайша, геосаяси оқшаулану қаупі жойылды.
Инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. Жылыту жүйесінің тозуын тоқтату үшін «Тарифті инвестицияға алмастыру» бағдарламасы басталды. Инвесторлар ұзақмерзімді тарифтік кепілдіктерге ие болды.
Қарыз жүгі жеңілдеді
2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев фискалдық тәртіпті қатайтып, квазимемлекеттік сектордың борышын қатаң қадағалауды тапсырған. Содан бері Қазақстанның таза сыртқы қарызы 51 млрд доллардан 35,1 млрд долларға дейін 31%-ға қысқарды. Бұл – мемлекеттің қаржылық тәуелсіздігі нығайғанын дәлелдейтін көрсеткіш.
Бюджет кодексіне мемлекеттік қарыздың ЖІӨ-ге арақатынасын белгілейтін нормалар жазылып, шеттен бақылаусыз ақша алуға тыйым салынды. Квазимемлекеттік сектордың сыртқы қарызын шектеу Бюджет кодексінде шегеленді. Президенттің бұйрығымен «Самұрық-Қазына» қоры, «ҚазМұнайГаз», т.б. ірі субъектілер сыртқы облигациялар мен заемдарды мерзімінен бұрын қайтарып жатыр.
Жалпы, жеті жылда мемлекеттік басқару органдарының сыртқы қарызы ЖІӨ-нің 20%-ынан төмен, қауіпсіз дәрежеде сақталды. Жаңа сыртқы заемдар тек өзін-өзі өтейтін инфрақұрылымдық жобаларға ғана тартылды.
Қаржы саласында активтер сапасын бағалау, долларсыздану шаралары жүзеге асып, екінші деңгейлі банктер халықаралық ұйымдарға алақан жаюын азайтты.
Қор жиналып, алтын көбейді
Қазақстанның халықаралық резервтері жеті жылда 27 млрд доллардан 66,8 млрд долларға дейін, 2,5 еседей көбейді. Өз кезегінде монетарлық алтын құны 15 млрд доллардан 51,8 млрд долларға жетіп, 3,45 есе ұлғайды.
2019-2026 жылдардағы қаржылық саясаттың нәтижесін аңғартатын мұндай өсім макроэкономикалық қауіпсіздікті жаңа деңгейге көтерді.
Мұның өз себебі бар. Ұлттық банк «Бағалы металдар мен бағалы тастар туралы» заң бойынша «Тау-Кен Самұрық», «Казцинк», «Қазақмыс» тәрізді отандық аффинаж зауыттарынан саф алтынды кезексіз сатып алу құқығын иеленді. Бұл шешім өндірілген шикізатты сыртқа шығармай, ұлттық байлықты ел ішінде жинақтауға мүмкіндік туғызды.
Сондай-ақ кепілдендірілген трансферттерді шектеу саясаты Ұлттық қордың валюталық активтерін қорғауға септесті.
Халықаралық нарықта алтынның рекордтық қымбаттауы да монетарлық алтын құнының 51,8 млрд долларға дейін баруына қосымша көмектесті.

Алтын – шетелдік эмитенттердің міндеттемелеріне байланбаған және басқа мемлекеттер бұғаттай алмайтын бірден-бір актив. Сондықтан 51,8 млрд долларға парапар алтынның қордалануы Қазақстанды халықаралық қаржы жүйесінде мығым орнықтырып, сыртқы санкциялық, валюталық шоктардан қорғайды.
Қаржылық тұрақтылықты сақтауда Ұлттық банк пен Үкіметтің бірлескен саясаты шешуші рөл атқарды. Теңгенің еркін жүзу режимі сыртқы шоктарды жұмсартуға мүмкіндік берді. Халықтың теңгелей депозиттері көбейіп, сыртқы валюталық қарызға сұраныс төмендеді.
Осы жұмыстардың нәтижесінде S&P, Moody's, Fitch сияқты халықаралық агенттіктер Қазақстанның кредиттік рейтингін жоғары бағалап отыр.
Әл-ауқат және әлеуметтік саясат
Экономикалық дамудың дәмін тұрғындар сезінбесе, бәрі бекершілік. Президент реформаларының түпкі мақсаты да – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Осы орайда жеті жыл ішінде елдегі нақты жалақы инфляциядан озып, азаматтардың сатып алу қабілеті сақталып қалды.
Бұған сандар дәлел: 2019 жылы ең төменгі зейнетақы 36 108 теңге болса, 2026 жылы 69 049 теңгеге жетіп, шамамен 1,9 есе өсті.
Зейнетақы төлемінің артуы Қазақстанның жалпы дамуымен тікелей байланысты. Бюджет түсімінің көбеюі әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы әрі толық көлемде индекстеуге жәрдемдесті.
2023 жылы тұңғыш рет Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Онда азаматтарды туған кезінен бастап еңбек жолы мен зейнет жасына дейін қолдаудың соны стандарты сараланды. Президент шешімімен ең төменгі базалық зейнетақы төлемі күнкөріс деңгейінің 54%-нан 70%-ға дейін, ал ең жоғары шегі 120%-ға дейін кезең-кезеңмен ұлғайды. Бұл әсіресе еңбек өтілі аз немесе табысы төмен зейнеткерлерге үлкен демеу болды.
Тағы бір елеулі реформа – Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылы мақұлданған зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану құқығы. Айрықша мүмкіндікті 1 млн-нан астам азамат пайдаланып, БЖЗҚ-да жеткіліктілік шегінен асқан қаржысын баспана жағдайын жақсартуға немесе емделуге жұмсады.
Еңбекке қабілетті тұрғындардың да табысын өсіру бағытында нақты қадамдар жасалды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ең төменгі жалақы екі еседен астам көбейіп, 85 000 теңгеге жетті. Осының арқасында 1,8 млн-нан астам адамның табысы артты.
Бюджет саласы қызметкерлеріне қатысты «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, тапсырмаға сай мұғалімдердің жалақысы 4 жылда 2 есе өсті. Дәрігерлердің айлығына жылына 30%-дан қосылып, 2 еседен артық көтерілді. Орта медициналық персоналдың жалақысы жыл сайын 20%-ға өсіп отырды.
Атаулы әлеуметтік көмек төлеу тәртібі оңтайланды. Отбасының цифрлық картасы түзілді. Нәтижесінде, геосаяси дағдарыстар алқымнан алса да, кедейлік деңгейі 4,5-5% аралығындағы қауіпсіз шекте тұрақты сақталып тұр.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ
