Қарап отырмай, қағынып әлеуметтік желінің ішек-қарнын түгел ақтармасым бар ма? Ойбай, онда не жоқ дей­сіз? Жаныңа не керектің бәрі бар.
Қашып шықтым...
115
оқылды

Демаламын дей­сің бе, ем аламын дейсің бе, пажалыста. Сұлу құшамын дейсіз бе, шетелге ұшамын дейсіз бе, пажалыста. Бел қуатын арттыратын дәрі керек пе, танысатын жандар арасынан жасы керек пе, кәрі керек пе, пажалыста. Ал мына біреу бір топ «өлеңің» жариялапты. Оқып отырып құсқым келді. Ана біреу тамақ деп жын-жыбыр салыпты, тыш... келді. 

Ал енді мына жарнама жарып тұр. Салқын таудың баурайындағы санаторий екен. Төрт мезгіл тамақ береміз дейді. Құлқындары кеуіп бара жатқандарға аямай арақ береміз дейді. Қаншама жесеңіздер де бәріне жарап береміз дейді. Емнің елу түрі бар екен. Арқаңызды қасытасыз ба, қаныңызды тасытасыз ба, пажа­лыста. Аяғыңызды уқалатасыз ба, арқаңызға тас қалатасыз ба, пажалыста. Жан алдырасыз ба, жо-о-о-оқ, қан алдырасыз ба, тағы да пажалыста. Емдемейтін ауруы жоқ, беліңіз бе, құяңдағы желіңіз бе, бүйрегіңіз бе, арқа­ңыздағы түйнегіңіз бе, жүрегіңіз бе, бауырыңыз ба, шипасы дайын. Аттай шауып, құлындай құлпырып кетесіз.

Жатын бөлмелері қандай, шіркін! Люкс бөлме! Ваннасында ыстық суы да, суық суы да сал­дырап келіп тұр. Диваны сондай жұмсақ. Негізі, бұл санаторийге долы әйелдерінен қашқандар баруы керек тәрізді. Өйткені дивандары әйелдерден де жұмсақ. Отыра кетсеңіз былқ етеді. Тербеліп отыра бергіңіз келеді. Үйіңізде әйеліңіздің тізесінде не бөксесіңде теңселіп ұзақ отыра алмайсыз ғой. Ал мұнда түні бойы теңселсеңіз де еркіңіз. Ешкім қой демейді. Рахат па? Рахат!

Енді осындай сансыз рахат­тардан қашатын мені ақымақ кө­ріп отырсыз ба? Жоқ, ақымақ­тар ауылынан аулақпын. Осы күйіммен талай сұлудың жүрегін жаулаппын. Құс жастықтарға жантайып, жұмсақ төсектерге аунаппын. Сол жарқын күндер мен барқыт түндер есіме түсіп, санаторийге барып, шалқадан түсіп, аруларға арқаға массаж жасатып қайтқым келді. 

– Келіңіз! Бізді таңдағаныңыз қандай жақсы болған? Тұрған жеріңізден шыға беріңіз. Күтіп аламыз! – деді демалушыларды күтіп алып, орналастыруға жауап­ты маман.

Сонымен, арқаланып жолға шықтым. Таудың баурайында, сылдырап аққан бұлақтың басында демаламын деп ойлаған едім. Бірақ тау алыстан мұңартып қана көрініп тұрады екен. Осыған да қанағат дедім. Демей қайтейін, теңгемді алдын ала төлеп қойған едім.

Люкс деген бөлмесі сайтан­ның сабалағы түнеп кеткендей астан-кестең екен. Әйтеуір, еден жуушы апай үйтіп-бүйтіп тазалап, жаймаларды ауыстырып берген болды. Телевизорда тіл жоқ. Ваннада не жылы, не суық су жоқ. Айтысып жүріп, үні бар телевизор әкелдіріп қойғыздым. Сантех­никтер «қорықпаңыз, кешке дейін жылы су да, суық су да келіп қалар» деп жұбатты. 

«Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» демекші, жылы суға өкпелеп жүргенде тағы бір пәлесі алдымнан шықты. Бөлме­дегі былықтарға ренжіп отырған­да, ем алудың аспандап кеткені айқаптағы жынымды қоздырды. Әуелі барлық анализімді сығып алды. Оның қорытындысы шық­қан соң ем-домын бастайды екен. Жан-жағыма қарасам, анаған да бір система, мынаған да бір сис­тема салып жатыр. Мені де тәулік бойы жатқызып қойып, күре тамырымнан бір суларды айдады.

– Мына дәріңіз қандай ауруыма шипа? – деп сұраймын білегіме ине шаншып кеткен мейірбикеден.

– Тыныш жатыңыз. Дәрігер белгілеген дәрі ғой.

– Ойбай-ау! Менің анализ­дерім әлі шыққан да жоқ қой.

– Шықпаса, «құлағымда шу, өкпемде су, асқазанымда әрі-бері ұйытқып жүрген жел, қуығымда көл, өтімде құм, миымда қаңғып келген бір жын бар, жүрегім әлдебір қорқыныштан дірілдейді, көзім былшықтанып іріңдейді, түні бойы кірпігіме тіреу қойған­дай көзім ілінбейді, түсіме бір сұлу кіріп, маған қарап күлім­дейді» депсіз ғой. Соған қарап, ем қолданып жаты­рмыз да, – деді мейірбике.

Менің мынадай мыңдаған сырқатыма қатарымда жатқан­дар­ға салып жатқан қоспа ем бол­маса керек-ті. Сонда мына қан тамыр­ларыма сылдырап кетіп жатқан дәрі не болды екен?

– Бәрімізге осы бір сұйық­тықты саласыздар да жатасыздар. Не пайдасы барын білмедік. Бі­легім көгеріп кетті, – деп шет­керек жатқан кемпір ыңырсып тіл қатты.

Қызықтың көкесі әлі де алда екен. Анализ шыққан күннен бастап ақылы ем түрі көбейді. «Ана жеріңіз сырқырайды екен, мұрныңыз бұрқырайды екен, асқазаныңыз түйнейді екен» деген сияқты түсімізге де кірмеген ауруларымыз қаптап шыға келді. Дәрігер айтқан соң амал жоқ, санаторий дәріханасынан қап-қап дәрі сатып алдық. Айтпақшы, жарнамада барлық ем түрі тегін деген еді-ау. 

Бұл, бұл ма, емдік шаралардың көптеген түрі ақылы болып шықты. Жеңіл-желпі ем түрлері болмаса, қалғанының барлығы ақылы. Ақылы болғанда да удай.

Қалтам қағылды. Байқаймын, санаторийдегілердің барлығының жағдайлары мәз емес. Балалары­нан теңге сұратқан қариялар тіп­тен көп. Біреулері «мұндай сана­торийі бар болсын!» деп че­­мо­­дандарын жинап қайтып жа­тыр. Олардың қарасы да қалың.

Мен де бөстегімді жинадым. Түкке де пайдасы тимей, босқа кеткен теңгелерімді қимадым. Санаторийден қашып шықтым. «Бұлардың күтіп аламыз дегені – қолымызға бір түссең түтіп аламыз дегендері екен ғой» деп қоямын.

Қашып келемін. Дәрігерлер жаяу жүрген пайдалы дейді ғой. Санаторийдің болымсыз ақылы емінен гөрі жаяу жүргенім артық-ау. Әлден соң байқадым, кәдім­гідей ширап қалыппын.

С.ОЛЖАБАЙ